21 Мамыр, 2010

КЕЛІСІМ КЕЛІССӨЗДЕРДЕН БАСТАЛАДЫ

415 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Таяуда  “KAZNEX ІNVEST” экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттік” АҚ басшылығы Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Австрия мәшине жасаушылар одағы делегациясымен кездесті. Кездесу барысында тараптар үдемелі индус­триялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қызметтестікті өрбітуге деген өз мүдделіліктерін білдірді. “KAZNEX ІNVEST” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мейіржан Майкенов австриялық делегацияға мемлекеттің отандық экспорттаушыларға көрсетіп жатқан қолдау шаралары туралы баяндады. Ол қазіргі уақытта экспорттағы шикізат үлесінің  28-30 пайызды құрайтынын,  дегенмен Үкіметтің бұл көрсет-кішті таяудағы бірнеше жыл ішінде 40 пайызға дейін жеткізуді көздеп отырғанын атап көрсетті. Экспорттаушыларға сервистік қолдау көрсете отырып “KAZNEX ІNVEST” АҚ қазақ­стандық мамандардың шетелдерде тәжірибеден өтуін ұйымдастырады, әріптес елдерде сауда миссияларын өткізеді, әлемдік рыноктардан отандық тауар өндірушілер үшін бос орындар табу үшін маркетингтік және сараптамалық жұмыстар жүргізеді. Оның сыртында биылдан бастап қазақстандық өнім өндірушілер сыртқы рыноктарға шыққан кезде шегетін шығындардың орнын толтыру тетігі де іске қосылатын болады. “KAZNEX ІNVEST”  АҚ  басқарма  төрағасының  орынбасары Тимур Нұрашев австриялық бизнесмендерге үдемелі индус­триялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде шетелдік инвесторларға түрлі преференциялар мен жеңілдіктердің берілетіні туралы да хабарлады.  Мәселен, зауыт салу үшін қажетті жабдықтар әкелген кезде кедендік баж салығының нөлдік ставкасы қолданы­латын болады. Өз кезегінде австриялық бизнес өкілдері осындау танысу сапары барысында өздерінің түрлі бағыттардағы қызметтестік жөнінде жемісті келссөздер жүргізгендіктерін, белгілі бір салалар бойынша өздерінің қызметтестікке әзір екендіктерін атап өтті. Сөз орайында Австрия мәшине жасаушы-лар одағының  өз еліндегі 1600-ден астам компаниялардың мүдделерін білдіретінін де айта кету қажет. С.АЛМАСОВ.