30 Сәуір, 2014

Тұлға

344 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Мами2000 жылдың тамыз айында елді елеңдеткен елеулі оқиға болды. Осы кезге дейін республикамыздың Жоғарғы Сотының тізгінін ұстап келген Мақсұт Нәрікбаев отставкаға кетті. Бұл оқиға әртүрлі алып­­­қашты әңгіменің өзегіне айналды. Сол әңгімелердің негізі Нәрікбаевтің қызметімен қоштасуы ғана емес, одан қалған орынтақтың кімге бұйыратыны туралы болжамдар төңірегінде өрбіді. Дегенмен, ел арасындағы топшылаулар мен жорамалдар көбейген сайын, сол орынтақтың иесін анықтайтын сәт те кешіге берді. Сол кезде жұрт аузындағы болжамдарды екшей отырып, осы жолдардың авторы өзінің журналистік топшылауын жазған болатын. Сол жылдың тамыз айының аяғы сот саласы үшін қарбаласқа толы болды. Жоғары Сот кеңесі өтіп, оған Елбасының өзі төрағалық етті. Осы кеңесте Жоғарғы Сот тізгінін ұстайтын тұлғаның есімі белгілі болмақ. Көп ұзамай көптің көңілін күпті еткен сұрақтың жауа­бы анықталды. Президент Н.Назарбаевтың таңдауы Қайрат Мәмиге түсті. Сонымен, 2000 жылдың 1 қыр­­­күйегі күні Қайрат Әбдіразақұлы Жоғарғы Соттың тізгінін өз қолына алды. Қашанда көрегендік танытып отыратын Елбасы еліміз тәуелсіздігіне тоғыз жылға шамалас уақыт болғанына қарамастан, сот жүйесінде ешқандай ілгерілеушіліктің болмағанын, реформаның ақсап жатқанын біліп, оның басшысын ауыстырды. Жаңа төрағаға сенім артты, үміт етті. Қашанда өзі қадағалап отыратын сот саласына жаңа ой, жаңа леп қажет екенін сезді. Себебі, елімізде жаңа сот жүйесін жасақтау уақыт талабы еді. Осы кезге дейін сот саласы атқарушы билікке тәуелді болып келді. Материалдық-техникалық базасы нашар, ғимараттардың басым бөлігі тозған күйінде еді. Соттардың жалақысы да мардымсыз-ды. Сол кезеңде «Егемен Қазақстанда» Алматы облыстық сотының төрағасы Марат Нұрбековпен сұхбатымыз жарияланды. Білікті заңгер, принципшіл азамат Марат Нұрбекұлы «Бұл жағдайды бүгін мен айтпағанмен, ертең бәрібір басқа біреу айтар еді» деп сот саласының сол кездегі жағдайын өткір сын тезіне алды. Соттың материалдық-техникалық базасының адам аярлықтай жағдайда екенін, ғимараттардың көптен жөндеу көрмей тозып кеткенін, тіпті түкке тұрғысыз майда-шүйде деп аталатын қаламсап пен қағазға жарымай отырғанын ашып айтқан, ашына айтқан Марат Нұрбекұлының осы сұхбаты қоғамның қотыр жарасының аузын тырнап жібергендей болды. Осындай ауыр жағдайдағы, әл-дәрмені жоқ ауру адамға мегзес халдегі жүйенің тізгінін Қайрат Мәми өз қолына алды. Енді қалай болады? Ол не істей алады? Өзіне артылған сенімді ақтай ала ма? Осыларға ұқсас сан сұрақтар оның дұшпандары тұрмақ, дос­тарын да ойландырмай қоймады. «Біздің негізгі мақсатымыз, – деп еді кезекті бір баспасөз мәслихатында Қайрат Әбдіразақұлы, – сот жүйесін дербестендіру, атқарушы биліктің құзыретінен шығару. Біздің бұл ойымызды Елбасымыз қолдап отыр. Себебі, өркениетті деген елдердің бәрінде бірдей сот тәуелсіз һәм дербес». Қандай жаңалықтың болмасын іске асуы тез әрі жылдам бола қоймайтыны түсінікті. Түрлі талқылаулар, пікірлер алуандығы, дуалы ауыздардың дәлелді сөздері қажет. Ең бастысы, соларды ұйымдастыра білген ұтады. Мұндай жағдайда жаңалыққа қарсылардың да кездесетіні бар. Кедергі келтіруге тырысатындар да табылады. Бірақ ұтқыр ой, дәлелді пікір жеңбей қоймайды екен. Көп ұзамай сот жүйесіндегі ең үлкен жаңалық, алғашқы жетістік жүзеге асты – сот атқарушы билік құзыретінен босап, өз алдына дербес тәуелсіз сот атанды. Ең бастысы, әкімшілік, әміршілдік нұсқаулардан құтылды. Расында да, осы кезеңде орасан шаруа тындырылды. Судьяларды әзірлейтін Сот академиясы есігін ашты, Алқабилер институты құрылды, қамауға санкция беру прокуратурадан сотқа ауысты, артық сот инстанциялары қысқартылды, істерді бірінші инстанция ретінде қарау аудандық және оған теңестірілген соттардың айрықша құзыретіне жатқызылды, сот актілеріне шағымдану сатылары жөнге келтірілді. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, қадағалау инстанцияларының өкілеттілігі едәуір қысқартылды. Прокуратураның азаматтық процеске ықпалы шектелді. Қылмыстық және азаматтық істер бойынша толыққанды апелляцияны енгізу қоғам өміріндегі маңызды оқиғаға айналды. Апелляциялық инстан­циялар дәстүрлі тексерушілік өкілеттіктерден алас­татылды, аудандық соттардың жіберген қателіктері мен кемшіліктерін істі қайта қарауға жібермей-ақ белсенді түрде тікелей түзете бастады. Бұл іс қарау­­­дағы орынсыз созбалауға тосқауыл қойып, оны түбегейлі шешуді тездетті. Апелляциялық сот­қа аудандық соттың дәлелдемелерді зерделеу мен бағалау кезіндегі барлық өкілеттігін беруге, сот акті­сінің сапасын апелляция инстанцияларымен қам­тамасыз етуге жол ашты. Нәтижесінде, судьяларды конкурс арқылы ашық таңдау рәсімі енгізілді. Еліміз­де соттар азаматтардың құқықтары мен заңды мүд­­­делерін қорғаудың шынайы институтына айналды. Белгілі заңгер Сансызбек Райымбаев осы кезеңдерде сот жүйесінде атқарылған қомақты шаруалар туралы былай дейді: «2000 жылғы кадрлар саласындағы және басқа да бірқатар өкілеттіктерді Әділет министрлігінен Жоғарғы Сот пен жаңадан құрылған Соттарды ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету комитетіне беру арқылы сот билігін атқарушы биліктен бөлу жөніндегі шешім судьялардың тәуелсіздігін қорғау қажеттілігінен туындады. Осы амал арқылы кейбір шенділердің сот төрелігін жүргізу процесіне процессуалдық емес әсер етуге деген талпыныстарына тосқауыл қойылды. Бұл тұрғыдан алғанда Жоғарғы Сот пен оның төрағасы Қ.Мәмидің сот билігін нығайтуға қосқан үлесі елеулі болды». Қ.Мәмидің тағы бір мақсаты соттардың материалдық-техникалық базасын жақсарту еді. Себебі, сот әділдігін талап ету үшін ең алдымен олардың жұмыс істеуіне қолайлы мүмкіндіктің қажеттігін үнемі айтып отыратын. Сол айтқандарын орындауға бар күш-жігерін жұмсады. Облыстық, аудандық, қалалық соттар жайлы, жөндеуден өткен, жаңа заманға лайық ғимараттарға көшірілді немесе олар отырған ғимараттар жаңа заманға лайық жөндеуден өткізілді. Бұл айтуға оңай, ал шын мәнінде үлкен абырой, биік беделдің арқасында ғана жүзеге асатын шаруалар еді. Сондықтан бұл міндеттерді орындау үшін Қайрат Әбдіразақұлы абыройын да, беделін де салып кірісті. Қоғамның қай саласында болмасын сыбайлас жемқорлық сияқты жегі құрт кездеспей қоймайды. Мұндай дерттен сот жүйесі де ада емес еді. Бұл дертпен күресудің бір жолы – судьялардың сол кездегі мардымсыз жалақысын көбейтіп, жауапкершілігін арттыру деп түсінген төраға Елбасы қолдауымен бұл мәселені де шешті. Судьялардың жалақысы көтеріліп, көңілдері марқайып қалды. Қайрат Әбдіразақұлы соттардың тұрмыстық-шаруашылық жағдайына үнемі көңіл бөле отырып, өзінің негізгі жұмысын да шығармашылықпен атқара білді. Оның жетекшілігімен «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы, «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот кеңесі туралы», «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы», «Аралық соттар туралы», «Прокуратура туралы», «Құқық қорғау қызметі туралы» заңдары және соттардың құқық қолдану тәжірибесіндегі өзекті мәселелер жөніндегі Жоғарғы Соттың нормативтік қаулылары әзірленді. Сот санкциясы бойынша қамауға алу, сондай-ақ, арнаулы экономикалық және ювеналды соттар мен алқабилер сотын құруға байланысты заң актілерін әзірлеуге және тәжірибеге енгізуге тікелей қатысты. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспары, сотты қалыптастыру стратегиясы оның жетекшілігімен әзірленді. Қазақстан Республикасының Судьялар одағын құру туралы бастама көтеріп, оны халықаралық судьялар ассоциациясына мүше етуде Қайрат Әбдіразақұлының еңбегі зор. Сот саласындағы елеулі табыстар оның халықаралық дәрежедегі беделін арттыра түсті. 2003 жылдың күзінде Ресей астанасы Мәскеуде Ресей және Қазақстан судьяларының бірлескен конференциясы болды. Бұл сапар Мәмидің мәртебесін көтеріп, абыройын асқақтатып жіберді. Халықаралық конференцияның негізгі мақсаты – Қазақстан және Ресейдегі сот-құқықтық жүйесі дамуының жағдайы мен келешегін талқылау болатын. Басқосу Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты мен Әділет министрлігінің, Ресей Жоғарғы Соты, Жоғарғы төрелік соты, сондай-ақ, халықаралық заңгерлер одағының ұйымдастыруымен өтті. Бұл конференцияға журналист ретінде осы жолдардың авторы да қатысып, бірнеше мәртебелі мырзалардың ой-пікірлерін таспаға түсіріп алған болатынбыз. «Осы конференциядан түйгенім, – дейді Ресей Федерациясы Конституциялық сотының судьясы Борис Эбзеев, – екі елдегі әділет саласының проблемалары жалпы алғанда ұқсас. Меніңше, сот реформасына қатысты мәселелерде Ресей алдыңғы қатарда келе жатқан сияқты, бірақ сот-құқықтық позициясы тұрғысынан келгенде бірқатар мәселелер бойынша Қазақстан бізден көп ілгері тұр». Бұл пікірді еліміздегі Елбасының басшылығымен жүргізіліп жатқан сот-құқықтық реформаға берілген баға деп түсіндік. Осы конференцияға қатысқан сол кездегі Грузия Жоғарғы Сотының төрағасы Ладо Сантурия «Жүргізіліп жатқан сот-құқықтық реформа бойынша Қазақстан бүкіл ТМД елдерінің алдында тұр. Оған әлбетте, Президент Н.Назарбаевтың қамқорлығы септігін тигізіп отырғанынан хабарымыз бар. Сондай-ақ, Жоғарғы Соттың төрағасы, Халықаралық заңгерлер одағы төрағасының орынбасары Қайрат Мәмидің үлкен үлес қосып отырғанына сенімім мол» деген болатын. Қайрат Мәми кешегі «туғаны жоқ тура билердің» бүгінгі сарқыты іспеттес. Ол бүгінгі заманға лайық білім мен білік иесі бола тұра, «билік айту – оңай, біліп айту – қиын» деген принципті ұстанатын азамат. Осыдан біраз жыл бұрын қазақтың екі бірдей қабырғалы қаламгерлері айтысып қалып, олардың текетірестері Жоғарғы Сотқа келіп тірелген. Сонда Қайрекең өз төрелігін айтып, екеуін бір тоқтамға келтірген. Елбасы Мәмиге тағы да сенім білдірді. 2009 жылдың сәуір айында оны өзінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Бас прокуроры қызметіне тағайындады. Сот саласындағы тоғыз жылдық еңбек, сол тоғыз жылда атқарылған қыруар шаруа, үлкен жетістік Елбасының көңілінен шыққан болар, бәлкім. Прокуратураны да биік белестерге көтереді деген сенімі де болған шығар. Сол лауа­зымда 2 жыл 12 күн қызмет еткен Қайрат Мәми бұл жерде де өзінің іскерлік қасиетімен көріне білді. Құқық қорғау жүйесі қызметінің сапасын арттыруды, құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылын үйлестіруді жақсартуды қамтамасыз етті, тергеу құқығы арнайы прокурорларға қайтарылды. Қазақстан прокурорлары ассоциациясын құру туралы бастама көтерген де өзі еді. Бұл құрылым қазіргі кезде халықаралық прокурорлар ассоциациясының толық құқықты мүшесі болды. Прокуратура қызметкерлерінің жалақысын әскерилермен теңестіруге, сондай-ақ, зейнеткерлікке шыққан прокуратура қызметкерлерінің зейнетақысының көбеюіне ықпал жасады. Елбасы Қ.Мәмиге және сенім білдірді. Атына сын, затына мін түсірмей тоғыз жыл сот саласын басқарып, екі жыл Бас прокурор болған оны Президент Н.Назарбаев өз Жарлығымен 2011 жылы 15 сәуірде Сенатқа депутат қылып тағайындады да, сол күні Елбасының ұсынысымен Қайрат Әбдіразақұлы Қазақстан Республикасы Сенатының Төрағасы болып сайланды. Сенат депутаттары қабылдаған қаулыға сәйкес, Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясына делегация басшысы, ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық ассамблеясына кеңес мүшесі, делегация басшысы, Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың парламентаралық ассамблеясына бюро мүшесі, делегация басшысы, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының парламенттік ассамблеясына кеңес мүшесі, делегация басшысы, сондай-ақ, Түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясына кеңес мүшесі болып сайланды. Өзіне сеніп тапсырылған Сенат спикерлігін абыроймен, беделмен атқарды. 2013 жылдың 16 қазанында Қайрат Мәми Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының тізгінін қолына қайта алды. Осы салаға тікелей де, жанама да қатысы бар дейтін жұрт жаңа төрағаның кім болатыны жөнінде алыпқашты әңгіменің тиегін ағытты. Түрлі жорамалдардың арасында сол кездегі Сенат Төрағасы Қайрат Мәмидің аты жиірек аталатынын байқадық. «Себебі, – дейді осы пікірді қолдаушылар, – Мәми сот саласында өзін  мойындатқан тұлға». Осылай айтқан жұрттың сөзі расқа шықты. Елбасы Қайрат Әбдіразақұлына Жоғарғы Соттың тізгінін қайта табыстады. Бұл – Президенттің Қайрат Мәмиге деген кезекті сенімі еді. 2004 жылғы жазған мақаламызда «Елімізде, құдайға шүкір, оқымысты көп, бірақ оның бәрі бірдей зиялы емес. Тағы бір шүкіршілік – елімізде зиялылар да аз емес. Бірақ олардың бәрі бірдей тұлға емес. Тұлға санаулы-ақ. Сол санаулының бірі – Қайрат Мәми. Оның тұлғалылығы – оның заң ғылымдарының докторы болғандығында емес. Оның тұлғалылығы – Халықаралық заңгерлер одағы төрағасының орынбасары болғандығында емес. Тіпті, оның тұлғалылығы бүкіл шен-шекпен, атақ абыройында да емес. Оның тұлғалылығы – еліне сіңірген еңбегі, соған лайық халқының алдындағы қадір-қасиетінде, елінің өз азаматына деген құрметінде. Ақырын жүріп, анық басып келе жатқан Қайрат Әбдіразақұлы сол халқының, сол елінің алдында әлі де қызмет ете береді деп сенеміз» деп жазған екенбіз. Сол лебізімізді бүгін он жыл өткен соң тағы бір мәрте қайталағанымыздың әбестігі жоқ шығар... Шарафаддин ӘМІР, «Егемен Қазақстан».