Тарих • 17 Шілде, 2022

Атақты мерген Төлеуғали Әбдібеков хақында

491 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қазақ халқында «Ердің ерлігі – еліне мұра» деген даналық сөз бар. Ұлтының атын шығарған батырлардың ерлігі кейінгілерге өнеге, өскелең ұрпақтың отаншылдық рухын шыңдап, патриоттық мерейін асқақтату тұрғысынан да маңызды. Сондықтан да батыр бабаларымыздың ерлік қасиеттерін қастерлеп, олардың әрбір ісін ұмытпай ұлықтау баршаның парызы екені сөзсіз. Алайда тоталитарлық заманның қасаң саясатының салдарынан қазақтың небір марқасқа жампоздары мен батыр ұландарының қайталанбас ерен ерліктері еленбей қалғаны өкінішті болып отыр.

Атақты мерген Төлеуғали Әбдібеков хақында

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Құралайды көзге ататын қазақ мер­гендері ықылым заманнан белгілі. Екін­ші дүниежүзілік соғысының отты жылдарында жаудың көзін жойған мер­гендер жайлы небір аңыздар болған екен. Қазақтың қайсар ұл­дары мен қыздары Аманша Меңдіғалиев, Қасым Ахметов, Балтабек Жетпісбаев, Исатай Сүйеубаев, Әлия Молдағұлова, Ыбырайым Сүлейменов, Төлеуғали Әбді­беков және т.б. Олар жайлы бүгінгі ұрпақ көп жағдайға байланысты біле бермейді. Алайда сол өр мергендердің ішін­де қазіргі таңда ұмыт болған шығыс­қазақстандық Төлеуғали Әбдібеков те бар екенін біреу білер, біреу білмес. Аты аталған мергендердің ішіндегі соңғы екеуі қазақтың қос мергені – Төлеуғали Әбдібеков пен Ыбырайым Сүлейменов жақында 6 мамыр күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемел­­ұлы Тоқаевтың Жарлығымен «Ха­­лық қаһарманы» атағына ие болды. Ара­­ға 78 жыл салып әділдік орнап, қазақ батыр­­ларының қаһарман ерлігі лайықты баға­ланғаны тарихшы ретінде мені де ерек­ше толғантып отыр.

Бүкіл Калинин майданына аты мәш­һүр болған, немістердің өзі «қара өлім» деп атап кеткен қайсар ұлдардың бірегейі – Төлеуғали Әбдібеков. Ол 1916 жылы қазіргі Абай облысының, бұрынғы Семей облысы Жарма ауданында дүниеге келген. 1920-1930 жылдардағы азамат со­ғысының, Кеңес үкіметінің әкімшіл-әмір­шіл саясатының салдарынан қазақ даласын індет пен аштық шарпығаны мәлім. Осындай зардаптарға ұшыраған отбасын асырау мақсатында әкесі Насыр­хан Әбдібекұлы аңшылықпен айналысып, өз ұлы Төлеуғалиды да осы кәсіпке баулыған. Аз уақыт ішінде Төлеуғали да мерген атанып, отбасын ғана емес, бүкіл ауылдас­тарын да аштықтан құтқаруға қол­ұшын берген.

Туыстарының шақыруымен 1932 жылы әкесі Насырхан Оңтүстік Қазақ­станның Мақтарал өңіріне қоныс аударады. Онда да егіншілікпен айналысып, мақта өсіреді. Осы жерден ол әскер қатарына шақыры­лып, алыс­тағы Ресейдің Қиыр Шығысын­дағы Ха­баровск аймағына жіберіледі. Әскер қа­та­рында жүргенде ол нағыз мерген деп танылып, аймақтық сайыстарға қатысып, шеберлігін шыңдайды. Әскер қатарында отандық борышын атқарып елге оралғанда совхозда мақта өсіретін бригаданы басқарады. Әскер қатары­на шақырылып, 1942 жылы генерал-майор­ Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық ди­визияның құрамына қосылады. Ол кезде дивизия Калинин майданында қор­ға­ныс ұрыстарын жүргізіп жатқан. Төлеуғали­дің аңшы екенін білген 1077-ші полктың қол­басшылығы оны мергендер қатарына қосады. Төлеуғали алғашқы күндерден бастап ұрыстарға қатысып, мергендік өнері шыңдала тү­седі. Маңызды биіктік үшін бір аптадай ұрыс кезінде мерген жігіт жаудың 19 адамын жояды. Биіктікті біздің әскерлер басып алса да, бірақ жау шабуылға шығады. Төлеуғали жасырынған окопқа 25 неміс солдаты мен офицері шабуыл жасайды. Ұрыс нәтижесінде жаудың 23 адамы қаза болып, екеуі ғана қашып үлгереді. Төлеуғали жолдастарына кө­мек­ке келіп, тағы да 12 адамды мерт қы­лады. Батырдың бұл ерлігі туралы майдандық газетке мақала шығып, оның есімі бүкіл Калинин майданына жайылады.

Холм қаласы үшін болған шайқастың алғашқы күнінде Төлеуғали 17 жаудың көзін жояды. Ал екінші күні істен шыққан танкіге жасырынып, 58 жауды мерт қылады. Үшінші күні неміс әскерлері шабуылға шыққанда мергеннің есебіне тағы да қаза болған жаудың 29 солдаты қосылады. Осы оқиғаға байланысты 3-ші екпінді армияның Әскери кеңесі батырға құттықтау хатын жібереді. 1942 жылдың 18 қыркүйегінде шыққан 8-ші гвардиялық дивизиясының «За Родину» деп аталатын жауынгерлік газетінде батырдың ерлігі туралы жазылып, оның берген мынадай анты келтірілді: «Пока видят мои глаза и руки крепко держат винтовку, не будет житья фашистам» Төлеуғали Ленин, Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған.

Төлеуғали мерген 1942 жылдың 12 ма­мыры мен 1944 жылдың 22 ақпанының ара­лығында жаудың 395 солдаты мен офи­­­церінің және 20-дан астам мергенінің кө­зін жойды. Қарамағындағы ондаған мер­гендерді дайындап үлгереді. Көп ұза­май батыр Ресейдің Псков облысының Новосокольничев ауданының Насва стан­сасындағы ұрыста қаза тауып, осы маңда жерленеді. Кейін сол ауданның Монаково деревнясының қасындағы әскери бейіт­ке қайта жерленген. Батыр­ды жерлеу сәтінде оның 2916 нөмірлі мергендік винтовкасы өзі дайындаған мерген жерлесі гвардиялық қатардағы жауынгер Әшірәлі Османалиевке тапсырылады. Осы винтовкамен Әшірәлі жаудың 128 солдатының көзін жойған.

Әйтсе де, егемен ел ретінде кезін­дегі солақай саясат ұмыттырған батырлар есімін жаңғыртуға ең алдымен бүгінгі ұрпақ, өзіміз ұмтылуымыз керек! Міне, осындай өрелі мәселені көптен бері Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл көтеріп келді. «Жау оғынан ық­пай, қасқайып кеудесін тосқан батырлар­ды пір тұту, көтеру көнеден келе жатқан дала дәстүрі. Халқымыз өзінің ержүрек ұлдарын қайрат-рухымыздың қайнар көзі, ұлттық діліміздің діңгегі деп білген. Аты аңыз­ға айналған батырларымыз Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Рахымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов, Бақтыораз Бейсек­баев, Сағадат Нұрмағамбетов, Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаровтардың ерен ерліктері мен арман тілектері, елім деп соққан перзенттік жүректері осы күнге алып келді. Бүгінгі таңда, тәуелсіздікпен бірге батырлар даңқын асқақтатып, «Мәңгілік Ел» болу үшін, елдік пен ерлікті біріктіріп, өжет бабаларымыз бен әкелерімізді үлгі тұтар, тәуелсіз ұрпақ-батыр аталарын мақ­тан тұтып, еңсесін тік ұстап, көк туы­мызды төбеден төмен түсірмеуге тиіс. Рухани дүниеміз кедейленіп, рухымыз жала­ңаш­танып кетпес үшін, өз елімізде батыр тұлға­лардың тарихын түгендеп, тарихи әділдікті қалпына келтіруге алдымен өзіміз мүдделік танытқанымыз абзал», – дейді Бақытбек Смағұл.

Бұл ретте депутат Б.Смағұл Ұлы Отан соғысында елге танылған даңқты мер­ген Төлеуғали Әбдібековтің есімі бүгін­де елеусіз қалып бара жатқанына қын­жы­лыс білдіреді. Шындығында, бүгін­гі ұрпақ даңқты мергеннің есімін біле бер­мейді? Өйткені батыр бабамыздың соғыс жылдарындағы көзсіз мергенді­гі Кеңес Одағын былай қойғанда әлем­ді таңғалдырған. Бір ғана мысал келті­рейік, кеңінен дәріптеліп жүрген Кеңес Одағы­ның Батырлары, атақты мергендер Ф.Смолячков – 125, В.Зайцев – 255 жау­дың көзін жойған екен. Ал, даңқты мер­ген Төлеуғали Әбдібеков бір өзі – 395 жау­дың яғни бір батальонға жуық жау­дың көзін құртқан. Мақтап жүрген екі орыс­тың мергені бірігіп, Төлеуғалидың меже­сіне жете алмаған. Сондықтан бұл теңдессіз ерлік. Солай бола тұра Төлеуғали Әбдібеков Кеңес Одағының Батыры ата­ғын ала алмаған. Ал бабамыздың қайталан­­бас ерлігін, мұрағаттағы деректік құжаттар да толық­тай растайды. Енді мұрағат дерек­терін сөйлетіп көрейік:

«2007 жылы қазан айында Ресей Феде­рациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери мұрағатына сұрау салынып, 2008 жылдың 18 наурызында одан жауап келген. Соған сәйкес, Подольск әскери архивінде екі мұрағаттық анық­тама сақталыпты. Ол бойынша гвардия аға сержанты, мерген Т.Әбдібековтің соғыс деректерінде ерен ерліктері толық расталады», – дейді Бақытбек Смағұл.

Оның сөзіне қарағанда, хатта архив деректері қолмен көшіріліп, мара­паттардың қандай ерлігі үшін алғаны жөнінде тізімі берілген. Атап айтқанда, архивтік құжаттар негізінде Төлеуғали Әбдібековтің «даңқты әрі, теңдесі жоқ мерген екендігі және жаудың 395-нің көзін жойғандығы, сонымен қатар 32 мер­генді тәрбиелеп шы­ғарғандығы» тайға таңба басқандай анық жазылған. Ең бастысы құжаттардың бар­лығы заңды, оларға қол қойылып, мөр басылған, бәрі заңды түрде рәсімделген.

«Даңқты жерлесіміздің соғыстағы асқан ерлігін дәлелдейтін бұдан артық қан­дай құжат керек? Жауынгерлік ерлік­тері үшін ол Қызыл Жұлдыз, Қызыл Ту ордендерімен, Отан соғысының I-ші дәре­желі орденімен, Ленин орденімен мара­патталған. Отан соғысында біздің қанда­сымыздан асқан, басқа бірде-бір мерген жайында дерек еш жерде кездеспейді. Ал мерген бабамыз неліктен Кеңес Одағы Батыры атағын алмады дегенге келсек, командование оны Кеңес Одағының Батыры атағына өмірбаяндық сауалнамада өзінің немере ағасы Кемелбай Насырхановтың репрессияланғанын жасырмай жазғаны үшін ғана ұсынбаған екен», – деп түйіндей­ді сөзін депутат Б.Смағұл.

Осы орайда, Төлеуғали Әбдібеков­тей батыр тұлғаның ерлік өнегесі, талай жү­рек­терді жаулап, түлектерді баулып қанат­тандыра берері сөзсіз. Кезінде, Н.На­зар­баевтың араласуының арқасында Бауыр­­жан Момышұлы, Рахымжан Қош­қар­баев, Қасым Қайсенов, Бақтыораз Бей­сек­­баев, Хиуаз Доспанова сынды ұлы батыр­ларымыздың жанқиярлық ерлі­гі кеш те болса еленіп, Тәуелсіздікпен бірге олар­дың да атағы асқақтады», – дей келе, депу­тат ел Үкіметінің алдына бірқатар мәсе­ле­лерді тартқан болатын. Олар атап айтқан­да, Мәжіліс депутаттары Қазақстан Рес­пуб­ликасы Қарулы Күштеріндегі мер­ген­дер даярлайтын құрылымдардың біріне Т.Әбдібековтің атын беруді, Ұлы Же­ңістің 70 жылдығы қарсаңында даңқты мер­ген Төлеуғали Әбдібековті «Халық қаһар­маны» атағына ұсыну керектігін көтерген.

«Мәжіліс депутаттарының көтерген бастамалары сол уақыттағы «Нұр Отан» партиясының қолдауыменЖеңістің 70 жылдығына орай Батырларымыздың тарихы мен аты түгенделіп, ала алма­ған лайықты бағаларын беру мәселесі бо­йынша ақпарат құралдарына кеңінен көтеріліп, игі іс басталған еді. Бірақ, біз Жеңістің 70 және 75 жылдығын кеңі­нен атап тойлағанымызбен, аяулы батыр ағамыздың есімі тағы да ескерусіз қалған еді. Енді осы қолға алған жұмысты лайықты қорытындысына дейін жеткізсек, әрі 2016 жылы Төлеуғали ағамызға мерей­лі 100 жыл толған болатын. Бірақ тағы да есіл ердің мерейтойы ескерусіз қал­ды. Сондықтан да ел болашағы – жас ұрпақ­ты, отансүйгіштік және қаһармандық өнеге­сімен тәрбие­лесек, игі істі атқарған болар едік.

Енді бүгінгі күні еліміздің ең ірі музе­йінің бірі Қазақстан Республикасы Мем­лекеттік Орталық музейі экспозиция­сына қойылған Төлеуғали Әбдібековтің мергендік винтовкасына (КП 4580) тоқталуды жөн көріп отырмын (суретте). Себебі, мен 2005-2013 жылдары музей­дің қару-жарақ және ат әбзелдері қорын­да жоғары дәрежелі маман қызметін­де жұ­мыс атқарған едім. Мергендік ­винтовка Ресей­дің Тула қару-жарақ зауытында 1891 жылғы үлгі негізінде, 1939 жылы жасал­ған. Оқпаны төрт иір қырлы, оқпан қора­бынан, бекітпеден, құндақтан және магазинді қораптан тұрады. Оқпан екі металл құрсаумен бекітілген. Көздегіш тетігі секторлы тип­ке жатады. Құндағы қайың ағашынан жасалған. Оптикалық көздегіш тетігі бар. Жалпы ұз. 115 см, оқпан. ұз. 80 см, калибрі 7,9 мм. Дүмінің оң жа­ғындағы металл пластинкада қырнап оюлан­ған жазу бар: «Мергендік винтовкасы №ТВ 2916 оптикалық көздегіш тетігімен, Ұлы Отан соғысына қатысқан Әбдібеков Тілеуғалидың ұстанған қаруы және осы винтовкадан 395 неміс-фашистік бас­қыншылар қаза тапқан. 1942 жылы 14 ма­­мырда табысталған». И.Панфилов атын­­дағы 8-ші гвардиялық дивизияның мер­гені Әбдібеков Тілеуғалидың жеке атыс қаруы. Музейге 1944 жылы 27 – тамызда тапсырылған. Қарап отырсаңыз­дар бұл жерде винтовканың құндағына (приклад) мергеннің есімі Тілеуғали деп, оның жаудың 395 солдатының көзін жой­ғаны жайында тайға таңба басқандай етіп жазылған.

1944 жылы 8-ші гвардиялық диви­зия­ның үш жылдығы атап өтілгенде, мерген­нің қаруы рапортпен бірге Қазақстанға жеткізілген. Бүгінгі күні бұл винтовка ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің қо­рын­да сақтаулы. Гвардия аға сержан­ты Төлеуғали Әбдібеков Отан соғысының I дәрежелі орденімен ғана марапаттал­ды. Әді­летсіздікті осыдан көреміз. Себебі, Төлеу­ғали Отан соғысына қатысқан мер­ген­дердің қатарында 19-шы орында тұр.

Рас, КСРО тарихы – біздің де ұмы­тылмас тарихымыздың бір парасы. Сол әскер­дің қатарында Бауыржан, Рахымжан, Қасым Төлеуғали ағаларымыз, кешегі күні фәни дүниеден өткен бақилыққа озған Хиуаз сияқты ұшқыш апаларымыз ерлік көрсетіп, аттары аңызға айналды. Сол себептен біздің мақсатымыз – осы тұлғалардың ерліктерін кеңінен насихаттап, өсіп келе жатқан жас ұрпақты Отансүйгіштікке тәрбиелеу және дәл 23-ші ақпан күні қазаға ұшыраған Әбдібе­ков Төлеуғали сияқты жерлестерімізді құрмет­пен еске алу. Дәл осы күні орыс халқы В.Г.Зайцевті құрметтегендей Астана немесе Алматы, Шымкент қала­ла­рында Т.Әбді­бековтың құрметіне салют берілсе, батыр­дың аруағы бір көтеріліп қалған болар еді.

 

Сырым ХАСЕНОВ,

Ұлттық музейдің «Қазақстан тарихы» бөлімінің аға ғылыми қызметкері,

Мәдениет саласының үздігі