Аймақтар • 18 Шілде, 2022

Тасқаланың жасыл белдеуі

156 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданы – еліміздің солтүстік-батыс шекарасында, тоғыз жолдың торабында орналасқан өндірісті өңір. Қазір мұнда ауыл шаруашылығы саласын дамытып, екінші тынысын ашу бағытында кешенді іс-шаралар қолға алынған.

Тасқаланың жасыл белдеуі

Тасқала ауданының ауыл шаруашылығы саласын дамыту және «Жасыл белдеу» жобасын іске асыру аясында атқарылған жұмыстар туралы аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов айтып берді.

Жалпы, Тасқала ауданының аумағы 806 805 гектарды құрайды. Ауданда 16,5 мыңдай халық тұрады. Тұрғындардың экономикалық белсенді бөлігі 9 531 адам болса, соның 10 пайызы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Бүгінде ауданда 459 агроқұрылым тіркелген. Оның 403-і – шаруа қожалығы. Бұған қоса 26 ЖШС, 1 АҚ, 26 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бар.

– Жыл басынан ауданда мемлекет меншігіне қайтарылған және ауданның босалқы жерлер құрамынан шаруа қожалықтарына уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру бойынша 3 кон­курс өткізілді. Сөйтіп, жалпы көлемі 223 мың гектар құрайтын 30 жер учаскесі шаруаларға берілді. Соның 4 мың гектары – егістік, 1,3 мың гектары – тыңайған жер, 13,2 мың гектары – жайы­лым, 4,8 мың гектары – шабындық. Дәл қазір жалпы көлемі 500 гектар жайылым жерден 1 жер учаскесінің жобасы конкурсқа дайындалып жатыр, – дейді Б.Айтмағамбетов.

Осы конкурстар нәтижесінде ауданға 2 млрд теңге инвестиция келіп, жаңадан 100-ге жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Статистикалық деректерге қарағанда, қазірдің өзінде аудан бойынша егіс алқабының көлемі ұлғайып келеді. Мысалы, 2022 жылы жалпы егіс көлемі 42,7 мың гектар болды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2,5%-ға көп.

Биыл өңірде жауын көп, көктің көтерілуі жақсы. Аудан бойынша 120,4 мың тонна шөп дайындау жоспарланған. Қазірдің өзінде шабындыққа шалғы түсіп, 30 мың тонна мал азығы дайындалып үлгерген.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің тапсырмасымен биыл өңірде «Жасыл белдеу» жобасы қолға алынған еді. Соның ішінде Тасқала ауданында 252 гектар бау-бақша егіліп, белгіленген жоспар 12 гектарға артық орындалған. Соның ішінде 107 гектар картоп, 115 гектар көкөніс, 30 гектар бақша егілді.

Былтыр Батыс Қазақстан облысында «Менің аулам – менің бағым» жобасы жолға қойылғанын жазған едік. 2021 жылы тасқалалық 315 тұрғын осы жобаға қатысып, 9 мыңға жуық жеміс ағашы егілген. Биыл көктемде тағы 6 172 терек егілді, соның ішінде 2 925 түп алма ағашы, 150 түп өрік, 3 235 түп таңқурай, 3 305 түп басқа да жеміс-жидек бар. Оған қоса сәуір айында Орал қаласындағы саябақ кооперативтерімен келіссөз жүргізу нәтижесінде аудан орталығында және Шежін ауылдық округінде жеміс ағашы көшеттерін сату жәрмеңкесі үш мәрте ұйымдастырылды. Сөйтіп, жалпы 937 түп жеміс-жидек көшеті сатылды. Бағдарлама жоспары биылғы күзде толық орындалады дейді мамандар.

Бақша егу саласында көкейкесті мәселенің бірі – суды тиімді пайдалану жайы. Осы мақ­сат­та ауданда шаруашылықтар арасында түсін­діру жұмысы үнемі жүргізіліп келеді. Қазір «Шевченко», «Ишанғалиев» және «Киреев» шаруа қожалықтары 15,5 гектар бау-бақшада тамшылатып суару әдісін қолдануда. Мұның бәрі әр тамшы суды үнемді пайдалану үшін керек-ақ.

Бауыржан Есқайырұлы Тасқала ауданында қолға алынған «Жасыл аймақ» бағдарламасының болашағына сенеді. Бұл бағдарлама аясында 1 100 га жерге ағаш көшетін егу жоспарланған. Биыл көктемде 1,6 га жерге 5 500 түп ағаш көшеті егілді. Осы жұмысты жүйелі жүргізу мақсатында биыл ауданда облыстық орман шаруашылығы мекемесінің филиалын құру қолға алынбақ.

 

Батыс Қазақстан облысы