Аймақтар • 18 Шілде, 2022

Ақтөбеде газ құю бекетіндегі өрттің себебін арнайы комиссия анықтайды

223 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өрт кезінде газ құю бекеті аумағында 2 қызметкер болған, деп хабарлайды Egemen.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтөбеде газ құю бекетіндегі өрттің себебін арнайы комиссия анықтайды

«17 шілде күні жергілікті уақытпен сағат 19:02-де Ақтөбе облысы Алға ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің «101» желісіне «Лимангаз» ЖШС автогаз құю станциясындағы өрт туралы хабар келіп түсті. Өртті Ақтөбе облысы Алға аудандық өрт сөндіру қызметі сөндірді», делінген ведомствоның ақпаратында.

Алдын ала ақпарат бойынша, өрт салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

«Газ құю бекеті күндізгі сағат 12-ден бастап жұмыс істемеген. Бекет аумағында 2 қызметкер болған. Куәгерлердің айтуынша, өртенген цистерна бос болған», дейді ведомство өкілдері.

Алға ауданының төтенше жағдайлар бөлімі өрт себебін анықтау үшін техникалық сараптама тағайындады.

Сондай-ақ комитет болған жайттың мән-жайын анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылатынын және оқиға орнына мемлекеттік инспектордың жіберілгенін хабарлады.

«Толық ақпарат тергеу жүргізіліп, өрттің мән-жайы анықталғаннан кейін жарияланады», деп түйіндеді комитет өкілдері.