Білім • 18 Шілде, 2022

Талғамай оқудың пайдасы бар ма?

455 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қосымша курсқа жазылғанмын. Ке­зек­ті сабаққа уақтылы бардым. Бірақ әлі аудитория біздің алдымыздағы топтан босамапты. Содан сөмкемдегі кітапты суы­рып алдым да, келген жерімнен жал­ғас­ты­ра оқи кеттім. Малайзиядан оқып келген мұғалім алдыңғы топпен жұмы­сын аяқтап, маған жақындады да: «Кі­тапты көп оқисың ба?», деп сұрады.

Талғамай оқудың пайдасы бар ма?

Кітабымды жаптым да: «Біздің үйде әке-шешемнен бастап, аға-әпкелеріме дейін самаурын мен түтіндікті тұтататын газет-журналдарды менің рұқсатыммен шығаратын. Егер олардың арасында менен оқылмай өтіп кеткені болса, самаурын қайнамай, түтіндік жанбай жататын. Дүние күйіп кетсе де соларды алдымен оқып отыратынмын. Жаздың бір күнінде сабан үстіне қи салынған түтіндікті тұтатқалы жатқан газеттен шағын әңгімені көзім шалып қалып, оқып отырдым. Күнмен таласқан кенжесін көріп көкем (әкемді солай атаймын): «Сабанның қалың жерінен тұтат та, газетіңді алып маған кел», деді. Оттықтың екі-үш талын құртып тұтандырған соң, газетіммен кері қайттым. Киіздің үстіндегі көрпешеде жастықты шынтақтай жатқан көкем: «Білесің бе, ірі қалаларда сенің мектебің мен ауылдағы екі қатар сөрені он орап алатын кітапханалар бар. Бізге дейін миллиондаған кітап жазылды. Оның бәрін тауысуға бүкіл өміріңнің өзі жетпейді. Кітапты көп оқыған жақсы, ал одан да жақсысы – көңілге тоқу. Бірақ осы екеуінен де жақсысы бар, бұл – оқығаныңды өмірде қолдану. Игілігіңе жарата алмайсың ба, онда оған бөлген уақытың зая кетті дей бер», деді. Содан бері көп оқуға ұмтылған емеспін. Кітапты бастамас бұрын өз-өзімнен оның маған не беретінін сұрап аламын», деп жауап бердім.

Сонда мұғалім сәл жымиды да: «Ұста­ны­мың жақсы екен. Көкеңе рахмет, әйтпесе, саған бір апаны мысал етіп айтып берейін деп едім», деді. Қоймай, әлгі апа турлы сұрадым. Жаныма жақсылап жайғасқан мұғалім: «Ол кісі біздің туыс болып келеді. Қа­шан көрсең, қолынан кітап түспейді. Сұмдық оқиды. Үйіне барсаң, кітаптан көп нәр­се жоқ, қабырғаны сонымен соққан. Қы­зығы да сол, кітап кеміргіш апамыздың адам сүйер қылығы аз. Көрінгенді қарғап-сілеп, жұ­мысындағыларын жамандап отырады. Бірақ өзі басқа жұмысқа ауысқысы келмейді. Қабағы ашылмайды. Кітаптарынан оқыған жағымсыз кейіпкерлерінің түріне еніп алатын сияқты», деп күлді.

Кітап оқудың пайдасы – сөзсіз, ұшан теңіз. «Миды қартайтпаудың бір жолы – кітап оқу» деп жазған да, әлі күнге солай дейтін де өзіміз. Бұл туралы небір ірі тұлғалардың цитаталарын, тіпті ғылыми зерттеулердің нәтижелерін келтіріп көлдей материал жазуға болады. Айналамызда қолынан кітап түспейтіндердің қарасы көп. Көргенде қуанасың. Бірақ солардан «Не үшін кітап оқисың?» деп сұрасақ, бәрінен бірдей толымды жауап алу қиын. Кейбірінікі таңғаларлық, ұйқы шақыру үшін оқиды. Енді бірі «трендке» еріп парақтайды. Әлбетте, арасында рухани азық алу үшін, өзін тану үшін оқитынын айтатындары да бар. Бірақ кітаптан бас алмайтындардан «Кітаптан оқығаныңды өмірде пайдаланасың ба?» десек, көбі іркіліп қалады. Жалпылама пайдасын жіпке тізетіндер жеткілікті, алайда оқығанын нақты іс жүзінде қолданғаны туралы толғанатыны тез табылмайды.

Бұрын бізге үлкендер «сауатты боласың, кітап оқы» дейтін. Қазіргі кітаптарды қарап отырсаңыз, қатеден көз сүрінеді. Өзімізден кейінгілерге кезінде оқыған классиктерден басқаны ұсына алмай дал боламыз. Ал бізден оқитын кітап сұрайтын жас буын, жасөспірімдер заманауи, жаңа дүниені оқып, алға ұмтылуды көздейтіні анық. Өзіміз де соның қатарындамыз. Енді сол сұранысты қаншалықты қанағаттандырып отырмыз? Иә, бұл – бөлек бір үлкен мәселе.

Өз әңгімеміздің ауанына қайта оралсақ, есіл уақытын өлтіріп, табыс табу үшін жа­зыл­ған 300-500 беттік кітаптарды жар­на­ма­ның күшімен, жарыса оқып жатқандарды көргенде бала кездегі қылығым еске түседі. Сондайда, шіркін-ай, кітап кеміргіштер оқы­ғанын ішінде сақтай бермей, тоқығанын жұртқа жеткізіп, кітаптарды мақсат, сала, бағыт бойынша іріктеуге атсалысса ғой, соның жүйесі қалыптасса екен дейсіз. Орта жасқа жетіп ақыл тоқтатса да рухани азық аламын деп қолына ілінген кітапқа үңіліп отыратындардікі талғамсыз тамақтанғанмен тең секілді. Ал отбасына, жақындарына көңіл бөлуге уақыты жоқ, есесіне көп оқитын, бірақ кітаптан алғанын өмірде қолданбайтын, пайдаланбайтын, жетілуге жаратпайтын жандар сырт көзге өмір сүретіндей сезіледі.