Аймақтар • 18 Шілде, 2022

Құрғаған құдық, қаңыраған клуб

600 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Айтса, айтқандай-ақ. Күршім өңірінде мәселе деген шашетектен. Жуықта Қойтас ауылының тұрғындары хабарласып, бірқатар проблемасын тізген. Құлақ түре тыңдасақ, жайылымдары тарылған, ауыз су құбырын тарту жұмыстары орта жолда қалған, ауылдық клуб қаңырап тұр. Көпірі апаттық жағдайда, тағысын тағы... Бардық, көрдік, ауыл тұрғындарымен тілдестік.

Құрғаған құдық, қаңыраған клуб

Суретті түсірген автор

Ауылда 300-дей жан, 80-ге тарта үй бар. Негізгі тіршілік көзі – мал шаруа­шы­лығы. Ауыл іргесінде «Визол» компаниясы алтын өндіріп жатқанымен, ауылдықтар одан бәлендей пайда көріп отырған жоқ. Компания бас­шы­лығы жыл сайын көмір, азық-түлік түсіріп береміз дегенімен, Қойтас тұр­ғын­да­рына бұл игілік жетпей қалатын көрі­не­ді.

– «Визол» компаниясының басшысымен кездескенімде жыл сайын қант, ұн, көмір таратып отырмын деген. Таратса, біздің ауылға неге жетпейді? Тіпті аз қамтылған отбасылар да ондай кө­мек көрмеген, – дейді ауыл тұрғыны Наурызбай Ермұханбет.

Округ әкімі көмектің бар-жоғынан хабарсыз екенін айтты. Себебі жұ­мысқа жуықта ғана орналасыпты. Жуықта деп отырғаны былтыр. Бірақ жұмысқа күні кеше келсе де ауылдық округтің тыныс-тіршілігінен хабардар болуы керек емес пе еді?! Оның үстіне, ауылдың іргесін үңгіп жатқан компанияның халық үшін нендей пайда көрсетіп жатқанына қызығушылық танытуы қажет шығар...

– Мен округке әкім болып былтыр сайландым. Компанияның қандай көмек көрсеткенін білмеймін. Өткен жылы Бурабай ауылына 100 тонна көмір береміз деген. Оның 50 тоннасын ғана түсірді, – дейді Абай ауылдық округінің әкімі Талғат Бақтияров.

Айта кетерлігі, Қойтастың тұр­ғын­дары алтын қазушыларға қарсы­лық­та­ры жоқ. Бірақ «Визол» компаниясы халықтың жайылым жерін тарылтып тастаған. Ауылдықтардың айтуынша, егін саламыз деп 800 гектар жерді қор­шап алып, шаруа қожалығына жалға берген сияқты. Тікенекті сыммен қоршалған жерді де көрдік.

– Ауылда малмен жан бағып отырмыз. Бір жағымызда тау, екінші жа­ғында алтын қазып жатыр. Жайы­лым мен шабындық тарылды. Негізі, компания алтын қазумен ғана айналысады, мал ұстамайды. Жерді не үшін қоршап алды, ол түсініксіз. Оның үстіне, Қой­тас­тың жеріне егін шықпайды, – дейді ауыл тұрғыны Бақытбек Майлы­ханов.

Рас-ау, алтын үшін ат шаптырым аумақтың ойранын шығарып отырған компания үшін егістік жердің қажеті қанша?! Халықтың көкейіндегі бұл сұрақтарды компания басшылығына қояйық деп едік, «қақпасынан сығалат­пай­ды» десті ауыл азаматтары. Ал округтің әкімі Талғат Қабибекұлы жа­йы­лым жердің жеткілікті екенін алға тартты.

– «Визол» компаниясы 800 гектар егіс­тік жерді заңды түрде 49 жылға жал­ға алған. Оған не істейтінін өзі біледі. Біз халыққа басқа жер бердік, – деді Абай округінің әкімі Талғат Бақтияров.

Өз жерінде өгейдің күйін кешіп отырғандай халықтың ендігі көтерген мәселесі – ауылдағы мәдениет үйінің қаңырап тұрғаны.

– Неше жылдан бері клуб жабық тұр. Мерекелік іс-шараларды ұмыт­қа­лы қашан?! Не Наурызды, не Жаңа жылды атап өтпейміз. Аз да болса, бір қауым елміз ғой. Тым болмаса, мә­дениет үйімізді жөндеп берсе екен, – дейді ауыл тұрғыны Гүлсім Сағидолдина.

Бұған дейін ауыл азаматтары еде­нін цементтеп, жөндеген. Кейін есік, терезелері қаусап, тозып кеткен. Жас­тардың кешкілік барар жері жоқ.
9 сыныптық мектепте ауылдық іс-шараларды өткізуге, жастардың бос уақытын ұйымдастыруға рұқсат жоқ көрінеді. Аудан басшылығы халық саны аз болғандықтан, ескі клубты жөндеу тиімсіз деп таныған. Сондықтан ескі мектепті жөндеп, мәдениет үйі ретінде ашпақ.

Жайылым тар, мәдениет үйі жоқ, ұялы байланыс желісі жетпеген, ауыз судың игілігін және көре алмай отыр. Ауыз суды құдық қазып алғандар құ­дық­тан, әйтпесе, ауыл ішіндегі жал­ғыз колонкадан ішеді.

– Ауылда орталықтандырылған ауыз су жүйесі тартылып бастал­ға­ны­мен, аяқсыз қалды. Қыстың күні тоң екі метрге дейін қататынын ескерсек, жүргізген құбырлары ертеңгі күні түкке де жарамайды. Себебі те­рең­ді­гі – 50-60 см ғана. Қысқасы, сапалы ауыз су ішіп отырған ешкім жоқ мұнда, – дейді ауыл тұрғыны Серікбек Әбілмәжүнов.

Естеріңізде болса, 2020 жылы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов ауылдардың 80 пайы­зы сапалы ауыз сумен қамтылады деген еді. Бірақ Қойтас ауылын ауыз суға қатысты бағдарламалар айна­лып өтіп жатыр. Су тарту жұмыс­та­ры демеушілердің көмегімен бас­тал­ған­дықтан, аяқсыз қалған секілді. Ол үшін бюджеттен ешқандай қаржы бөлінбеген.

– Ауылға ауыз су әлі тартылмаған. Бірақ екі құдық бар. Мектепті салған кезде ауданның бұрынғы әкімі мер­дігерден көмек сұрап, ауылға екі құдық орнатып берген. Ол ешкімнің балансына қарамайды. Істейтін, істемейтінін білмейді екенмін, – дейді округ әкімі Талғат Бақтияров.

Тасынан алтыны көп Қойтастың жай-күйі осы. Айтылған олқылықтар ұзамай оң шешімін тапса игі. Рефе­рендум алдында «жер мен қазба бай­лық халықтыкі» деп аз айтылған жоқ. Олай болса, шығып жатқан алтынның шапағатын ауыл азаматтары да көруі керек шығар. Жоғарыда тізілген мәселелерге Президент те назар аударса екен деді тұрғындар бір ауыздан.

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы,

Қойтас ауылы