Аймақтар • 19 Шілде, 2022

Кешіккен марапат иесін тапты

185 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл оқиға 2016 жылы болған. Сол күні тәртіп сақтауды қадағалап жүрген Руслан Акматовтың патрульдік экипажына Есілдің үстіндегі көпірге шығып, биіктен секіремін деп тұрған қызды құтқару туралы тапсырма түседі.

Кешіккен марапат иесін тапты

«Қыз көпірдің жақтауынан ғана ұстап тұрды. Оған жа­қын­дау мүмкін емес еді. Ашуы шегіне жеткен қыз сәл қа­те­лік жіберсек, көпірден құ­лауға дайын болатын», деп еске ала­ды Руслан Акматов. Сон­дық­тан Руслан қызға жылы сөй­леп, байланыс жасауға тәуе­кел етеді. Басында ешбір сөз­ге илікпеген қыз бірте-бірте тілге келеді. Алдымен жігіттен те­ме­кі сұрайды. Қуанып кеткен жігіт өзінің спортшы екенін, сон­дықтан темекі шекпейтінін айтып, қазір әріптесімнен алып берейін дейді. «Темекіні алып, биіктегі  жақтаумен жақындай бергенімде қыз шошынып, «жа­қын­дамаңыз, секіремін» деп баж етті. Мен темекі бергелі келе жатырмын, алыстан бере алмаймын ғой деп жақындай түстім. Қыз қолын созып темекіні ала бергенде білегі­нен шап беріп ұстай алдым. Деген­мен секіріп кетсе мені де тар­тып әкетуші еді, сондықтан оны жақтаудың басқышынан бұл­тартпай сүйрелеп отырып, алып шықтым», деп еске алады Руслан.

Өз өмірін қатерге тігіп адам­ды ажалдан алып қалғаны үшін ол мемлекеттік наградаға сол жылы ұсынылған болатын. Бірақ марапат белгісіз себеп­термен берілмеді. Тек Төтен­ше жағдайлар қызметінің ведом­стволық  ІІІ дәрежелі «Құт­қарушы» төсбелгісін ғана алған еді. Бірақ «аққа Құдай жақ» дегендей оны наградтау туралы ұсыныс қайта қаралып, жуырда Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Марат Ахметжанов Президенттің Жарлығымен берілген «Ерлігі үшін» медалін батырдың кеудесіне тақты. Сөйтіп, кешіккен награда иесін тапты. 

Қазір Руслан Акматов сол патрульдік полиция қызметінде істейді, шені аға лейтенант. Ол кешіккен марапатқа өзінің ешқашан алаңдамағанын айтады. Өзінің кәсіби міндетіне адал, мойнына жүктелген тапсырмаларды ыждаһатпен орындап, әрқашан алда болуға тырысады. Ал патрульдік полиция қызметінде әртүрлі жағ­дайлар, оқыс оқиғалар жиі кез­деседі. Босанатын әйелді пери­наталдық орталыққа кедер­гі­сіз жеткізу, бұзылған көлікті сүй­реп апару­ға көмектесу, қарт адамды жол­дың арғы бе­тіне өткізу, жоғал­ғандарды із­деу­ге қатысу – міне, осылар Р.Акматов жұмысының бір парасы ғана. «Полиция қыз­меткері үшін ең бастысы, менің ойымша, адал, әдепті болу, қызметтік міндеттерді абыроймен атқару және жай ғана адам болып қалу», дейді кейіпкер. Руслан спортпен де белс­енді айналысады. Әріптестерімен бірге шығыс жекпе-жегінің қыр-сырларын үйренеді.

Айта кететін жайт, қазір Солтүстік Қазақстан об­лысы­ның Полиция депар­таментінде «Ерлігі үшін» меда­лімен мара­патталған Русланнан басқа
8 полиция қызметкері қыз­мет етеді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы