Экология • 19 Шілде, 2022

Киік санын реттеу мәселесі қайта қаралатын болды

512 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлім етті, деп хабарлайды. Egemen.kz.

Киік санын реттеу мәселесі қайта қаралатын болды

«Президент сынынан кейін барлық мүдделі мемлекеттік органдармен, қауымдастықтар және ғалымдармен тағы да жиналдық. Киіктер популяциясын реттеу және пайдалану мәселесі қайта талқыланды. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды, ғылыми зерттеулерді тереңірек жүргізу қажет деген қорытындыға келдік. Яғни киіктердің көші-қон жолдарын, тіршілік ету ортасын, жем-шөп базасын қарау керек», деді Серікқали Брекешев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Министр ақбөкендердің популяциясы үнемі өсіп отырмайтынын түсіндірді. Оның айтуынша, белгілі шек бар, содан кейін киіктер жем-шөп үшін өзара бәсекеге түседі.

«Ішкі бәсекелестіктің артуы жануардың өзін әлсіретеді. Сондықтан осы мәселенің барлығын тағы да қарастырамыз. Содан кейін біз дұрыс шешімге келеміз. Бірақ, егер тарихи тұрғыдан алсақ, Кеңес заманында киіктердің популяциясын реттеу тәжірибесі болды және олардың саны сақталды», дейді ол.

Сондай-ақ министр киіктер тағдырына қатысты шешім ғылыми зерттеулердің нәтижесінен кейін қабылданатынын айтып отыр. Айтуынша, ғылыми зерттеулер 1-2 жылға созылуы мүмкін.

«Зерттеудің алғашқы нәтижелері белгілі болғанға дейін киіктердің популяциясын реттеу немесе пайдалану туралы шешім қабылданбайды», деді Серікқали Брекешев.