Қоғам • 19 Шілде, 2022

Жыл басынан бері қамалған және қызметінен кеткен шенеуніктер

3310 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қаралы қаңтар оқиғасынан кейін де жарты жылдай уақыт өтті. Бұл аз уақыт емес. Алайда оның ақ-қарасын анықтауға әлі де уақыт керек сияқты. Жылдар бойы ел қаржысын жымқырып келген шенеуніктердің былығы күн санап ашылып жатыр. Ұсталғаны қанша?! Күдіктілері бар, оған іздеуде жүргендерін қосыңыз.

Жыл басынан бері қамалған және қызметінен кеткен шенеуніктер

Қаңтарда мемлекеттік төңкеріс жасап, Мемлекет басшысын лауазымынан ығыстырмақ болғандар қызметінен босатылып, іс қозғалып, қамауға алынып жатыр. Біз бүгін қаңтардан кейін қамалған, тергелген, іздеуде жүрген және қызметінен босап қалған шенеуніктердің тізімін жасап көрдік.

р

1. Кәрім Мәсімов. Ең бірінші 6 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов қызметінен босатылды. Артынша мемлекетке сатқындық жасау фактісі бойынша Мәсімовке сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы күні аталған қылмысты жасады деген күдікпен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы К.Мәсімов және өзге де тұлғалар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысында Мәсімовтің іс-әрекетінде көптеген сыбайлас жемқорлық белгілері анықталды. Отандық бизнес қауымдастықтары мен шетелдік субъект өкілдерінен жылжымайтын мүлік, қымбат сыйлықтар, соның ішінде мәдени құндылықтар, елеулі мөлшерде ақшалай қаражат алу фактілері құжатталды.

Атап айтқанда, жабық келісімшарттардың бірі бойынша шетелдік мемлекет өкілдерінен Мәсімовтің ҰҚК Төрағасы лауазымында 2 млн АҚШ доллары сомасында пара алу фактісі бойынша тергеу жүргізілді. Осы қаражатты Гонконгтан Қазақстан Ұлттық банкіне қайтару қамтамасыз етілді. 

о

Сонымен қатар Мәсімовтің Премьер-Министр лауазымында болуы кезеңінде бизнес-құрылымның бірінен астанада құны 2,5 млрд теңге элиталық тұрғын үй мен жер телімін алу фактісі бойынша тергеу жүргізілді. 2022 жылғы қаңтарда Мәсімовті ұстағаннан кейін осы тұрғын үйде 17,2 млн АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақша, сондай-ақ көптеген құнды заттар – элиталық сағаттар, алтын кесектері, антиквариат және басқалары алынды. Бұдан басқа, бизнес санаттағы 11 қымбат автомашина алынды.

д

Мүліктерінен Нұр-Сұлтан қаласында екі элиталық пәтер, Алматы қаласында 2 пәтер мен дербес сарай, сондай-ақ Щучье-Бурабай шипажайы аймағы көлінің жағасындағы аумағы 1 га жер теліміне тыйым салынды. Мәсімовтің жақын байланыстарынан 5,1 млн АҚШ доллары алынып, оған тыйым салынды.

ш

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің кінәсі дәлелденсе, ол 17 жылға дейін сотталуы мүмкін. Бұл туралы еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов айтқан еді.

Кәрім Мәсімовті қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылды. ҰҚК төрағасының орынбасары Асқар Әмірханов Кәрім Мәсімовтың ісі күзге қарай айқын болатынын айтқан болатын.

ж

2. Әнуар Садықұлов пен Дәулет Ерғожин. Кейін К.Мәсімовтен басқа ҰҚК Төрағасының бұрынғы орынбасары – «А» арнайы мақсаттағы қызметінің бастығы Әнуар Садықұлов пен ҰҚК Төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин ұсталды.

д

3. Нұрлан Мәсімов. Сондай-ақ Кәрім Мәсімовтің інісі, Павлодар облысы полиция департаментінің экс-бастығы полиция генерал-майоры Нұрлан Мәсімов аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікке ілінді. 13 шілдеде антикоррупиялық қызмет шекара қызметімен бірлесіп жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысының аумағында Ресей Федерациясымен мемлекеттік шекараны жалған құжаттар бойынша өту әрекеті кезінде Нұрлан Мырзаханұлы Мәсімовті ұстады.

н

4. Әбіш Самат Сатыбалдыұлы. Бұдан соң, Мемлекет басшысының Өкімімен Әбіш Самат Сатыбалдыұлы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметінен босатылды.

э

5. Серік Күдебаев. Күдіктілер қатарында Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев та бар. Қадағалау департаментінде анықталғандай, Алматы облысының ПД бұрынғы басшысы «ауыр зардаптарға әкеп соқтырған қызметтегі әрекетсіздік» деген күдікке ілінді. Ол 2022 жылдың 18 ақпанында ішкі істер органдарынан өз еркімен босатылды.

о

6. Мұрат Бектанов. 9 қаңтар күні Мұрат Бектанов ҚР Қорғаныс министрі лауазымынан босатылған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев министрдің командирлік қабілет көрсете алмағанын сынға алған. 2022 жылғы 19 ақпанда ҚР Бас прокуратурасы бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Кәрібайұлы Бектановқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 452-бабы әрекетсіздік фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған болатын. Осы бапқа сәйкес, әскери жағдайда билікті асыра пайдаланғаны үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылып, 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады. Кейінірек оны қамауда ұстау мерзімі Алматы қаласының ауданаралық тергеу сотының шешімімен тағы бір айға ұзартылды. Тұтқында ұстау мерзімін ұзарту туралы шешім 13 мамырда қабылданған еді.

д

7. Тимур Құлыбаев. Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы қызметінен кетті. Құлыбаев – Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаеваның күйеуі. Тимур мен Динара Құлыбаевтар Қазақстанның ең бай адамдары қатарында. Forbes журналы әрқайсысының байлығын 3,1 миллиард долларға бағалаған.

д

8. Ибулла Жұмағұлұлы. Ал «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ бұрынғы басқарушы директоры Ибулла Жұмағұлұлына іздеу жарияланды. Ол бір топ адаммен алдын ала келісу арқылы аса ірі мөлшерде басқаның сеніп тапсырған мүлкін жымқырды деген күдікке ілінді.

ж

9. Мұхтарова Шынар Оралғазынқызы. Сондай-ақ 2017-2018 жылдар аралығында Экологиялық кодекстің талаптарын бұза отырып, оған 920 миллион теңге мөлшерінде дивиденд түрінде заңсыз төленген кәдеге жарату алымының ақшалай қаражатын иеленген «ӨКМ Операторы» ЖШС бұрынғы құрылтайшысы Мұхтарова Шынар Оралғазынқызына іздеу жарияланды.

к

10. Қайрат Сатыбалдыұлы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 13 наурызда Қайрат Сатыбалдыұлын шетелге ұшпақ болған жерінен ұстаған еді. 15 наурызда тергеу соты оны екі айға қамауға алды. Ол «Қазақтелеком» компаниясынан аса ірі көлемде ақша жымқырды деген күдікке ілінді. Оған «Қазақтелеком» АҚ-ның қомақты қаржысын жымқыру және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

г

11. Гүлмира Сатыбалды. Үш күннен кейін Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдының үстінен «бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу» күдігі бойынша тергеу басталды. Кейін оның Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында қамауда отырғаны айтылды.

н

12. Қайрат Боранбаев. 17 наурызда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қайрат Боранбаевқа қатысты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Ол квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаржы жымқырды деп айыпталды. 8 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қ.Боранбаевқа қатысты белгіленген күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының мерзімін 1 айға ұзарғанын мәлімдеді.

Кеше Қайрат Сатыбалды мен Қайрат Боранбаевтың ісіне қатысты жаңа деректер жарияланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет айналысып жатқан іс бойынша айыпталушылар Қайрат Сатыбалды мен Қайрат Боранбаев және Гүлмира Сатыбалды Люксембургтен 170 миллион долларды өз еркімен мемлекетке қайтарған. Сондай-ақ құзырлы орган «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы, «Көліктік сервис орталығы» акционерлік қоғамы және басқа мүлікті жымқыру істері бойынша шамамен 36 миллиард теңгені өтеткен. «ӨКМ» операторы ісі бойынша шамамен 180 миллиард теңгені жымқырмақ болған, бірақ жолы кесілді. Оның шамамен 100 миллиард теңгесі жеңілдетілген автонесиелеуге бағытталды делінген ресми ақпаратта.

Бұдан бөлек, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшылары мен қызметкерлерінің ісі бойынша Гонконг пен Біріккен Араб Әмірліктерінен шамамен 3 миллион доллар қайтарылды. Қаржылық мониторинг агенттігі, Боранбаевқа қатысты істі тергеп-тексеру барысында «Қазмұнайға» 11,3 млрд теңге қайтарылғанын мәлімдеді. 

Сондай-ақ осы уақыт аралығында Мемлекеттік хатшы қызметін атқарған Қырымбек Көшербаев, Үкімет басшысы болған Асқар Мамин, Мәжіліс төрағасы болған Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева, Алматы қаласын басқарған Бақытжан Сағынтаев, «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары болған Бауыржан Байбек секілді бірнеше шенеунік қызметінен босатылды.