Бүгін – Қазақстан халқының бірлігі күні. Күллі ел болып, барлық аймақтарда, ұзын-ырғасы 4 мыңнан астам елді мекенде айтулы мереке кең ауқымда атап өтіледі. Бірлік – Қазақстан халқының өмірлік кредосы, әрбір қазақстандық тәулігіне 24 сағат, жылына 365 күн қастерлеп, қадіріне жете білуі тиіс басты құндылығы. Себебі, ел бірлігі – біздің ең қасиетті қазынамыз – Тәуелсіздігіміздің тірегі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «бірлігін нығайта алған халық қана тәуелсіздікке қол жеткізеді және оны қорғай алады» деген еді. Біз ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздікке ие болдық, азат еліміздің іргесін нығайтып, еңсесін тіктедік. Дамудың даңғылына түсіп, егемендіктің сара жолымен болашаққа бет алдық. Ендігі әр күніміз қасиетті де қастерлі тәуелсіздігімізді қорғап, оны мәңгілік етуге арналады. Бұл – ынтымағын жарастырып, бірлігін бекемдей алған, татулығын тыныштығы мен тұрақтылығының тұғыры ете білген елдің ғана қолынан келетін ұлы шаруа.
Жігерлі болса ер болар, бірлікті болса ел болар
«Қазақстан-2050»: Бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті Ералы ТОҒЖАНОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі. Біз алыс көкжиекке көз тігіп, ғасырдың бел ортасына дейінгі бағытымызды белгіледік. «Қазақстан-2050» – жаңа ғасырдағы басты бағдарымыз, ел дамуының стратегиялық тізгіні десек, Қазақстан халқы Ассамблеясы осы даму жолында табанымызды тайдырмай, болашаққа нық бастырар бедерлі тағасы іспетті. Елдің бірлігі мен татулығы тәуелсіздікті мызғымастай етіп нығайтудың ең құдіретті құралы екенін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев азаттықтың алғашқы күндерінен көре білді. Оның саяси ерік-жігері мен қажырлы еңбегі Қазақстанның тұрақты дамуының берік іргетасы ретінде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге арналды. Себебі, ел өміріне түбегейлі өзгерістер әкелген әлеуметтік-экономикалық және саяси бетбұрыстарды халықтың жаппай қолдауына ие еткен негіз – бұл қоғамдық келісім. Сол себепті де, «келісім – тұрақтылық – бірлік» үштағаны Қазақстан дамуының және Мемлекет басшысы саясатының ең басты қағидасына айналды. Қазақстандағы барша этностардың тілін, ділін сақтап, ұлтына, нәсіліне қарамастан барша азаматтардың тең құқылы екенін әйгілей отырып, олардың барлығын ел иесі – қазақтың маңына ұйыстырудың, сол арқылы күллі халықты ұлы істерге жұмылдырудың бірегей, әмбебап құрылымы – Қазақстан халқы Ассамблеясын дүниеге әкелді. Ассамблея алғаш құрылған күннен бастап бірлігіміздің бастауы, тірлігіміздің арқауы болып келеді. Ол бірліктің бірегей институты ретінде әлемді мойындатты. Қасиетті қазақ жерін бейбітшіліктің бесігіне айналдырып, өзгеге үлгі атандырды. Дүйім дүние дүрбелеңге айналған қазіргі таңда оның өзектілігі тіптен арта түсуде. Біздің мұратқа жетуіміз елімізді бейбітшілікке бөлеуімізге, рухани тұтастығымызға, қоғамдық келісімді сақтауымызға байланысты. Үндестігі жарасқан осынау қағидалар үштігі қашанда бірлігіміздің берік тұтқасы болған, қазір де солай, бола да береді. Бұл қағида әрбір азаматтың санасына нық орнығып, тұтас мәдениетке айналуы тиіс. Сондықтан, «Қазақстан-2050» Стратегиясының аясындағы бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті Қазақстан халқы Ассамблеясының жақсы сәйкескен ХХІ ғасырдағы 21-сессиясының бас тақырыбы ретінде ұсынылды. Ассамблеяның кезекті сессиясы әдеттегідей еліміздің қоғамдық, әлеуметтік өміріндегі маңызды оқиға, Қазақстандағы қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтудың айтулы белесі болды. Әрбір сессия ел бірлігін нығайту жолында өткен бір жылда атқарылған шаруалардың қорытындысын шығаратын және алдағы бағыт-бағдарды белгілеп, жоба-жоспарды пысықтап алатын белес іспетті. Алдыңғы сессияда Ассамблеяның қоғамдағы орны мен атқаратын миссиясын жаңа белеске көтерген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «жаңа жағдайларда Қазақстан халқы Ассамблеясы ішкі саяси мүдделерден жоғары, жалпыазаматтық, жалпыхалықтық институт болуы тиіс» деген еді. Оның жалпыхалықтық сипаты өткен бір жылда Ассамблея аясында өткен 10 мыңнан астам республикалық және аймақтық шараға 3,5 миллион адамның қамтылғанынан анық байқалады. Аптасына 6 мыңнан астам адам тартылған ауқымды жұмыстар Ассамблеяның шын мәнінде жалпыхалықтық ұйым екенін айқын көрсетсе керек. Былтыр бір ғана «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» атты мега-жобаның аясында еліміздің барша өңірлерін қамтыған 483 ауқымды шара өтті. Биыл бұл жоба халықтың тұрмысы төмен бөлігіне бағытталған әлеуметтік шаралармен жалғасын табатын болады. Ұлттық жанашырлық, ұлттық бірлік қағидасы осылай болса керек. Бірлік пен қайырымдылық әрқашан құстың қос қанаты секілді қатар жүретін қасиеттер. Қазақстан халқы Ассамблеясының тікелей мұрындық болуымен өткен «Туған елге тағзым» шарасы барлық аймақтарға үлкен серпіліс әкелді. Тек Ақтөбе облысының өзінде 1240 әлеуметтік жобаға 5,6 миллиард теңге жеке қаржы салынса, Оңтүстік Қазақстанда 51 балабақша мен 21 спорт нысаны демеушілердің көмегімен бой көтерді. Шығысқазақстандық қайырымды жандар былтыр 1000-нан астам жобаға 5 миллиард теңге қаржы жұмсады. Осылай барлық облыстарды санап шығуға болады. Бұл – туған елге деген шынайы қамқорлықтың айқын көрінісі. Жанашырлықпен қарап, жақсылық жасау біздің қанымызда бар қасиет. Біз барымызды бөлісе білген, ең қиын кезде жүрегінен мейірім, көңілінен қайырымдылық кетпеген елміз. Бұған мысал ретінде «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Жан жылуы» атты бағдарламаны келтіруге болады. Бағдарламаның көмекке мұқтаж әрбір кейіпкері қарапайым қазақстандықтардың тарапынан зор қамқорлыққа бөленеді. Бір ғана бағдарламаның аясында баспанаға зәру 8 отбасы қоныс тойын тойлады, 22 жетім бала жаңа отбасын тауып, ата-ана мейіріміне бөленді, 13 балаға аса күрделі операция жасалды. Бұл тағдырдың тауқыметіне тап болған жандарға жасаған жеке адамдардың жанашырлығының арқасында мүмкін болды. Мыңдап саналатын мұндай мысалдар Қазақстанның әл-Фараби бабамыз айтқан «Қайырымды қалаға» әлдеқашан айналғанын әйгілейді. Кез келген қазақстандық өзінің ғана емес, әрбір отандасының бақытты өмір сүруіне үлесін қосады, ортақ Отанымыздың өркендеуі жолында еңбек етеді. Осылай, «береке басы – бірлік» екенін ешқашан ұмытпайтын халқымыз қашан да бірлігін тірлігінің тетігі, жанашырлықты жанының серігі етуден танған емес. Ассамблеяның ең басым бағыттарының бірі – оның аймақтардағы жұмысы. Бүгінде аймақтық ассамблеяларды дамыту тұжырымдамасы қабылданып, ол әрбір өңірдің өзіндік ерекшеліктері мен қажеттіліктеріне сәйкес жемісті жұмыс істеуде. 20 сессияда Мемлекет басшысы Достық үйлерін бейбітшілік пен келісімнің, азаматтық бастамалардың және азаматтық қоғам институттарының жан-жақты ресурстар орталығы ретінде дамыту жөнінде тапсырма берген еді. Бұл орталықтардың жұмысын неғұрлым жүйелі етіп, Президент жүктеген міндеттерге сәйкес жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін республикалық Достық үйлері директорларының әдістемелік кеңесі құрылды. Ассамблеяның қоғамдық келісім кеңестері де аймақтық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етуде айрықша орынға ие. Жаңа құрылым барлық азаматтық қоғам институттары мен күллі әлеуметтік күштерді өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді тиімді жүзеге асыруға жұмылдыруға жұмыс істейді. Елбасы айтқан «Ассамблеяның ішкі саяси мүдделерден жоғары тұру» сипаты оның ел бірлігін нығайту жолында барлық саяси күштермен бірлесе жұмыс істеуінен айқын көрінеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі белді саяси партиялармен, атап айтқанда, «Нұр Отан», «Ақ жол» және Коммунистік партиямен, сондай-ақ, «Қазақстанның азаматтық альянсымен» ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойған. Бұл да еліміздің саяси дамуындағы тың белес деп айтуға толық негіз бар. Ассамблеяның депутаттық тобына парламенттік партиялар өкілдерінен тұратын 21 халық қалаулысы мүше атанды. Ол партияаралық әріптестіктің тиімді тетігіне айналып қана қойған жоқ, түрлі саяси көзқарастарды ортақ құндылық – ел бірлігі, татулық пен тұрақтылық идеяларына тоғыстырып, оларды елдік мүддеге бірге жұмыс істетіп отыр. Ел бірлігін сақтау – тұтас ғылым. Ол үнемі жетілдіруді, қоғамдағы үрдістерді ұдайы зерделеп, ой таразысынан өткізіп, заманауи сын-қатерлерге уақтылы тойтарыс беріп отыруды қажет ететін тоқтаусыз жұмыс. Бұл ретте Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Орталық Азиядағы этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы Ассамблеяның Ғылыми-сарапшылық кеңесінің зор әлеуетіне айналды. Академияның бұл орталығы мемлекеттік этносаясатты ғылыми-сараптамалық тұрғыдан үйлестіріп қана қоймай, бұл салаға қатысы бар барлық мамандарды әлеуметтік басқарудың заманауи технологиясымен оқытуды да бір жүйеге түсіріп, жолға қойған. Қазірге дейін еліміздің барлық аймақтарынан 1400-ден астам адам этносаралық қатынас саясатының тереңіне бойлап, бұл саланың білікті мамандарына айналды. Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік тілдің тұғырын нығайту, Елбасының «үш тұғырлы тіл» саясатын жүзеге асыру мақсатында да сүбелі шаруалар атқаруда. Барлық республикалық этномәдени бірлестіктерде барша этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуіне қажетті арнайы әдістеме жасалды. Ассамблеяның бастамасымен қолға алынған, тіл үйретудің инновациялық технологиясымен жұмыс істейтін «Тілдарын» методикалық орталығы мемлекеттік тілді А1 және А2 деңгейінде жедел үйренудің әдістемелерін жарыққа шығарды. Бүгінде қай этностың өкілі болмасын қазақ тілін үйренуге барынша ықыласты. Оған кешегі өткен Ассамблеяның 21-сессиясы барысында сөз алған азаматтар да дәлел. Орыс қызы, қазақтың келіні Ольга Сағындықова қазақша ән шырқап, Ресейдің алыс түкпірінде тұратын ата-анасы алдымен қыздарының домбырасын сағынатынын айтса, қазақ мектебінде ағылшын тілінен сабақ беретін неміс қызы Юлиана Отт ата-анасына ұрпағының туған елінің мемлекеттік тілін үйренуіне ертерек жол ашқаны үшін шынайы ризашылығын білдірді. Ал, ұлты украин оралдық азамат Станислав Качало 5 баласы қазақ мектебіне баратынын, бір ұлы домбырашылар сайысында жеңімпаз атанғанын мақтанышпен жеткізсе, армян жігіті Давид Сукиасян замандастарын барлық ортада қазақша сөйлесуге үндеді. Осының бәрі өзгелерге сабақ, тәлім-тәрбие, әрбір қазақстандықтың қазақ тілін білуіне зор ынталандыру. Еңсесі биік, іргесі берік ел болуымызға Қазақстанды Отаным деп санайтын әрбір азаматтың үлесі бар. Тиісінше, елімізде тіліне, дініне, нәсіліне қарамастан, барлық азаматтарға тең мүмкіндік жасалған, тең құқыққа ие. Олар бірдей дәрежеде білім алып, еңбек етіп, тіршілік құруда. Елбасының байсалды этносаралық қатынас саясаты әрбір азаматтың ұлттық болмысын сақтауына толық мүмкіндік береді. Қазақстанда 15 тілде, 60-тан астам этникалық ақпарат құралы, оның ішінде 34 мерзімді баспасөз бен 26 сайт тұрақты жарық көреді. Орыс, неміс, өзбек, ұйғыр, корей театрлары жұмыс істейді. 190 жексенбілік мектепте 30-дан астам этностың ана тілі оқытылады. Әлемде дәл осылай барлық этностарға бірдей қамқорлық жасап отырған Қазақстандай ел некен-саяқ. Қазақстанның этносаралық татулық пен ел бірлігі саясаты бүгінде күллі әлемге үлгі болып отырғаны жасырын емес. Ассамблеяның жұмысы мен қазақстандық бірлік құпиясын зерделеуге көптеген мемлекеттер ұдайы ықылас танытып келеді. Соның нәтижесінде Ассамблеяның халықаралық қатынастарының аясы да күн өткен сайын кеңейе түсуде. ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ-ның Ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы комиссары, Қырғызстанның, Ресейдің, Татарстан мен Чешенстанның халық ассамблеялары, сонымен қатар, басқа да көптеген халықаралық ұйымдар біздің тұрақты әріптестерімізге айналған. Бүгінде әлем аласапыранға толы. Мемлекеттер мен халықтардың арасында алауыздық өршіп, бір-біріне қырғи-қабақ танытуы қалыпты құбылысқа айналып барады. Әлемде 800 миллион адам аштықтан, тағы 400 миллион адам шөлден зардап шегіп отыр. Жыл сайын жер бетінде 30-дан астам қарулы қақтығыс ошағы пайда болады. Бұл да бізге татулықтың құны қаншалықты екенін түйсіндіріп, «береке басы – бірлік» екенін терең ұғындыра түсетін жайттар. Дүрбелеңге толы дүниеде елдің ешбір сына қағылмастай тұтас болуы айрықша маңызды. Ел бірлігі дегеніміз, Елбасы айтқандай, ең алдымен қазақтың бірлігі, қазақтың маңына ұйысқан барша этностардың бірлігі. Ешкімді ұлтына, дініне, тіліне қарап бөлмеу, кемсітпеу – зайырлы, мәдениетті елдің белгісі. Кез келген саладағы саясат байыптылықпен, байсалды түрде жүргізілсе ғана баянды болатынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Әрбір істің орайы келетін кезі, жұлдызы туатын шағы боларына, кезең-кезеңімен, қоғамның барлық өкілдерімен келісе отырып жүргізілген саясат қана жемісін берері сөзсіз. Бұл Президент тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап бұлжытпай ұстанып келе жатқан бұл қағиданың ешбір дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома сияқты дұрыстығына әркімнің біржола көз жеткізетін мезет. Қазақта «сақпанды ата білмеген өз басына тигізеді» деген нақыл сөз бар. Күні кеше ғана өзімізбен бірге тәуелсіздіктерін жариялаған, бізбен тағдырлас, көршілес елдердің бүгінгі күндерінен түйілер ой мен жасалар пайым мысалды алыстан іздетпейді. «Өзгенің қателігін қайталамай, одан сабақ алу – ақылды елдің белгісі» деген дана бабаларымыз. Сол себепті де, бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті Елбасы айтқандай мәңгілік болуы керек. * * * «Қазақстан-2050» Стратегиясында белгіленген басты мақсат – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылудың нақты жоба жоспарын қабылдап, оны жүзеге асыруға ыждағаттылықпен кірісіп жатқан тұста өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 21-сессиясы елдік істерге елеулі үлес қосу тұрғысынан мейлінше жемісті болды. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел бірлігін, Ассамблеяның ұлтты ұйыстырушы және қоғамды тұрақтандырушы рөлін және қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудағы ең шешуші факторға балады. Мемлекет басшысы рухани келісім мен бейбітшілік мәдениетінің ата-бабалардан мирас болып, ықылым замандардан қанымызға сіңген басты 7 қағидасын атап өтті. Тең құқылық, ортақ жауапкершілік, байсалды тіл саясаты, зайырлы ел сипаты, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы, жалпықазақстандық мәдениет және Қазақстан халқы Ассамблеясы қағидалары тұтаса келгенде еліміздегі бейбітшілік пен бірліктің формуласын айқындап, Ассамблеяның бүгінгі және ертеңгі келбетін толығымен ашып береді. Ассамблея барша азаматтардың мүдделерін қорғайтын бүкілхалықтық өкілдіктің инновациялық үлгісі, әрі еліміздегі демократиялық үрдістің табысты тетігі, ұлтты ұлы істерге жұмылдыратын халық билігінің органы ретінде болашақта да қоғамдағы рөлін нығайта түсетін болады. Оған қаны бөлек болғанмен, жаны бір, түрі бөлек болғанмен үні бір, біртұтас халқымыздың өмірлік қағидасы – қоғамдық келісімнің ұйытқысы болу, мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының, саяси партиялардың, діни конфессиялардың, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының ортақ үйлестірушісі болу міндеті жүктеледі. Елбасы Ассамблеяға қоғамдағы бейбітшілік пен келісім мәселелері жөніндегі партияаралық ынтымақтастықтың Парламент қабырғасындағы әмбебап тетігі болып қана қоймай, бұл жұмысты аймақтардағы мәслихаттарда да жүйелі түрде жүргізуді міндеттеді. 21-сессияда Мемлекет басшысы ХХІ ғасырдың 5 мызғымас ақиқатын атап өтті. Бірінші ақиқат – тұрақты экономика – тұрақты қоғам. Екінші ақиқат – әрбір азаматтың Конституция мен заңдарды бұлжытпай орындауы. Үшінші ақиқат – этносаралық қатынас, азаматтық теңдік пен тіл саясаты саяси ойындардың алаңы емес. Төртінші ақиқат – елдің ықпалдастық жөніндегі таңдауы халықтың әл-ауқатын жақсартудан бастау алады. Бесінші ақиқат – әлемдік құрылым парадигмаларының көп полярлы сипатқа ауысуына елдің дайын болуы. Бұл шындықтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баршаға танымал «Қазақстан жолын» қалыптастырған «ақиқаттан аттауға болмайды», «алдымен – экономика, сосын саясат», «қуатты бизнес – қуатты мемлекет», «сатылы және ретті демократияландыру», «ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның ұйысуы» сынды қағидаларымен толық үндесетінін айта кеткен жөн. Өткен 20 жылда біздің тәуелсіз мемлекетіміз ғана емес, күллі дүние адам танығысыз өзгерді. Қазақстан қуатты, дамыған мемлекетке айналды. Ал, дүниежүзілік құрылым мен әлемдік экономика күн өткен сайын шиеленісіп, күрделеніп барады. Осынау драмалық өзгерістердің аясында Ассамблеяның негізгі нысанасы – қоғамдық келісім мен бірліктің маңыздылығы шексіз арта түсуде. Біз, Елбасы айтқандай, барымызды бағалай білуге, оны көздің қарашығындай сақтап, дамытып, жетілдіре білуге тиіспіз. Сол себепті, алдағы 2015 жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы болып жарияланды. Бұл этносаралық татулық пен келісімнің бірегей институты Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толуына тұспа-тұс келді. Мерейлі датаның маңызды жылмен сәйкес келуі Ассамблеяға және оның аясында бір атаның балаларындай бірлікке ұйып отырған күллі Қазақстан халқына зор жауапкершілік жүктейді. Келер жылы Астанада өткізу жоспарланған Қазақстан халқының форумы жылдың ең айтулы оқиғаларының бірі болары сөзсіз. Дәл осындай форум бұдан 22 жыл бұрын, ел тәуелсіздігінің 1 жылдығына орай өткізілгені белгілі. Күллі әлемге Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлттық бірлік және қоғамдық келісім моделі деген атпен әйгілі болған татулық пен тұрақтылық институтының негізі сол алғашқы форумда қаланған болатын. Араға 20 жыл салып өткізілгелі отырған екінші форум осы уақыт аралығында атқарылған қыруар істі қорытындылайтын болады. Елбасының Ассамблеяның күнделікті жұмысын реттеп отыруды қамтамасыз ететін арнайы тетіктер қалыптастыру жөніндегі тапсырмасы оның институттық дамуындағы жаңа кезеңге, толығымен қалыптасып біту кезеңіне аяқ басқанын көрсетеді. Үкімет 1 маусымға дейін Алматыдағы Достық үйінің базасында Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік мекеме құруды қолға алды. Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясының Мемлекет басшысы өзі басқаратын конституциялық орган ретінде қалыптасып, Елбасының Ассамблеяға қатысты өкілеттігін қамтамасыз ететін дербес құрылымға айналғанын әйгілейді. Өңірлердегі мұндай құрылымдар тікелей облыс әкімдеріне қарайтын болады, ал аймақтық ассамблея хатшылықтары меңгерушілерінің мәртебесі мемлекеттік қызметкерлер лауазымы тізіміндегі D2 деңгейіне көтеріледі. Осының бәрі Қазақстан халқы Ассамблеясының халық алдындағы мәртебесін бұрынғысынан да асқақтатып, биіктетумен бірге, Ассамблея қабырғасында қызмет етіп жүрген азаматтарға, қала берді ұлт бірлігіне бейжай қарамайтын барша қазақстандықтарға зор жауапкершілік жүктейді. * * * Биылғы Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің мәңгілік мұраттарын паш етіп, ХХІ ғасырдың бел ортасына дейінгі бас мақсатына жету жоспарын айқындап берді. Әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылудың нақты жоба-жоспарларын жария етті. Сан ғасырдан бері сан буын ұрпақ бар ғұмырын сарп еткен ұлы арман – тәуелсіздікті мәңгілік ету, дәуірлер ауысқан сайын кемелдендіре түсу ендігі ұрпақтың қасиетті парызы. Ғасырлар тоғысында әлемдік аренаға шығып, тарих тұрғысынан алғанда қас-қағымдық сәт болып көрінетін 22 жылда кеткенін келтіріп, кемтігін толтыра алған, асқақ рух, асқан жігермен әлемдік даму аламанындағы алпауыттардың қатарына алқынбай қосыла алған жасампаз елдің жарқын болашаққа көз тіккен қырағы жанарының діттеген межесі бір ғана биік. Еліміздің барлық экономикалық игіліктері мен рухани байлыққа ұмтылыстары, ғылым мен білімге, инновация мен индустрияға, денсаулық пен қауіпсіздікке, өзара түсіністік пен әлем халықтарымен татулыққа деген құштарлығының барлығы бір ғана мақсатты – Қуатты ел болуды көздейді. Бұл мақсатқа біз еліміздің бір ғасырдың ширегіне де жетпейтін аз ғана мерзімде қуатты да шуақты мемлекетке айналуына бірегей еңбек сіңіріп келе жатқан ерен тұлға Нұрсұлтан Назарбаев айқындап берген Қазақстан жолымен жетеміз. Қазақстан халқы бүгінге дейін бағындырған биік белестері үшін де, алдағы асқар биіктері үшін де Елбасына риза. Ол қастерлі де қасиетті тәуелсіздікке халқының қолын жеткізді. Өткен ғасырдың соңында іркіттей іріген алып империяның әр қиырында алауыздық пен соғыс ошақтары пайда болып, кешегі бауырлас елдер мен іргелес халықтар бір-біріне қару кезеніп жатқан аласапыран күндерде алыс-жақынның бәрімен тіл табысып, шекарамызды шегендеді, іргемізді бекітті. Бастапқыда бірі көкке, бірі суға, келесісі нуға тартқан сан түрлі саяси күштерді бір арнаға тоғыстырып, елдің саяси тұрақтылығын сақтай білді. Әрбір тігісінен қақырай сөгіліп, шашылып жатқан экономиканы күндіз отырмай, түнде ұйықтамай еңбектене жүріп, халқының қолдауымен құрастырды. Әлем картасында жаңадан пайда болған жас мемлекетке сенімсіздікпен шекеден қараған әлем алпауыттарының барлығымен тең дәрежеде келіссөздер жүргізе отырып, бәрінің бетін бері қаратты. Сол арқылы миллиардтаған инвестиция әкеліп, елді дамудың даңғылына салды, жоқтан бар жасап, азды көбейтіп, көпті телегейге айналдыра жүріп елдің еңсесін тіктеді. Туған халқының кемел келешекке деген сенімін нығайтып, адал еңбекпен алға ұмтылуға жұмылдырды, жастардың ғылым мен білімге деген құштарлығын оятып, дарынын ұштап, талабын қолдай білді. Барша халқын бір атаның балаларындай татулық пен түсіністікке, тыныштық пен тұрақтылыққа ұйытты. Сарыарқаның салқар төсіне күллі Еуразияның жүрегіне айналған ғажайып шаһар – Астананы тұрғызды. Осындай өлшеусіз еңбегімен елінің біртуар перзентіне айналған Елбасының тарихи тұлғасын бүгінгідей бірлік мерекесінде де тағы бір мәрте ұлықтап, барша қазақстандықтардың ризашылығын білдіру артықтық етпесе керек. * * * Біздің ұлы мақсатты еліміз бар, ұлан-ғайыр жеріміз бар. Бабалардан мирас болған қарыс қадам жердің өзін қадірлеп, гүлдендіру – әрбір қазақстандықтың перзенттік парызы. Оны әркім терең түсінеді. Үйдің қабырғасы мықты болуы үшін оның іргетасын мызғымастай етіп құю керек. Біз мемлекеттігімізді нығайтуда оқыс қадам жасамай, байсалды әрекет қылдық. Татулықты ту етіп, бірлігімізді берік ұстадық. Мемлекет құруда болашаққа байыпты қарайтын сабырлы саясат қана сенімді серік боларына өзіміздің де, өзгенің де көзін жеткіздік. Татулық тілі – барлық ұлт, барша дін өкілдеріне ортақ тіл. Қай тілде сөйлеп, қай дінді ұстанса да әрбір азамат татулық тілі арқылы өзара тіл табысады, түсініседі, сыйласады. Адамдар татулықтың тілін түсінбесе Вавилон мұнарасын салушылар сияқты ештеңе де тұрғыза алмайды. Біздің қоғамымыз – тұтас организм. Ал, ел бірлігі – осы организмнің жүрегі. Егер жүрекке ақау түссе, басқа дене қауқарсыз. Саясатта жетістікке қол жеткізіп, экономикада қарыштап дамысақ та, бірлікті сақтай алмасақ, бәрі бекер. Сондықтан, жүрегімізді – бірлігімізді сақтау өзіміз үшін қажет. Бүгін 1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Қасиетті Қазақ топырағында тағдыр тоғыстырған туыстарға, бір туған бауырларға айналған сан түрлі этностардан тұратын бір отбасының мүшелері іспетті қазақстандықтар айтулы мерекені кең ауқымда атап өтіп, бір-біріне жүрекжарды құттықтауларын жолдайды. Бірлік мерекесімен барша отандастарымызды ел бірлігінің тұтқасы – Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан шын жүректен құттықтаймын. Барлық та, байлық та, бақыт та бірлікте екенін әрдайым есте тұтып, бірлігімізді бағалай білейік. Ортақ Отанымыздың аспанын бұлт шалмасын, күн сүйген көк байрағымыз көгімізде желбірей берсін!Мақсат – ортақ Отанымыздың гүлденуі
Астанада «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен «Бірлік пен келісім: қазақстандық бірегей жол» деген тақырыпта «Жас Отан» жастар қанатының «Еркін пікір» пікірталас клубының отырысы өтті. Кездесуге қатысушылар достық пен этносаралық келісімді сақтаудағы бүгінгі заманғы жастардың алатын орнын талқылады. Пікірталас шеңберінде жаһандану дәуіріндегі төл мәдениетті сақтап қалу, тілді және жас қазақстандықтардың білімін жетілдіру мәселесі көтерілді. «Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан бейбітшілік пен тұрақтылықтың арқасында мемлекеттің дамуындағы маңызды табыстарға қол жеткізді. Ендеше, этносаралық келісім мен Қазақстан халқының бірлігін нығайту жастардың болашақтағы борышы болуға тиіс. Осындай кездесулер бейресми жағдайда жастармен араласып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік туғызады», деп атап өтті Б.Байбек. «Нұр Отан» партиясы Қазақстан халқы Ассамблеясымен қарым-қатынасын нығайтып келеді. Мысалы, 2013 жылдың сәуірінде «Нұр Отан» партиясы мен ҚХА арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Үстіміздегі жылы «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты мен Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығы 2014 жылға арналған 24 бөлімнен тұратын ортақ жобаны қабылдады. Этносаралық келісім мен бірлікті нығайту Қазақстанның мемлекеттік саясатында ерекше орын алады. Елде 100-ден астам этностың өкілдері өмір сүреді, Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмыс істейді, оның міндеті – ішкі саяси тұрақтылықты нығайту, Қазақстанда өмір сүретін ұлттық мәдениеттерді, тілді, этностардың дәстүрін жан-жақты дамыту. Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында сөйлеген сөзінде атап өткеніндей: «Барлық қазақстандықтар – бір туған жердің балалары. Біздің бәрімізді бір мәселе толғандырады – бүкіл Қазақстан халқының әл-ауқаты. Біздің барлығымызда бір-ақ мақсат бар – бәрімізге ортақ Отанымыздың гүлденуі». «Егемен-ақпарат».«Байлық байлық емес, бірлік байлық»
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти. Алла Тағаланың жер бетіндегі барша адам баласын әртүрлі ұлттарға бөліп, жаратуы – Жаратушы иеміздің шексіз даналығы. Қасиетті Құранда: «...Бір-бірлеріңді танып-білулерің үшін сендерді халықтар мен рулар етіп жараттық, – деп баяндалған. Құдайға шүкір, еліміз тұрақты даму үстінде. Сайын даланы мекендеген сан алуан ұлт пен ұлыстың өкілі тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Осының бәрі халқымызға берген Алланың сыйы, өлшеусіз рахымы десек, егеменді елді жарқын болашаққа бастаған ел басшысын тағайындап беруі Жаратушы иеміздің тағы бір үлкен нығметі. Халқымыз Тәуелсіздікті тойлап, оны мәңгілік етуді ойлап жүрген жоралы жұрт екенін әлем мойындады. Ендеше, Елбасы айтқандай, баршамыз Тәуелсіздігімізді сәт сайын қорғауымыз қажет. Бейбіт заманды басты байлығы санаған сүйікті Отанымыз әлемге бітімгер, араағайын, ымырашыл іргелі ел ретінде танылды. Осы орайда жұртымыздың жанашыры Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың игі бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық этностарды ортақ мақсатқа жұмылдырып, береке мен бірліктің ұйытқысына айналды. Дін қайраткерлерінің басын қосып, барша халықты діни татулық пен тұрақтылыққа үндеген еңселі елордамыз – Астана рухани келісімнің ордасы екенін еліміздің әрбір азаматы мақтанышпен айтады. Бір шаңырақ астында, бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан 100-ден астам ұлт өкілдері Қазақстанның қарыштап дамуына үлкен үлес қосуда. Ата Заңымызда айқындап жазылғандай, азаматтардың діни сеніміне еркіндік берілген. Бұл – бейбіт жолды басты бағдар еткен еліміздің тұрақтылығы мен тұтастығының үздік үлгісі. Халқымыздың кеңпейілі, қонақжай, бауырмал, дархан мінезі кең-байтақ даламызда бейбітшіліктің салтанат құруына негіз болды. Ұйымшылдыққа ұмтылған ұлтымыз бақыттың бастауы – бірлік деп білген. Қаблиса жыраудың толғауынан алар тағылым мол. – Бақыт, қайда барасың? – Көршімен болған бірлігі, Тағат, ғибадат тірлігі, Ұйымшыл елге барамын. Достық пен ынтымақтың орталығы саналған Қазақстан ұлтаралық қарым-қатынас бағытында көш бастап келеді. Біз санаулы жылдарда осындай жетістіктерге қол жеткіздік. Әрине, мұның бәрі Елбасының байыпты қадамы арқылы, татулықтың арқасында жүзеге асты. Халқымызда: «Байлық байлық емес, бірлік байлық», – деген нақыл сөз бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халықты имандылыққа үндеп қана қоймай, адамдарды ауызбіршілікке шақыруда. Елдің тыныштығы мен тұрақтылығын сақтауда дін өкілдеріне де үлкен жауапкершілік жүктейді. Мешіт имамдары жұма уағыздарында бірлігі жарасқан елге Алланың назары түсетінін айтып, халықты қанаттандырып отырады. Өйткені, діннің мақсаты – ізгілік. Ислам діні мемлекетте, қоғамда тыныштық, әділдік болуын көздейді. Адамды соған тәрбиелейді. Еліміздегі барлық мешіттер мен медреселер бейбітшілік пен бірлікті нығайту жолында қызмет етіп келеді. Ұйымшылдыққа ұйытқан ізгі істер алдағы уақытта да нәтижелі болатынына сенемін. Алла тағала адамзат баласын: «Бөлінбеңдер», деп бауырмал болуға бұйырған. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) басшыға бағынып, бүлік шығармауды үгіттеуінде үлкен мән бар. Ахмет Байтұрсынұлы бабамыз: «Қазіргі заман – өткен заманның баласы, болашақ заманның атасы», деген. Ортақ Отанымыз – Қазақстан халқының бүгінгі бірлігі мен татулығы – болашақ заман үшін үлгі-өнеге, өсиет болып қала бермек. Бүгінгі берекелі басқосу тарих беттерінде алтын әріптермен жазылары хақ. Алла тағала халқымыздың бірлігі мен берекесін, ауызбіршілігін арттырғай. Тәуелсіздігімізді мәңгілік етіп, болашаққа басқан қадамымызды берекелі еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай! 1 Мамыр – бірлік күні құтты болғай!Бас идірген бауырластық
Қызылжар өңірінде қалың орналасқан этностардың бірі – татарлар мен башқұрттар. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың ұлт саясатының өркендеуіне өз үлестерін қосып, ұйымшылдықпен, ынтымақпен еңбек етіп келеді. Олардың өзара татулыққа құрылған сыйластық сезімі өзгелерге үлгі. Бұл жөнінде Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Дуслык» татар-башқұрт орталығының жетекшісі Наиль САЛИМОВТЫҢ айтары көп. – Наиль Камилұлы, достық деген ұлы сөздің құдіретін қалай түсінесіз? – Сөзімді әріден, тарих қойнауынан сабақтайын. Нақты деректерге көз жүгіртсек, біздің аталарымыз Қазақстанға XVІІІ ғасырда қоныс аудара бастаған. Солардың бірі біздің бабамыз Мавлют Валгузин балаларымен 1786 жылы Қызылжар өңіріне келіпті. Қазіргі Мамлют ауданы осы кісінің есімімен аталады. Петропавл бекінісінің іргетасының қалануына, мәдениеттің жандануына да татарлар белсене қатысқан. Саудада, экономикада белсенді рөл атқарған. Осы кезден бастап қазақтармен достық қарым қатынасы жарасып, бас идірген бауырластықтың арқасында құда-құдандалы болысқан, іргесі ажырамайтын туыс атанған. Демек, тілінің ұқсастығы, дінінің ортақтығы өз алдына, бір-біріне деген ағайындық тамыр жаюы тереңнен басталады деген сөз. Облыс орталығы Петропавл қаласының тарихына көз жіберсек, қазақ, татар, башқұрт халықтарының рухани, мәдени құндылықтары мен салт-дәстүрлерінің өзара сабақтасып, қойындасып жатқанын анық аңғаруға болады. Қазан төңкерісіне дейін Қызылжар шаһарында жеті мешіт болып, мұсылмандардың мінәжат ететін қасиетті ғибадатханасына айналған. Бәрі бірлесіп, жекелеген меценаттардың, халықтың қаражатына тұрғызған. Қазақта «білегі күшті бірді жығар, білімі күшті мыңды жығар» деген сөз бар. Міне, аталарамыз бізге осындай ауызбірлікті аманат етіп кеткен. Қандай қиын кезде де сүттей ұйыған ынтымағы жарасып, ырысы артқан. – Қазірдің өзінде сіздердің аталарыңыз мұраға қалдырған сәулет ескерткіштері көп. Кейбіреулері жөнінде аңыздар да бар. – Дұрыс айтасыз. Петропавлдың алғашқы қадасы қағылғаннан бастап Сібір өлкесінде көпестік сауда атағымен аты шыққандары аз болмаған. Азия, Еуропа елдеріне тауарлар жөнелтіп, ол жақтардан қымбат бағалы бұйымдар алдыртқан. Олардың қатарында Янгузаров, Муратов, Дәулеткелдиев, Тюменев, Шамсутдинов әулеттерінің есімдері әлі күнге дейін құрметпен аталады. Бұлар Қызылжардың май, ұн өнімдерін Парижге, бағалы терілерді мұхиттың арғы жағына, Күншығыс еліне жөнелтіп отырған. Диірмендер, банктер, зауыттар, сауда орындарын, қазақ, татар тілдерінде мектептер, медреселер, мешіттер ашқан. Сөйтіп, өздеріне де, өзгелерге де пайда әкелген. Муратовтардың диірмені, Шамсутдиновтардың дәріханасы, Ганшиндердің сауда үйлері әлі күнге дейін қала көркіне сән беріп тұр. Іргесі қаланғандарына ғасырдан асса да сол күйінде сақталғаны таңдандырады. Горький және Ульянов көшелерінің қиылысында орналасқан «Қалыңдық үйін» жас көпес Янгузаров тұрғызған. Бұл жөнінде аңызға бергісіз әңгімелер көп. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары қазақ және татар драма театрлары қатар жұмыс істеп, бір-бірімен тәжірибе алмасып тұрған. –Татар-башқұрт ағайындардың ұлттық мерекелерінің бірі – сабантой. Оның тамыры әріде жатыр. Қызылжар өңірінде қай уақыттан бастап мерекеленіп келеді? – Оны кейде «Дәулет тойы» деп атап, көктемгі дала жұмыстарының аяқталуымен орайластырып отырған. Қарап отырсақ, шығыс халықтарының жаңа жылы – Наурызбен ұқсастықтары көп. Жер жібіп, жер-дүние гүлдеп, масаты кілемдей түрге енгенде адамдардың бойын ерекше жылылық, қуаныш билеген. Қыстың қыспағынан құтылып, осы күнге жеткеніне шүкіршілік етіп, халық болып қызықтаған. «Сабантой» Петропавл қаласы күні мерекесімен қатар атап өтіледі. Ең алғаш рет 1989 жылы тойланып, содан бері бірде-бір үзілген емес. Қалалық демалыс және мәдени демалыс саябағында арнайы сахна құрылып, әр халықтың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары көрсетіледі. Түрлі тілдерде әндер мен билер орындалады. Спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Татарстаннан, Башқұрстаннан арнайы меймандар шақырылып, жергілікті көркемөнерпаздардың да өнерлері тамашаланады. Дәмділігі тіл үйіретін ұлттық тағамдар ұсынылады. Биыл төл мейрамымыздың өңірде алғаш атап өтілгеніне ширек ғасыр толады. Осынау даталы күнге орайластырып, «Надежда» әуесқой жүгірушілер клубының мүшелері 25 шақырымдық жарыс жолына шығуды жоспарлап отыр. Саяси тұрақтылыққа, азаматтық бейбітшілікке, ұлтаралық келісімге негізделген басқа да шаралар атқарылады. Оған қатысушылар ұлтаралық проблемаларды шешудегі қазақстандық тәжірибелер мен ой-пікірлер бөліседі. – Айтпақшы, сізді құттықтап қояйық. Жақында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі болып тағайындалдыңыз. Достық үйінде этномәдени бірлестіктердің қатысуымен өткен жиында өңір басшысы Самат Ескендіров қандай міндеттер қойды? – Рахмет. Петропавл педагогика институтының тарих және қоғамтану пәндері факультетін бітіргеннен кейін еңбек жолымды мұғалімдіктен бастадым. 17 жыл облыс орталығындағы № 21 мектепке басшылық еттім. Бірнеше жылдан бері «Дуслык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігіне жетекшілік етіп келемін. Содан бері өзге де этномәдени бірлестіктермен ортақ үйіміздегі татулық пен келісімді одан әрі нығайту бағытындағы байланысымыз үзілген емес. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесімін. Сірә, басшылық және қоғамдық қызметтердегі азды-көпті тәжірибем ескерілген болар. Қазақстан халқының атадан балаға жалғасып келе жат