Аймақтар • 19 Шілде, 2022

Street workout турнирі

229 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысының үздік атлет­тері Қапшағай су қоймасындағы «Жағажай» спорт алаңында жиналды. Олар елімізде тұңғыш рет ашық аспан астында өткен Street workout турниріне қа­тыс­ты. Жарыс тұңғыш рет ұйымдастырылғанына қарамастан, турнирге қатысуға 180 спортшы өтінім берген екен.

Street workout турнирі

– Street workout бойынша осы туринирді қабылдап алу – біз үшін үлкен мәртебе. Бұқаралық спортты дамыту – Мемлекет басшысының алдымызға қойып отырған міндет­терінің бірі. Бұған дейін Oceanman жаппай жүзу жарысын да өткізген едік. Жаңа мәртебесіне сай Қонаев қаласының спорттық инфрақұрылымын одан әрі дамытатын боламыз. Осы турнирді өткізу балалар мен жастардың белсенді әрі саламатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылығын арттыруға оң ықпал етеді. Жалпыреспубликалық тур­нир­дің дәл біздің қалада бас­талуының өзінде символдық мән бар, – еді Алматы облы­сының әкімі Марат Сұл­танғазиев жарыстың ашылу салтанатында. 

Өз кезегінде осы турнирді өткізу жөніндегі идеяның авторы, белгілі продюссер Нұрлан Қоянбаев барлық қатысушыларды құттықтап, турнирдің күзде Нұр-Сұлтан қаласында өте­тін гранд финалына жетулеріне тілек­тестігін білдірді. Ал жарыстың қатысу­шылары мен көрермендері үшін жоба амбассадоры, жаттықтырушы, актер Ай­тым Жақыпов өз тобымен бірге шебер­­лік сағатын өт­кізді. Айтпақшы, Ай­тым Жа­­­қыпов street workout бойынша Қазақстанда және әлем­де
бір­не­ше дүркін рекорд жасаған спортшы және Еуропаның street lifting бойынша рекордшысы да атанған бірегей тұлға.

Қонаев қаласында тұсауы кесілген Street workout тур­ни­ріне қатысушылар сал­ма­ғы мен жасына қарай тоғыз санат бойынша бақ сы­на­ды. Жеңімпаздарға 50 мың­нан 200 мың теңгеге дейін ақшалай сыйлықтар беріл­ді. Бұдан бөлек, Алматы облы­сының әкімі Марат Сұлтан­ғазиев ең ересек қатысушыға, яғни 76 жастағы ардагер Бұлар Мейіржановқа арнайы сыйлық тағайындап, оның спорттағы бұл қада­мы­ның өзгелерге үлгі болар­лық іс екенін атап өтті. Сол сияқты он үш жасар Әмір­хан Әнуарбеков ең жас қатысушы номинациясының жеңімпазы атанды. Жалғыз әйел қатысушы Жі­бек Құ­лым­бетованың да талпыны­сы ескерусіз қалған жоқ.Көрер­мен көз­айымы аталымында Қарасай аудан­дық ПБ патрульдік қызметінің инс­пекторы, аға лейтенант Алхазур Дадаев үздік деп танылды. 38 жасар құқық қорғаушы турнирде по­лиция формасын киіп қатыс­қанын да атап өту керек. Жалпы, қызықты өткен іс-шара қазақстандық эстрада өнері иелерінің концерттік бағдарламасымен аяқталды.

 

Алматы облысы