Екі күн ішінде қатысушыларға жетекші шетелдік және қазақстандық IT-компаниялардан 100-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Олардың қатарында inDriver, Glovo, Binance, Ticketon.kz, Sergek, Naimi, Kazdream, IMAS секілді белгілі компаниялар бар. Жәрмеңкеге ұзын-саны 400-ге жуық адам қатысқан.
Іс-шара аясында Astana Hub Beta Career/Freelance School бағдарламалары туралы айтылды. IT Recruitment Ольга Пак IT-салада жас мамандарды жалдаудың ерекшеліктері туралы презентация жасады. Ал жұмыспен қамту орталығының маманы Әйгерім Мерсат жастарға арналған мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпаратпен бөлісті. Сондай-ақ ұсынылған подкасттардың ақпараты да қызықты және пайдалы болды. Олар шетелдік компаниялардан қашықтан жұмыс іздеуді, шетелдік бос жұмыс орындары үшін түйіндемені дұрыс құрастыруды үйретті және сәтті мансап пен идеалды кандидат формуласы туралы айтылды.
– Мен Alem бағдарламалау мектебінде оқимын және коммерциялық бағдарламалау бойынша білімімді жетілдіруге бел будым. Тағылымдамадан өтуді немесе жұмыс табуды жоспарлап отырмын. Сондықтан осында келдім. Мұнда көптеген пайдалы ақпарат алдым, – дейді жас бағдарламашы Мақсат Мамбеталиев.
Naimi.kz маркетплейсіне middle back-end әзірлеушісі, middle android developer және қолдау менеджері қажет екен. Компания жас мамандарды да, тәжірибелі қызметкерлерді де қарастырмақ. Kazdream ІТ-холдингі қауіпсіз және жайлы болашақ құруға дайын пікірлес адамдарды іздейді. Компания жәрмеңкенің нәтижесінде тағылымдамадан өтуге немесе жұмысты бастауға ниетті мамандарды тапқанын хабарлады. Ал InDriver компаниясы өнім дизайнеріне, Global Operations маманына, контекстік жарнама менеджеріне және басқа да мамандарға іздеу салды.
– Astana Hub Job Fair мемлекеттік, квазимемлекеттік және IT-саладағы жеке компанияларды, фрилансерлерді, жоғары оқу орындары мен бағдарламалау мектептерінің студенттерін бір арнаға тоғыстырды. Жұмыс іздеушілер жұмыс берушілермен жүзбе-жүз кездесіп, қызықтырған сұрақтарға жауап алып, спикерлердің кеңестерін тыңдады. Жәрмеңке нәтижелі болды деп айтуға толық негіз бар, – дейді Astana Hub атқарушы кеңсесінің директоры Дания Ахметова.
Еске сала кетейік, Astana Hub Job Fair 2022 білікті кадрларды іздеу тұрғысынан қазақстандық және шетелдік IT-компанияларды қолдау мақсатында өткізілді. Өмірін IT-саласымен байланыстырғысы келетіндерге бұл әлеуетті жұмыс берушілермен танысу үшін жасалған тамаша мүмкіндік. Astana Hub алдағы уақытта да IT-саладағы HR-алаңды белсенді түрде дамытуға ниетті.