Әдебиет • 19 Шілде, 2022

Ғабиден Мұстафин: Өндіріс эстетикасы

1795 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
Ғабиден Мұстафин: Өндіріс эстетикасы

Өнегелі өмір

Туындыгер тұлға Ғабиден Мұс­тафин 1902 жылы 26-шы (кей­­бір ­деректер бойынша 29-шы) қараша­да дү­ниеге келді. Қарағанды өңі­рі, Бұқар жырау (Тельман) ауда­ны­на қа­расты, қазір­гі Теміртау зауы­ты тұр­ғызылған ­жерге таяу маңда, Нұра өзені бойында, Жауыр, Қо­жыр таулары­ның ­шашыранды жал­ғасы Сартөбе етегінде туған екен.

Дәстүр сақтаған, жөн білетін ескі әулет перзенті. Ертеден, сахара – тұма бастау, өзен-су, көл жағалай қонған ел – айлы түндер алқа-қотан отырып, алагеуім мезгіл, елең-алаң, таң бозарып атқанға дейін жыр-дастандар желісінен хикаяттар шертеді, қисса-хикметтер айтады, күй тоқтамайды, ән үзілмей­ді, ұзандар енгізген жөн-жо­сық, үкі қадаған сал-серілер, ұлық ақын­­дар орнатқан қазақ қоғамы, түйе қомында туып-өскен жұрт, ат жалындағы өркениет, көшіп-қонған, киіз туырлықты өмірін әшекейлеген әдет-ғұрып, жас та­лант­тардың жарқырап көрінетін тұсы, игі жақсының жамырап көзге түсетін кезі, өнерпаздың аузы­на қараған, сөз қадіріне жеткен қара орман халық, төрінде би-шешені қаулай сөйлеген он екі қанат ақ үй, ауыл-аймақ, бәрі тегіс жиналады, кеш бойы, түн қатып, тозығы жеткен ескі кітаптан қиял-ғажайып ертегілер оқып, тәмсіл шашып, жыр төгіп, қоралай қоршап, ұйып тыңдаған, аңыз-әпсаналар құшағында ұйықтаған, ұлы номадтар салтын, таңғажайып тыныс-тіршілігін, ой-қырын, қала берді, ұлысын ардақтаған ұлттық сана-сезімге ие.

Ежелгі ел шежіресі бойынша, арғы аталары – қалың арғын тай­пасына жататын Қуандық тарма­ғының бір саласы, беделді руы – Мұрат елі.

Өскен ортасы – алпыс үй Елібай ауылы. Бір сөзінде жазушы, Елібай, қау көрік Сиқымбай Бегайдардан туады деп көрсетеді.

Жасында ел қорғап, жер қоры­ған жаужүрек бабасы Матай кейін басына он екі мың қой біткен дәу­лет иесіне айналады.

Қыдыр бабасы байлығы болмаса да, шаршы топта сөз сөйлеген, ел басқарған кісі деседі. Матайдан Қыдыр, Қыдырдан – Ахмет, Алда­берген, Мақаметше, Мұстафа, Қа­метжан – Мұстафадан, өз алдына: Зейне, Ғабиден, Әбдікәрім, Әбдіхалық, Ғазиз тарайды. Қалам­гердің өз әкесі Мұстафа екі мәрте қажылыққа барған адам екен, мектеп көрмесе де, дінге берік, мінезі томаға-тұйық, момын әрі тілді кісі, құйма құлақ атанған зерек, сергек тұлға. 1952 жылы 87 жасында дүние салады.

«Жол үстіндегі сыр» атты очер­кінде Ғ.Мұстафин былай деп жазады: «Мен есімді білер-білмес кезімде жерімізді переселенец алып, алпыс үй Елібай Жауыр­дан көшеді. Спасс заводының шы­ғыс жағында он жеті километр – «Көк­­талжарық» деген жерге ке­ліп орналасады (1907 жылдары). Атамекенінен айырылған елдің зары, жермен қоштасқандары, келімсектер мен тұрғын ел ара­сын­дағы ұрыс-жанжал, кісі өлім­дері менің көңіліме өлмейтін ғажап суреттер қалдырып кетті».

Көзін тырнап ашқалы, азан уақытынан дін сабағын оқып, со­ңыра, «1916 жылы Спасс заводында табельщик болып (жұмыс) істейтін Мауқымның Жүсібі дегеннен бір жыл» орысша сауат ашады. Бесжылдық орыс-қазақ мектебінің бірден төртінші бөліміне оқуға түсіп, оның төртінші жылын то­лық бітіреді. Бірақ соңғы жылын аяқтамай кетеді. 1918-1925 жылдар аралығында ауылда болады.

Сосын 1925-1930 жылдары Қы­­зылорда қаласында, астанада Қа­зақстан Жоғарғы сотына қатынас қағаздар тіркеуші қызметіне орналасады. Газет-жорналдармен араласа бастайды. 1927-1928 жылда­ры «Сәрсен мен Боқаш» атты алғаш­қы әңгімесін жазады. «Ер Шойын» атты әңгімелер жинағы 1929 жылы басылып шығады.

«Әліме қарамай Тоғжанов, Сей­­фуллин сияқтылармен пікір та­ластыра бастап едім, Сейфуллин­нен басқасы әдебиет майданын­да қағажу көрсетті. Жазғаным өтпей қойған соң, жылы май айының ішінде Қарағандыға жұмысқа кеттім... мен жұмысты жер қазу­дан, темірлердің тотын қырудан бас­тап, бірнеше сатылардан өткен соң, ­токарь болып шықтым».

1933-1938 жылдары газет жұ­мысына сұранып, Сібір асып, Новосібір барады, жат жерде, бөтен қалада «Қызыл ту» басылымында қызмет етеді. Кейін Алматыға оралады. Белсенді шығармашылық кезеңі басталады: «Өмір мен өлім» (1940), «Шығанақ» (1945), «Қарағанды» (1952), «Дауылдан кейін» (1960), «Миллионер» (1948), «Көзкөрген» (1963) туындылары жазылады. Қаһарман қаламгер өнерде болсын, өмірде болсын, ешқашан арманын, ар-ожданын, әріптесін сатқан адам емес, қолға алған ісіне қашанда адал еді, әділдік туын тігіп, шындық жағында болды, сара жолынан тайған жоқ.

 «Қан» және тағы да басқа әңгімелері туралы

Бірде, 1827 жылы Гетенің хат­­шысы Эккерман ұлы ой­шыл­дың қазіргі кезде «әлем әде­биеті қалыптасып келеді» деген (Weltliteratur) тарихи сөзін қойын дәптеріне түртіп жазып қойған екен. Сөйтіп, неміс хал­қының кемеңгер перзенті Гете сө­зінен үздік ұлттық туындылар­дан құралған дүниежүзілік әдебиет шежіресі басталады. Озық шы­ғарма оқысақ не көзге түсіп жатса немесе таныса қалсақ, әлем әде­биетінің асыл қазынасына енген туынды деп баға беріп жатамыз. Бұл жоғары баға. Әлем әдебиеті қатарына кірді, қосылды деген қорытынды қалам иесінің шүбәсіз, сөзсіз дарындылығын білдіреді.

Ғабиден Мұстафин шығар­ма­шылығы – әлі де болса толық ашылмай жатқан алтын көмбе, адамзаттың аса қымбат асыл қазы­насы. Жазушы Ғабиден Мұста­фин өз шығармашылығы жолын­­да әлем әдебиетінің тарихи даң­ғыл жолын жүріп өтті. Ол (қазақ әдебиеті) – дүниежүзілік үздік ұлттық әдебиеттер топтамасының бір шоғыры. Бір бөлшегі.

Қайта өрлеу әкелген бос­тан, еркін өнер артынан барокко ­(«әсемдіктің теріс формасы»), клас­сицизм (антикалық әлемге елік­теген, XVII) туындайды, кейін ағар­тушылық – классицизм, реализм, сентиментализм, алдыңғы романтизм ағымдарына ұласады, одан рококо дамиды, сахнаға пас­тораль, бейәдеп, мемуарлық, га­ланттық проза көтеріледі (XVIII), романтизм, реализм, натурализм (XIX) ағымдары қалыптасады. Сосын, модернизм билеп-төстеген заман келеді. Кеңес тұсында соц­реализм өрбиді.

Бұл – модерн-әңгіме: сөз нығыз, сөйлем ықшам, шығарма көлемі шағын. Әрекеті анық. Қалам бейнелеген қаһарманы жасанды не әсіре белсенді емес, пафос мүлдем жоқ, жазғаны – байыпты, бейтарап, әуезді.

Автор – сөз зергері. Екі заман­ның алтын көпірі.

Мерген, ділмар шешен, бірақ ауыз екі тіл мен әдеби тіл екеуін айырып тұрған тәртіп екенін аңға­рады. Тәртіп – мәдениет белгісі.

Сөзінде – салмақ, ойында сауа­лы бар. Модерндік шарт: уақиға жоқ жерде іс-әрекет көбейеді. Ертеде, Фолкнерден байқаған едік, ол Борхестен үйрендік дейді, Борхес әлем әдебиетінен көрген шығар. Ғ.Мұстафин тәлім алған екі ұстазы анық: Лев Толстой мен Виктор Гюго. Кейін Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповтің жаз­­ғандарын ұната бастайды.

Қарасөзіңде бір құдірет бар. Автордың жазған сайын жазғысы келеді. Біз оқимыз. Көркем лири­калық мәтінді тастап, өндіріс бей­несін асқақ эстетикалық биікте көрсете білген жаңа прозаға өту оңай шешім бола қоймағаны рас.

«Біз екеу едік. Қойтастың қа­лың бұйратын қақ жара, Қонай шоқысын бетке алып, жүріп ке­ле­міз, жақын жерде ел болатын сиқы жоқ. Ұры-қарыдан да қауіпсіз емеспіз. Қарайған көрінсе, жүрегіміз өрекпи бастайды. Ат қатты пысқырып қалса да, жолдасым жамандатқырлап шаужайға қағады».

Задында, әлем әдебиетінде бір үлкен мәселе бар – ол, шығарма бастау мәселесі. Бірінші, сөйлемнің формалық ізденістері сабақтасқан кейінгі мәтінге жарық түсіріп тұрады: «Біз екеу едік».

«Әзір ел қарасы көрінбейді. Жүрген сайын Қонай шоқысы көз ұшында бұлдырап, артымызда қалып барады. Алдыңғы жақтан екенін айырғысыз көгілдір, мұнар ма, ала бұтаның түтіні ме, әлде ел ме, әйтеуір бір мұнартқан көріне бастады».

Негізі, сөз өнерінің көркемдігі оның дәлдігінде жатыр. Жазған сөзі айқын мәтін контексте ғана күңгірт, ұсақ-түйек дүние, майда деталь қысқа эпизодтарда сейілген тұман тәрізді ашық, ағарып атқан таң секілді тұнық, мөлдіреген судай таза көрінеді.

«Тыңдап тұрыстық... біз тұрған жерден қашықтау сияқты. Маса­ның ызыңындай ғана өлусіреген дауыс естілді. Анықтап білейік деп кідіре тұрдық... Бір кезекте дауыс жақындап, анықталғандай бол­ды. Дүбірлеген тасыр-тұсырмен жер жаң­ғырықты. Азынаған ащы да­уыс «аттандап» құлақтан өтті, бұдан әрі тұра беруге мен шыдамадым, жүрегім аттай тулап, кеудеме сыймады. Буындарым қалтырап, дір-дір етті. Кідірген сайын тасыр бізге қарай таянған тәрізденді».

Ғабиден Мұстафин модернизм дәуірінде өмір сүрді. Еуропада жүріп жатқан өзгерістер қазақ прозасына да дәнекер әдеби үлгілер арқылы ене бастады. Мұхтар Әуезовтің «Көксерек», Ғабит Мүсі­реповтің «Ұлпаны», Спандияр Көбеевтің «Қалың малы», Ғабиден Мұстафиннің «Kөзкөргені» көр­некті мысал бола алады.

«Тағы да біраз кідіріп тыңдап едік, аттан даусы қойылып, жамы­раған сөз естілді. «Түсіріп алған екен, жүр», деп Ахмет жорта жө­нелді. Лез болмай жылқыға да келіп қалдық. Жылқы ішінде жиырма-отыз кісі жүр екен, «елміз, сауға» деп Ахмет іштеріне кіріп кетті».

«Қан» әңгімесінде тыныштық бар. Тыныштық көшедегі шуды, даладағы ылаңды естіртеді. Бірақ басқа айқай-шуды басып, ылаңды тұншықтырады. Үйде бір жерде су тамып тұрса, онда жаза беріңіз, тыныштық орнады деген сөз.

«Тұрғандардың ортасында екі жігіт қатарынан сұлап жатыр. Еке­уінің де басы қып-қызыл қан, бауырдай боп қатып қапты. Аяқ жақтарында жатқан қос ақтабан сойылға дейін қызыл қанмен бояулы, оның үстіне біреуінің аяғы сынып, жинап ала алмай жатқан көрінді».

Озық әдебиет үлгілері кеңіс­тігіне – модерндік талғам үстемдік орнатқан кезде – қазақ зиялы қа­уымы қазақ тіліне орысшадан классикалық дүниелер мен жаңа ағымдар тудырған шығармаларды аудара бастады. Біздің мысалымызда ол мынадан көрінді: бірінші, Ғабиден Мұстафин шығармала­ры ықшам, екінші, сөйлемі қысқа, үшінші, көңілді алаңдатар, мәтін атмосферасынан адастырар, лин­г­вистикалық ауытқулар жоққа тән, бір сөйлемде бүтін бір оқиға жү­реді, бесінші өзіне қойған талаптар бұлжытпай орындалады.

...«Cоққыға жығылып жат­қан екеудің бірі – Бәлкен байдың Шойын деген жылқышысы екен. Екінші жатқан – Төкіш мырзаның жігіті болып шықты. Төкіш өткен қыс жері мұздақ болып қалып, екі елдің шекара жері Қараөзекте жылқыларын қостап шығарады. Бәлкен ол жерді қашаннан бауыр­ басып жүр екен. Кісі жіберіп Тө­кіш­тің қосына «көшесің» дейді. Қос кеше қоймаған соң, үш-төрт ат, айғырды ұстатып алып, бас­қа жылқыларын қуып тастапты... Араз­дықтың бас пәлесі нем».

Әңгіме жеңіл жазылған – жеңіл оқылады. Әр тұстан шыққан дыбыс, түн жарып жеткен үн, сайын­ даланы дүрліктірген жылқы дү­бірі төңіректе бір айқас, шағын қақтығыс жүріп жатқанын айғақ­тайды. Серігі Ахмет барым­та­шы­лардың қолға түскенін, жағ­дайдың күрт өзгергенін, кімнің кім екенін жау аңдыған жігіттер­дің түнгі оқшау-оқшау, жарқын-жарқын сөйлеген дауыстарынан танып қояды. Қараңғы далаға қарап тұрып, қиқудың қай жақтан шыққанын ажырата білген Ахмет бәрін түсініп отыр, атыс-шабыс­тың бағыт-бағдарын күндізгідей дәл анықтайды. «Қан» әңгімесі шығармашылық жөн-жосық, жоба-жоспарын айқындаған алғашқы әдеби қадамы еді. Бұл туындымен бірге жарияланған «Қашқын», «Тұтқын», «Қадірлі қонақ» әңгі­ме­лері – «Қанмен» деңгейлес дүниелер.

«Содан бері Төкіштің көкейі­нен кекті алу шықпай жүріп, бүгін бес-алты жігітті барымтаға ат­тан­дырған. Барымташылар кешке жақын «Қос емшектің» келіп бе­кініп жатқанын жылқышылар кө­ріп қалады. Жаудың бесеуі бірден бытырамастан тіле қосып отыр­ған, Шойын жеткен соң, араларын ашып ортаға алып қапты. Бес со­йыл бесеуі бірден тиіп ат-матымен Шойын сол жерде тоңқалаң аса жығылады, бір аяғы аттың астында қалып, жіліншігін сындырып жібереді».

Қаламгер бір кезде көңілі құ­лаған ұстанымына қылдай да бір қиянат жасамаған екен. Модер­низм әлем әдебиетіне жаңа машық әкелді, қысқаша айтқанда, форманы жаңартты. Жазу мәнері өзгерді, мұраты ауысты, ең қызығы, жазу технологиясы ашылды.

«Міне, мен көрген сынық аяқ қара жігіт – Шойын. Оның қа­сында жатқан ілмиген сұрша жігіт Көкіштің жігіті екен. Түсірген жер­­де арттан жеткендер ұрып қал­ты­ратып тастаған сияқты. Жиы­лып тұрғандардың арасында әлі де ашуы қайтпағандары нұқып ке­тіп жүрді. Жау түсіріп, көңілі көтеріл­ген ел жамырай сөйлеп, ауыл­да­рына бет алды. Қанға көміліп, жарамен күптелген қос азаматқа, қабақ шытқан жан шамалы көрін­ді. Ахмет екеуміз Талдының аяқ жа­­ғында отырған нағашыларға бұрылдық».

«Алыптың кереметтері», «Шы­ныдан туған қозы», «Күлмеген адам», «Құлаған құз», «Туған жерде», «Жезқазған», «Жаппархан» көркем әңгіменің өзі не көркем әң­гімеге жетеқабыл туындылар. Жанры көрсетілмеген, бірақ бұл – топтамаға енген, кіші проза жанры үлгісіндегі жинақтың басы мен аяғында тұрған екі очеркті оқығандағы туған ой. Кітапты же­тілдіре, кемелдендіре түседі. Сюжеті емес, ерекше атмосферасы елді оқуға тартып, жетелеп шақырып тұрады.

Қысқа сөйлемде нүкте де ма­ңызды. Нүкте сөйлемнің аяқтал­ғанын ғана білдірмейді, ол мәтін еркіндігін, сөздің шексіздігін, та­ным шектеулігін аңдатады. Ше­кара әдетте кеңістіктің көлемін бел­гілейді, кез келген нәрсенің ауда­нын анықтау үшін белгілі бір кезеңде оның не енін, не биіктігін, не ұзындығын, қала берді, үшеуін де қатар шектейді.

Бірақ нүкте қойылған жерден жаңа сөйлем басталады. Тыныс белгілері сөздің бір қырын ашады. Көп нүктеде төмен пафос бар. Айқай-шу да – жоғары пафос. Әуелден қалыптасқан атмосфераны тек үтір мен нүкте ғана бірқалыпты күйінде сақтайды. «Қан» әңгімесінде бұл талап-тілек­тің бәрі бар. Бұл тұста аустра­лия­лық жазушы Ральфа де Буасье пікірін келтіре кеткенді жөн көрдік: «Сіз қарапайым әрі ықшам жазасыз, халқыңызға бәрі анық, қысқа сөзіңіз поэзияға толы. Сабырлық, байыптылық, шекара, ұстаным, тіпті, эмоцияның өзі бейтарап күйінен өзгермейді».

«Қарағанды» романы

Өткен ғасыр көшпелі жұрт өмі­ріне жаңа бетбұрыс әкелді. Кенесары аңсаған техника – са­йын дала, құла дүз, қыр-жота – жық­пыл-жықпыл бұйра толқынды тау-үстірт үстінде қаптай бастады. Капитализм көмір, темір, мыс рудаларын үйіп-төгіп артқан ырдуан арбаларды қинала сүйреген машина күйінде, аузынан от шашқан зеңбіректер түрінде көрінді.

Жауды толық жеңіп бітпе­ген жұрт қаруын тастап үлгермей жатып, жаңа күрес басталды: бесжылдық еңбек майданы ашыл­ды. Көміршілер құдық са­нын көбейтуді мақсат тұтты. (Қара­ғанды-Теміртау бір өндірістік цикл құрды). Жан-жақтан мамандар ағылды.

Роман С.Щербаков тобын, Дон­бастан келген меймандарды (механик Б.Козлов, слесарь Лапшин, инженер Орлов) қарсы алудан басталады. Ермек қолындағы зауыт кілтін жаңадан сайланған трест бастығы Щер­баковқа табыс етеді.

Жергілікті партия нұсқау­шы­лары – Тельман аудандық атқа­ру комитетінің төрағасы Қанабек, парторг Мейрам қатысқан топ алдында ескі шахтер, еңбек ардаге­рі Щербаков жолдас қысқаша сөз сөйлейді: «Осы далада Апақ Байжанов қой бағып жүріп, суыр інінен Қарағанды көмірін тапқалы жүзге жуық жылдар өтіп барады. Содан бері орыс-ағылшын капиталистері қазақ жерінің бай­лығын, қазақ халқының арманын осы кілтпен жауып ұстағандай болса, біз енді осы кілтпен бәрін ашамыз».

Пафос уақытына тән. Шығар­маның өз алдына идеологиялық мақсат қойғанын жоққа шығара алмаймыз. Автор оқырманына емеурін тастайды, ойын аңғартып өтеді. Щербаков сөзінде қалам­гердің идеясы жатыр. Басында айтылған арман-мұрат аяғында жүзеге асып жатқаны көрсетіледі.

Енді шығарманың соңына ауысайық. Пафос өзгермеген, жа­­сампаз еңбек атмосферасы бір­­қалыпты, кейіпкерлер тү­гел ор­нында, болашақ айқын, мұ­­­рат – жалқы. Бірақ бізді қы­зық­­­тыратыны – образдың саяси тұл­­ғасы емес, өндірістік қаһарман­дардың жанрлық толымды не то­лымсыздығы.

«Көмір тиеген ұзын составтар Оралға, Балқашқа тартқан үлкен жолдарға әр тұстан құйылып жатыр. Аяқ астындағы терең забой­дан шыққан мына пойыз да кең арнаны жаңғырта солай тартты. Жол үсті тынымсыз ағын. Тау суын­дай шапшаң, қара бұйра кө­мір ағыны сарқырай ағып барады... Щербаков: Сонау бұлдырап көрінген сораң, Шерубай Нұрасы Қарағандының жаңа аудандары болады. Көмірлі қала енді солай қарай өседі. Жұмыс аумағы екі-үш есе ұлғаяды. Борис Михайлович комбайнды тез бітір...».

Кітапқа қызығып кіресіз, бұ­зы­лып шығасыз. Бұрын елеп-ес­кер­меген есіл дүниелер еске тү­седі. Ғабиден Мұстафин шы­ғар­маларынан көшпелі мәдениет­ті тық­сырып, ығыстырып келе жат­қан өркениет дабысы естіледі. Зауыт пештері гүрілдеп, қыза түседі. Шойын пойыздар лек-легімен бел­гісіз бір жақтарға асығып кетіп бара жатады. Алғашқы сөйлемінен ақырғы жолына дейін темірдің балқығаны, көмірдің жанғаны құлаққа жетіп жатады. Әрі-бері жүйткіген көліктер отанымыздың алып жүрегіндей тоқтамай соғып тұрады. Оқыған сайын от жалыны күшейеді. Ыстықтың табы кітаптың бетін ашқанда қарсы алдыңыздан біртіндеп жайлап есіп, соңыра бетіңізді күйдіре бас­тайды. Құдыққа түскендер бір-біріне дауыстап тіл қатады. Көмір қазушылардың темір қайласы байласқан, тұтасқан көмір тастарын оңай бұзады, қабырғалар құлағанда, ыдысқа төгіледі, тол­ғанда жоғары өрлейді. Металл үні, ара жүзі әлсін-әлсін тоқтап-тоқ­тап қойып, көп ұзамай, қайыра жұмысқа кіріседі. Мамыражай шақ, бейбіт еңбек, күнделікті қарбалас артында, тыныш өмір сыртында, бір алапат күтіп тұрғандай әсер қалдырады. Бірі бай кәмпескелеп келе жатады, бірі колхоз құрамыз деп шапқылап жүреді. Әйтеуір қазақ даласында тыным жоқ, ел шулаған, жұрт дүрліккен, тап тартысқан заман. Бұл 1920-жылдары еді. Жарлы-жақыбай бас қосып, оңаша, оқшау жинала қалса, бай-шонжарды тізімдеп, Ібір-Сібір асырамыз, Итжеккен айдатамыз деп даурығады. Кіжінеді. Қырдағы ауыл қызығынан айырылды, еңбек тоқтады, жұрт тозды. Советке қарсы дәулет иелері (Ырымбек, Бейсек) қолдан келгенше зиян тигізіп бақты. Таптық күрес әлсіреудің орнына күшейе берді. Автор, неге екені белгісіз, Бухаринды зиянкестер көсеміне сайлап қояды. Қазақ жатақтары (Жанәбіл, Ермек, Жұманияз, Сейталы) қара шоғырлана бастайды. Қайран алаштың өз күресі бар еді. Қырғыны да көп. Партия бөлімшесінің жетекшісі Мейрам жолдаспен пойызда танысамыз. Бұл эпизод «Нақұрыс» пен «Анна Каренина» романдары ситуацияларына ұқсап кетті. Қырдан қалаға ағылған көшпелі жұрт, негізінен, ірі өндіріс ошақтары жанынан қоныстанды, бір жерге орнығып, тұрақтана бастады. Кітаптың бетін қайырған сайын домна пешінің қақпасы қайта-қайта ашылғандай, лап еткен көмір қызуының лебі бетіңізді қарығандай болады.

Романда «аға халықтың» со­веттік бейнесі, жасампаз образы жақ­сы көрсетілген. Жергілікті еңбек­шілер екінші қатарда. «Ор­нын біледі, өзгенің миссиясын жақ­сы түсінеді».

Бірақ бәрібір, қазақ тарихын­да «Қарағандыдан» асқан өндіріс­тік роман жоқ: себебі алғашқы кәсіп­орындарды тұрғызып, кен қазып, шикізат күреп, қарапайым еңбек қаруымен қаруланып, өнім өндірген қым-қуыт заман туралы, ерекше атмосферасы жайлы шыншыл, шынайы, басқа шығарма енді жазылмайды, тап туралы – қазақ бастан кешкен ұжымдастыру науқаны өндірістендіру тақсы­ретіне ұлас­қан қасіреті қақында – қалам тартар ешкім жоқ, тіп­ті ғылыми-техникалық ре­волю­цияның мамыражай уақыты өтті. Социалистік қоғам құрылды, жет­піс жыл бойы жалған сөйлеп жа­мырай өмір сүрдік. Жеті күн­де құрыды. Біз оңай құтылдық. Бірақ роман құнды­лығы дәуірдің көркем образын жасаған автордың суреткерлігін­де һәм тақырыптың ерекшелігінде.

Сөзімізді түйіндесек, «Қара­ғанды» романы Ғ.Мұстафин шы­ғар­машылығы ғана емес, қазақ және әлем әдебиеті шеңберінде кезінде ұрандатып келген жаңа жанрдың көрінісі. Егер біз эсте­тикалық ұстанымнан туатын көз­қарас тұрғысынан қарайтын бол­сақ, құбылыстың эстетикалық құндылығы қоғамда қалыптасқан нормаға байланысты бағаланады. Яғни көзқарас менікі, ұстаным қоғамдыкі. Жалпы, ұстаным жеңе ме, әлде, жеке көзқарас үстем шыға ма, оны Құдай біледі.

 

Дидар АМАНТАЙ