Қоғам • 19 Шілде, 2022

Қандас жастар Түркістанда білім жарыстырды

353 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өзге жұрттарда білім алып, тәрбие үйреніп жатқан ұл мен қызды атажұртына тарту мақсатында, елімізде бір жақсы іс-шара Президент өкімімен жүзеге асып келеді. Ол 1996 жылы «Дарынды балаларға арналған мектептерді мемлекеттік қолдау» негізінде Үкімет қаулы қабылдаған еді. Соның арқауында өз Отанымыздағы дарынды ұрпақпен бірге, алыс-жақын шетелдерде өмір кешіп жатқан бауырлардың баласын бабаларының кіндік қаны тамған киелі топыраққа тарту мақсатында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы осыдан 19 жыл бұрын «Қазақстан – атажұртым, қасиетім – ана тілім» атты олимпиадаға ұйытқы болған еді. Оның негізгі мақсаты, қазақ тілі мен әдебиетінің құнын өзге жұрттарда оқып жүрген жастардың санасына сіңіру болатын.

Қандас жастар Түркістанда білім жарыстырды

Сол игі іс-шара, нақтылай түссек, қа­зақ тілі мен әдебиеті пәнінен ха­лық­аралық олимпиада биыл киелі Түр­кіс­тан­да жалғасын тапты. Түркістан дегенде «Тұранда ер түрігім туып-өскен» деп ұлы ақын Мағжан Жұмабаев айтқан құт-мекен түбін танып, түгел болуға ұмтылған адамның елең етпей қалуы екіталай. Иә, сол ұлы ақын «...ер түріктің бесі­гіндегі» түркістандықтар келген қан­дастардың ұлы мен қызын құшақ жая қарсы алып, олардың «Асыл қала, ғасыр қала, жасыл қала» қырандай түлеп, қаршығадай самғай бастағанын тілдеріне тиек еткенде, жиылғандардың қай-қайсысы толқымай қалған жоқ. Осы арада, ойға оралады, Түркістанның 1500 жылдығы басталғанда Түркістан түркі жұртының рухани орталығы болса, арнайы мәртебе берілсе («ЕҚ, 2000 жыл шілде») деген мәселені көтергеніміз бар еді. Қазір түлеген Түркістан ұлттың рухани астанасына, Тұранның кіндік қаласына айнала бастапты. Көне қала – арғы тарихтың жауһарларынан сыр тартып, жоқтан бар емес, барды жаңғыртып бабаларымыз өркениетті өмір кешкен екен-ау деген от сезімге ораса, жаңа қала заманауи заманның жетістігін еңселі ғимараттармен көрсетіп, екі қаланың да жасыл желекке көмкерілгенін байқа­ған­да елдік істі айқын сезесің. Оны көкірек көзін бұлдыратпай көргеніміз абзал.

Сонымен ата-жұртым, ана-тілім деп аңсап келген жас өскіндерге арналған олимпиаданың ашылу рәсімінде Түр­кі­с­тан облысының Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы 5 мемлекеттен келген 69 оқушыға, атап айтқанда, Ресейдің Омбы, Самара облыстарынан, Алтай Республикасының Қосағаш өңірінен, Өзбекстанның Кенимех, Зарафшан Тамды, Бостандығынан, Қырғыздың Бішкегінен келген талапкерлерге облыс әкімінің құттықтауын жеткізіп, арнайы сыйлықтарын тапсырды. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының бөлім меңгерушісі Зәуре Аманова олимпиада туралы жан-жақ­ты мәлімет беріп, Иран, Моңғолия елде­рі­нің оқушылары олимпиадаға онлайн ар­қылы қатысатынын назарға салып, түр­­кіс­тандықтарға ілтипатын жет­кізді.

Білім сайысында талапкерлер үш бағыт бойынша сынаққа түсті. Бірінші, қазақ тілінен берілген тапсымаларды орындап, екінші, өздері келген өңірдің тарихына жасаған зерттеулерін талқыға салды. Үшіншісінде, өнерлерін көрсетті. Алғашқы сынақтан байқағанымыз, барлық оқушының бойынан ана тіліне құрметі ерекше байқалды. Сөйлем талдау, сөйлем құрау жағынан көп іркіле қоймайды. Әрине, Ресейден жеткен ұл-қыз іркіле берсе де бойында тілге деген, әдебиетке деген, атажұртына деген сүйіспеншілік көш жерден көрініп тұрады. Абайдан бастап көптеген ақын-жазушының атын шатыспай айтып, шығармалары туралы да ой қозғайды. Бұл сапырылысқан заманда олардың да көкейі қазақ деп тұрғанын аңғартса керек.

Ал екінші сынақ бойынша зерттеу жұмыстарындағы деректер де назар аударарлық. Соның бірі Өзбекстанның Бостандық ауданынан келген 10-сынып оқушысы Нұргүл Олжабаеваның «Туған жер тұғырың!» атты жұмысындағы мына жолдарды оқып көргенде, көңіл көкжиегін шарбы бұлт шарпымай тұра алмайды екен. «Туып-өскен жерімнің ата-жұртым Қазақстанмен байланыс тарихын айтып өтейін. Бостандық ауданы 1957 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты болған. Демек мен өзімді ата-жұрттан келген қазақпын деп білемін. Оралман емес. Бостандық ауданының жалпы жер көлемі 492 448 гектарды құрайды. Туған жерімнің та­би­­ғаты керемет, ауасы таза, суы бал. Тау алқаптарында ең шипалы деген өсімдіктердің 130 түрі өседі. Ауданда 54 мектеп бар. Қазақ елі шетелде жасайтын қазақ қандастарымызды атажұртымызға шақырғанға дейін, бізде 54 мектептен 42 мектеп қазақ тілінде, қазақтың ұрпақтарынан қазақша тәлім беріп келген. Ал қазіргі уақытта 20-дан аса қазақ мектептерінде қазақ сыныптары өз жұмысын алып баруда. Біздің аудан­да Шымған, Шарбақ, Бұршымулла дей­тін демалыс орындары кезінде «Қаз курорт» демалыс орны деп аталған. Олай аталуының себебі, ол кезде Бостандық ауданын Оңтүстік Қазақстан облысына қа­расты болған» деп ой түйіпті Нұргүл қызымыз.

Сол секілді, Науаи уалияты Тамды ауда­нынан жеткен оқушы Альберт Ай­ша­тов өз зерттеуіне: «Өсек-аяң қия­наттан құтылған, Тірлігінде пысық­тар­дан ұтылған. Ақын жатыр үнсіз тілі байланып, Жырлары жүр дүниені айналып» деген құлыптасына төрт жол өлең жазылған, талантты ақын Өмірзақ Қо­жа­мұратовты арқау етіпті. Оқып отыр­ғанда, жыр дүлдүлі Ә.Тәжібаевтан бастап, Т.Айбергенов, Ж.Нәжімеденов, М.Мақатаев, З.Серікқалиев, Д.Исабе­ков­термен қарым-қатынасын аша отырып, ақынның немересі Дулатпен де сөй­лесіпті. «Маған Мекке, Мәдине, Венеция, Париж не?! Туған жердің шө­лін­дей, Ыстық емес әрине! Жан анамдай қадірлі, Менің туған байтағым. Жердің жәннат жұмағы, Қызылқұм деп айтамын!» деген өлеңін жатқа айтып, сөз түйіне келгенде, ол «Өзім құрмет тұ­татын Өмірзақ атамның, «Дүниені дүр­кі­ретсін өлеңім, Қазақшалап оқиын мен бүгін жыр» деген екі жолымен ойым­ды қорытайын», деді жасындай жарқ-жұрқ етіп.

Қайсы елден келген оқушының зерт­теуіне зейін қойсаң да айтатыны ата-салт, жер атаулары, бабаларының қонысы, олардың жүрген жолы, қалдырған үлгісі тілге тиек болады. Тіпті Қосағаштан келген Жанна Каранова: «Салт-дәстүрін ел бұзбас, уәде сертін ер бұзбас» деп сөз бастағаны есте. Тағы да бір тамдылық Альфред Манатов өз зерттеуіне жерлес бабасы Базар жырауды алған екен. Ол Базар жырау туралы тақырыпты зерделегенде кітаптарға емес, Айбек деген азаматтың деректеріне сүйеніпті. Айбек болса, Базар жыраудың құрдасы әрі туысы Төремұраттан естігендерін жеткізіпті. Жыраудың атындағы жерлер жан-жақты баяндалады.

Бір ерекше атап өтер нәрсе, өнер көр­сету кезінде ұлттық құндылықтарға құл­шынысы бөлек. Шетінен «Армысың, ата­жұртым Қазақ елі!» «Сен де тума­сам да, сені сүю міндет» дейді. Абай­ды, Мағжанды, Мұқағалиды, Қа­дыр­ды жатқа оқиды. Омбыдан келгендер «Біз омбылық қазақпыз, салт-сана­сын жоймаған» деп Құрманғазының «Сарыарқасын» тартса, Қосағаштан келген Әсет Игісінов М.Жұмабаевтың 27 шумақтан тұратын «Түркістан» өлеңін жаңылмай жатқа айтты. Зарафшандық Дәурен Рахманов: «Ұл өспейді құр мақтап ерсің десе, Ұлт өспейді дәстүрін менсінбесе, Нағыз қазақ екем деп айтпа жігіт, Тақымыңа тұлпардан тер сіңбесе» деп толғанса, Кенимахтан ат арылтқан Шоқан Нурдуллаев «Қыз-Жібек» дас­та­нындағы Төлеген бейнесін көрсету үшін атақты кинодағы Төлегеннің киімін былғарыдан тіктіріп, биге ұластырғанда кім-кімнің де ойланбай қалмағаны анық. Жалпы, бәрі де шекарадағы тосқауылға қарамай, арқаланып ұлттық киімдерімен ке­ліпті. Бұл қарғадайынан халқын қа­дір­леу үлгісі демеске шараң қайсы?! Кім білсін, бүгінгі алай-дүлейде ұлты мен жұртынан артық ешнәрсе жоқ екенін олар да сезе бастады ма екен?! Бұл үйренерлік үлгі, сабақ алар сәт десек қателеспеспіз.

Осы арада тиісті орындар ескерсе артық болмас деген мына бір мәселені де ортаға сала кетсек дейміз. Айталық, Ресейде біраз қазақ шоғырланғаны мәлім. Алтайдың Қосағаш ауданында қазақ тіл мен әдебиетіне қажет оқулықты өздері жазып, сонымен білім беріп жүр екен. Онда қазақ тіліне аптасына бір сағат қана бөлінген. Бұрын Қазақстанда шыққан оқулықтар жеткізіліп тұратын, кейін оған тосқауыл қойылған. Сондықтан өз «қотырларын» өздері қасуға тура келіп тұрғандай. Жалпы, елімізде орыс тілінің мәселесі болмаса да, оны дүрмекке айналдыратындар өз елдерінде тұрып жатқан отандастарымыздың ұлттық рухы мен тіліне ден қойса деген ой бар. Оқушылардың айтуына қарағанда, Ресейді мекендеп отырғандар салт-дәстүріне қазірше берік екен. Алда не боларын кім білсін?! Бір туған делінетін қырғыз елінде де қазақ мектебі жоқ. Соны ашуға талпынғандардың мұғалім болмағандықтан тұсалып отырғанын да естідік. Осы мәселеге сол елдегі елші­лік­те қызмет ететін азаматтар ден қойса деген ойды да білдіре кетсек дейміз.

Ата-жұртым деп келген оқушылар түлеген Түркістан қаласының тарихы­мен танысып, көз жауын алар түнгі көріністерін тамашалады. Арыстан баб, Гаухар ана, Қожа Ахмет Ясауи кесе­­нелеріне тағзым етіп, ежелгі Оты­рар қаласының орнын аралап, көне жәдігерлермен танысты. Олим­пиада барысында оқушыларға жақсы қызмет көрсеткен Түркістан қаласын­да­ғы ха­лық­аралық Туризм және мейман­дос­тық университеті ұжымының қам­қор­лы­ғын атап өткеннің еш артықтығы жоқ.

Білім сайысының қорытындысында қазылар алқасының төрағасы, профессор Дандай Ысқақұлы бастаған, профессор Қ. Ергөбек және ғалымдар Қ.Сәркенова, И.Досбол, Г.Айтбаева, М.Әліпхан тағы басқалар жеңімпаздарды анықтап, бас жүлдені Бостандық ауданынан келген 11-сынып оқушысы Г.Тілеповаға тапсырып, Қазақстанда жоғары білім алатын грантты қолына ұстатты. Ата­жұр­тына келген барлық оқушы сертификат алып, алған орындарына сай арнайы сыйлықтарға ие болды. Мұн­дай алғыстарға Иран мен Моңғолия мемлекеттерін мекендеп отырған ұл мен қыз да қол жеткізіп, барлық іс-шараны олар экраннан көріп, тікелей қатысып отырды. Отанымыздағы «Отандастар қоры» шетелден келген үш оқушыға Бу­ра­байдағы Iqanat демалыс лагеріне жолдама беріпті.