Қаржы • 20 Шілде, 2022

Венчурлы инвестиция – ақылды капитал

947 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Инвесторлардың жоғары технологияық компа­нияларға инвестиция құйып, одан қысқа мерзімді перспективада табыс табуға деген ұмтылысын венчурлы индустрия деп атасақ болады. Сан түрлі стартап, өнертабыс және тың технологиялық серпілістердің пайда болуы, венчурлық нарықтың да көрігін қыздырып жатыр.

Венчурлы инвестиция – ақылды капитал

Quest Ventures басқарушы серіктесі Джейм Тан венчурлық инвестицияны бес компонентке бөліп жіктейді. Алғашқысы – стартаптар, яғни, сапалы стартап санының көбеюі. Екіншісі – таланттарды дамытуды, кадрларды даярлауды мойнына алатын жоғары білім орындары. Үшіншісі – тәуекел капиталы. Төртіншісі – ұжымдық инвестициялау, сатып алулар қызметін ұсынатын корпорациялар. Бесіншісі – үкіметпен байланысты ведомстволар. Міне, осы компонененттер біріккенде, стартап бизнесі де түлеп сала береді.

«Қазір Қазақстанда инвестиция салғысы келетін әлем елдерінің түрлі қатысушыларына үкіметтің оң қабақ танытып жатқанын көріп отырмыз», дейді ол.

White Hill Capital серіктесі Дэниел Сил стартаптарды бағалау кезінде кәсіпкерлер мен инвесторлар өте мұқият болуы керек дейді. Сондай-ақ ол стартаптарды дамыту, жоғары технологияларға айрықша назар аудару тұрғысынан Қазақстанды «Орталық Азиядағы Сингапур» деп те бағалап өтті.

«Венчурлық капитал – бұл тек цифр ғана емес, бұл – сома. Бұл – ақылды капитал. Венчурлық инвестор – бізге кәсіпкерлік рухты сыйлайтын адам. Венчурлық қаржыландыру жаңа стартаптар жасауға, жаңа модель қалыптастыруға ықпал етеді. Біз шынымен де елде трансформация жасағымыз келеді», деп пікір білдірді АХҚО әкімшілігі басқарма төрағасы Ернұр Рысмағамбетов.

MOST Ventures басқарушы серіктесі Әлім Хамитовтің айтуынша, тап қазір елдегі венчурлық нарық айналымы 80 млн долларға бағаланады.

«Стартап ауқымды жобаға айналуы үшін Орталық Азия нарығы тарлық етеді. Бірақ біздің өңірде өз гипотезаң мен әдепкі трекшндеріңді сынақтан өткізіп алуға тамаша мүмкіндік бар. Қазақстанда бірнеше бизнесті іске қосып жатқан стартаперлер пайда бола бастады. 2019 жылдан бері біздің нарықта көп жоба шықты және тренд саннан сапаға қарай ауысты. Есептеуіміз бойынша, елімізде 5 мыңнан астам стартапер бар. Әрине, олардың көбі дамудың алғашқы кезеңдерінде жүр», дейді Ә.Хамитов елдегі стартап ахуалының жалпы картинасын бірер ауыз сөзге сыйғызып.

Бұл ретте ол Қазақстан Израиль тәжірибесін енгізуі қажет деп санайды. «Ол жерде мемлекет жеке инвестициялық басқарушы компанияны тауып, соған қаражат бөлгенде қаражат қоры құрылады. Қорда алғашқы ресурстардың пайда болуы маңызды. Мысалы, 10 млн доллардың 5 миллионын – мемлекет, 5 миллионын жеке инвестор береді. Ең маңыздысы – ол қорды жеке ойыншының басқаруы. Мемлекет біртіндеп қор капиталынан шыға бастайды да, соңында ол толықтай жеке қорға айналады» деп түсіндірді.

Жалпы, мамандардың басым бөлігі Орталық Азияда стартап-экожүйені дамыту тұрғысынан елеулі ілгерілеу бар деп бағалайды. Қазіргі басты міндет – венчурлық инвестиция динамикасына қолдау білдіру және өңірлік стартаптар жаңа деңгейге шығуы үшін шын таланттарға көмектесу.