Аймақтар • 21 Шілде, 2022

Мердігер мәселесіне назар аудару керек

231 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты, Парламенттегі Amanat партиясы фракциясының мүшесі Снежанна Имашева Орал қаласының Әбілқайыр хан даңғылындағы жөндеу жұмысымен танысты.

Мердігер мәселесіне назар аудару керек

Батыс Қазақстан облысы орталығындағы күретамыр көшелердің бірінде орта жөндеу жұмысы екі ай бұрын басталған. Мердігер алты ай ішінде үш шақырымдық жол құрылысын толық бітіруге уәде беріп отыр.

Мердігер компания директоры, Орал қалалық мәслихатының депутаты Жанна Кенжинаның айтуынша, қазір жұмысшылар көне асфальт жабынының жоғарғы қабатын фрезамен кесіп алып жатыр. Бұл көне асфальт қала шетіндегі мүлдем жолсыз көшелерге төселмек. Осы жол құрылысын 30 адам, 25 техника жұмылдырылған. Қазірдің өзінде 1,6 км жол жөндеу жұмысы аяқталыпты. Кепілдік мерзімі – 5 жыл.

– Қала тұрғындарының, әсіресе қоғамдық көліктердің қозғалысына кедергі келмес үшін көшені толық жаппадық. Бұл жұмысты біршама қиындатты. Әйтсе де белгіленген мерзімнен кешікпейміз. Құрылысқа қажет қиыр­шық тасты Ақтөбеден тасымалдаймыз. Вагон мәселесінде қиындық бар. Шың­ғырлаудан Озинкіге дейінгі темір жолдың барлық бөлімшесінде жалғыз тепловоз жүр. Бұл туралы жауапты органдарға үнемі айтып отырамыз, – дейді Жанна Кенжина.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева қала тұрғындары тарапынан көше жолдарын жөндеу жөнінде өтініш көп түсетінін айтады.

Сондай-ақ Снежанна Имашева бірнеше күннен бері облыстың бірқатар ауданында халықпен жүздесіп, әлеуметтік нысандар мен инженерлік коммуникациялар құрылысымен танысты. Депутат кейбір тұрғындардың өтініші мен ұсынысын жергілікті және республикалық деңгейдегі уәкілетті органдар алдында көтермек.

 

Батыс Қазақстан облысы