Аймақтар • 21 Шілде, 2022

Ақ желеңділер неге алаңдайды?

189 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Ерубаев Атырау облыстық ауруханасының дәрігерлерімен кездесті. Депутатпен жүздесуде адам жанына араша болып жүрген медицина қызметкерлері өздерін толғандырған түйткілді мәселені көтерді.

Ақ желеңділер неге алаңдайды?

Біріншіден, коронавирус инфекциясы күрт өршіген 2020 жылы дәрігерлерге үстемеақы төленген. Бірақ былтырдан бері бұл қаржы жартылай қысқарып қалған. Енді биыл қауіпті дерт қайта тарала бастады. Бұл жайт дәрігерлерді алаңдатып отыр. Екі жыл бұрынғы жағдай қайталанатын болса, бұрынғыдай қосымша үстеме қайтадан төлене ме? Биыл бұл мәселе қалай шешімін табады?

Екіншіден, бес жыл сайын дәрігерлер біліктілік санатын алу үшін жиналатын құжаттар өте көп. Дәрігерлер бұған біраз уақытын жоғалтады. Құжат толық жиналмаса, осы кезге дейін алып жүрген жалақысынан бір сәтте қағылады.

Науқастарды шипалы емімен де, жылы сөзімен де емдейтін дәрігерлер осындай ұсыныстарын айтты. Ал депутат бұл ұсыныстарды Мәжіліс отырысында көтеруге ниетті екенін жеткізді. Оның айтуынша, дәрігерлер орынды мәселе көтеріп отыр.

– Алайда барлық мәселені оң шешу үшін қаржы қажет. Осы орайда жалақы тарифі мен қызмет құнының өсірілгені жөн. Бұл ұсынысты салалық министрлік пен Үкіметке сауал ретінде жолдаймыз. Егер ұсыныс тиісті орындар тарапынан қолдау тапса, медицина саласындағы түйінді мәселелер оңынан шешіледі, – дейді Серік Ерубаев.

 

Атырау облысы