Аймақтар • 21 Шілде, 2022

Қостанай облысына 700 адам қоныс аударады

619 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жұмыс орны қат өңірлерде тұрып жатқан 550 азамат Тобыл өңіріне көшіп келмек. Сондай-ақ биыл тарихи Отанына оралғысы келетін 150 қандас астықты өңірге тұрақтап қалуды ниет етіп отыр.

Қостанай облысына 700 адам қоныс аударады

Қоныс аударушылардың еңбекке жарамдылары дәрігер, медбике, мұғалім, электр маманы, аспаз, кен орындарындағы машинист көмекшісі, менеджер, инженер, есепші, слесарь, электр дәнекерлеушісі, театр әртісі сияқты мамандықтар бойынша жұмысқа орналасатын болады.

– Ең басты міндет – оңтүстік өңірлерден және шетелден қоныс аударған адамдарды лайықты жұмыспен қамту мәселесін реттеу. Арнайы білімі жоқ немесе мамандығы сұранысқа сай емес азаматтар кәсіби даярлық курстарынан өтеді. Сондай-ақ бос немесе субсидияланған жұмыс орындарына орналас­тыру мәселесі қарастырылып отыр. Оның үстіне, бізде «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас» секілді жаңа жобалар бар. Мәселен, өңірге өткен жылы көшіп келген еңбекке қабілетті азаматтардың 96%-ы жұ­мыспен қамтылды, – дейді облыстық жұ­мыс­пен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының орынбасары Аида Құсайынова.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, Тобыл-Торғай өңіріне қоныс аударатын қандастардың 98%-ы Өзбекстаннан көшіп келеді екен. Ал еліміздің өзге өңірлерінен қоныс аударатындардың ішінде Алматы, Маңғыстау, Түркістан облыстары мен Шымкент, Астана қалаларының тұрғындары бар. Оларды жұмыс орындарымен ғана қамтып қоймай, баспана мәселесінің шешілуінде де қолдау көрсету көзделіп отыр. Мәселен, жаңа қоныс аударған отбасындағы әр адамға 70 АЕК мөлшерінде субсидия беріледі. Сондай-ақ жаңа көшіп келген отбасыларға тұрғын үй жалдап тұрғаны үшін төлем жасалады. Төлем көлемі баспана жалына төленетін айлық ақының қалалық немесе ауылдық елді мекендегі мөлшеріне, сонымен қатар отбасындағы жан басына қарай белгіленеді.

– Бұл әлеуметтік көмектің мөлшері орта есеппен, айына 15-30 АЕК шамасында болады. Бір сөзбен айтқанда, өңірге көш басын бұрған ағайын қолдаусыз қалмайды. Барынша көмек көрсетіп, құшақ жая қарсы аламыз. Тобыл өңірінде бос жұмыс орындары да жеткілікті. Сондықтан қоныс аударушылардың жұмыссыз қалмайтынына сенімдіміз, – дейді А.Құсайынова.

Жалпы, соңғы бес жыл ішінде өңірге «Еңбек» бағдарламасы бойынша бес мыңға жуық адам қоныстанған. Оның үш мыңнан астамы – еліміздің жұмыс орындары тапшы өңірлерінен келген еңбекке жарамды азаматтар. Мұның сыртында, атажұртқа оралған
1 300 қандас бар.

 

Қостанай облысы