Заманауи жобаның жетекшісі Дәурен Ғабдуллаевтың айтуынша, жаңа құрылғының біріншісі – экспозициялық-голографиялық кешені. Мұнда музей қорындағы жәдігерлердің әр тұстан түсірілген 3D суреттері көрініс береді. Оған музей қорындағы 100 жәдігер енгізілді. Бұл заманауи құрылғы үш бөліктен тұрады. Оның жоғарғы бөлігінде жәдігерлер виртуалды түрде 23 дюймдық кең форматты дисплей арқылы ұсынылады. Ортаңғы бөлігі голографиялық элемент экспонаттары анимациялық 3D эффектімен көрсетуге арналған. Ал төменгі бөлігінде нақты экспонат әр қырынан бұру элементтері арқылы көрсетіледі.
Екінші жаңа құрылғы – «Музейтану» бағдарламалық-интерактивті кешені. Бұл құрылғыда музейдің тарихы мен жәдігерлік қоры, бөлімшелері мен бөлімдері туралы деректер, залдар бойынша виртуалды турлар, музейді басқарған басшылардың өмірбаяндары, музейдің тарихи оқиғаларының мультимедиалық материалдары, фотогалерея, 3D жәдігерлер бар.
– Жаңа құрылғыларға өлке тарихы мен қорда сақтаулы тұрған құнды жәдігерлер енгізіліп жатыр. Енді музейге келушілер жаңа технология арқылы жәдігерлер туралы мағлұматпен танысуға мүмкіндік алды, – дейді музей директорының міндетін атқарушы Динара Бисембаева.
Атырау облысы