Қоғам • 21 Шілде, 2022

«Солтүстік коэффициенті»

1388 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мұнайлы өңірлердің бірінен Солтүстік Қазақстан облысына қызмет бабымен көшіп келген сыйлас азамат бірде: «Кеше бір тойға барғанымда аңғарғаным – бұл жақта «Джип» мінгендер сирек екен. Астыққа бай өлкенің тұрғындары кедей тұрады деп ойламап едім...» дегені есімде сақталып қалыпты. Әрине, кедейшіліктің өлшемшарты тұрғындардың «Джип» көлігін мінуі болмағанымен, оның айтқан сөзінде шындық бары рас.

«Солтүстік коэффициенті»

Себебі еліміздің стратегиялық маңызы бар «солтүстік қақпасы» болып саналатын Солтүстік Қазақстан облысы тұр­ғындарының тұрмыс деңгейі басқа өңір­лер­мен салыстырғанда төмен екені жасырын емес. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, өткен жылы еліміздегі орташа айлық жалақы 250311 теңгені құраса, СҚО-да 187501 теңге болған. Бұл – респуб­лика бойынша ең төменгі көрсеткіш.

Ауылды жерлерде жалақының тіпті мардымсыздығы, сондай-ақ жергілікті жолдардың нашарлығы, елді мекендердің газдандырылмауы, қысқы жылыту мау­сымының жеті айға жуық созылуы титық­тат­қан солтүстікқазақстандықтардың басқа жақтарға қоныс аудару үрдісі тыйылмай тұр.

1999 жылы жүргізілген Ұлттық санақ қорытындысына қарағанда, сол уа­қыт­та Қызылжар өңірінде 725980 адам тұр­ған. Арада өткен 23 жыл ішінде СҚО тұр­ғын­дарының саны 188932 адамға кеміп, биыл жыл басында небәрі 537048 тұрғын қалған. Әсіресе «Балық – тереңірек, адам жақсырақ жерді іздейді» деп мақалдататын орыс ағайындар көршілес Ресейге үдере көшіп жатыр. Олардың саны 1999 жылы 361461 адам немесе барлық тұрғынның 49,7 пайызын құраған болса, былтыр 267669 адамға дейін азайған.

Бірақ облыстағы орыстардың үлес сал­мағы онша кемімей, өткен жылы 49,2 пайыз болған. Мұның себебі – жергілікті қазақтардың да жайлы мекен іздеп, басқа өңірлерге қоныс аударып жатқанына байланысты. Нақты айтсақ, 1999 жылы СҚО-да 214697 қазақ тұрған болса, содан бері олардың саны өспек түгіл, 21654-ке кеміп, былтыр 193043-і ғана қалған. Облыстағы осындай алаң туғызарлықтай демографиялық ахуалды жақсартуға биыл алтыншы жыл іске асырылып жатқан оңтүстік өңірлер тұрғындарын қоныс аудару және қандастарды қабылдау бағдарламасы қарлығаштың қанатымен су сепкендей ғана әсерін тигізіп, бұл салада түбегейлі өзгеріс жасай алған жоқ. Қызылжар өңіріндегі жағдай былтыр тіпті нашарлап, тұрғындар саны 6687 адамға кеміп кетті.

Бұған қоса демографиялық жағдайы мәз емес Қостанай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарындағы ахуал да жыл­дан-жылға төмендеп барады. Былтыр қос­танайлықтардың саны 6692-ге (857858-ге дейін), павлодарлықтар – 3955-ке (747057-ге дейін), шығысқазақстандықтар – 7398-ге (1356399-ға дейін) азайған. Бұл өңірлерден көшіп кетушілердің де дені Ресейдің шекаралас облыстарына ат басын бұрған.

Мұның себебінің бірі – ресейлік өңір­лер­де бұрынғы Кеңес Одағы кезінде бел­гі­ленген аудандық коэффициент сақ­тал­ғандықтан, тұрғындардың табыс дең­ге­йі едә­уір жоғары екенінде. Мәселен, СҚО-мен көршілес Қорған, Омбы, Түмен об­лыс­тарының тұрғындары жалақыларына 15 пайыздық үстеме алып отыр. Жұрт оны «солтүстік коэффициенті» деп атап кеткен.

Демек біздің елде де тұрғындары қа­таң климаттық жағдайда өмір сүріп жат­қан солтүстік өңірлерге аудандық коэф­фициентті қайтару мәселесін Үкіметтің күн тәртібіне енгізбей болмайтын сияқты. Қазір мұндай жеңілдікті жабылған Семей ядролық сынақ полигонының радиациялық тәуекелі сақталған кейбір аумақтардың және Арал өңіріндегі экологиялық апат аймағына кіретін өңірлердің тұрғындары ғана алып отыр.

Әрине, осы көкейкесті мәселенің түйіні ел қазынасынан қосымша қаржы бөлмей шешілмейді. Біздіңше, Жаңа Қазақстан орнату мақсатында мемлекеттік жүйені жайлаған жемқорлықты тыюға күш салып, шетелге заңсыз әкетілген қыруар байлықты қайтаруға кіріскен еліміздің қазынасы қаржыға толар күн де алыс емес секілді. Сондықтан бір кездегі 15 пайыздық қосымша қаржылық демеуінен айырылғалы демографиясы нашарлап кеткен солтүстік өңірлерге аудандық коэффициентті қайтару мәселесі осы бастан ойластырылса, артықтық етпес. Әлбетте, ең алдымен, халқының қатары тым сиреп, ерекше алаңдатып отырған Солтүстік Қазақстан облысына көңіл бөлген жөн.