ҚТФ мәлім еткендей, ерлер арасында челленджер турнирінің финалында алматылық Денис Евсеев әлемнің 151-інші, жарыстың 1-ракеткасы, ресейлік Роман Сафиуллинмен бас жүлдені сарапқа салды.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші айқын басымдылық көрсетіп, 6:2 есебімен алға озды.
Екінші сетте Р.Сафиуллин 6:4 есебімен есе қайырды.
Үшінші, шешуші партияда ресейлік спортшы тай-брейкте жеңісті жұлып алды. Есеп - 7:6 (7:2).
Осылайша, Роман өз спорттық жолында екінші рет челленджер турнирінде титулға қол жеткізіп, 80 рейтингілік ұпай мен 7200 АҚШ доллары көлемінде сыйақыға ие болды.
Финалда жеңіліп қалғанына қарамастан, Д.Евсеев дүйсенбіде жаңартылатын әлемдік рейтингіде 341-ден 269-орынға көтеріледі.
Әйелдер арасында Президент кубогы аясында ITF World Tennis Tour W60 додасында жапониялық Моюка Учиджима үздік шықты. Ол финалда сербиялық Наталья Стефановичті ұтты - 6:3, 7:6 (7:2).