Аймақтар • 25 Шілде, 2022

Офицерлер әулеті

548 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Зейнет демалысындағы полковник Мергенбай Асқаров Алматыда тұрады. Сексеннің сеңгіріне шыққан қарияның бүкіл өмірі ұлттық қауіпсіздік саласымен тығыз байланысты. Ең ғажабы ғұмырының 40 жылын арнаған құпия қызмет ісіндегі оның өнегелі жолын бүгінде ұл қыздары мен немерелері жалғастырып жүр.

Офицерлер әулеті

Тамырын тереңге жайған ұлағатты отбасымен аралас-құралас жандар Мергенбай ағаның шаңырағын офицерлер әулеті деп атайды. Атаса атағандай-ақ. Әке мамандығының қиындығына қарамастан өмір өрнегін осы жолға таңған балалары бақытты күндердің баспалдағын қауіпсіздік қызметінен тапқан. Бұған тоқталмас бұрын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері Мергенбай Асқаровтың еңбек жолына зер салып көрейік.

1941 жылдың 30 қазанында құрылысшылар отбасында дүниеге келген қайсар жігіт бала жасынан адал еңбектің шарығында шыңдалған. Ең алғашқы еңбек жолын тракторшы болып бастаған ауыл баласы, Семей педагогика институтын тәмамдағаннан кейін мектеп мұғалімі, білім ордасының оқу ісі жөніндегі жетекшісі қызметтерін атқарған. Түркістан әскери округінде әскери міндетін абыроймен өтеп, Қазақстан Лениндік коммунистік жастар одағының Үржар аудандық екінші хатшысы, бөлім басшысы болып еңбек етеді. Көп ұзамай Ұлттық қауіпсіздік саласына қызметке шақырылып, қатардағы офицерден бастап Алматы, Семей облыстарында, ҰҚК-нің орталық аппаратында аса жауапты басшылық қызметтерді абыроймен атқарады. Кәсіби біліктілігін Киев, Минск, Мәскеу қалаларында шыңдап, сол кездегі Кеңес одағының үздік мамандарымен бірге білімін жетілдірген оны қатарластары мен кейінгі буын 1992-1993 жылдардағы әйгілі «Набат» операциясының қаһармандарының бірі ретінде таниды. Аса күрделі қызмет жолында көптеген қауіпті оқиғалардың ортасында болған Мергенбай қария сол бір кезеңдерді тебіреніспен еске алады.

– Еңбекпен ерте есейдім. Жұмыс қаншалықты құпия болса, соншалықты күрделі. Күн-түн демей тер төктік. Кейде 2-3 айлап үй бетін көрмеген кезіміз болды. Әлі есімде. Бір күні кешкі сағат 10-11-лер шамасында үйге келсем кішкене ұлым анасына қарап: «мама, әкем бүгін неге ерте келген» деп таңғалғаны бар. Осыдан-ақ қалай қызмет еткенімізді бағамдай беріңіз. Өмірлік серігім Роза Тойшыбекқызы соның бәріне құрметпен, түсінікпен қарады. Партия қызметінде, одан соң ұзақ жылдар іргелі өндіріс ошағында еңбек етіп зейнеткерлікке шыққан ол кісі зерек адам. Екеуміз бірге үш перзент өсірдік. Олардың үшеуі де менің жолымды қуды. Үйдің үлкені – қызымыз Гүлжазира. Полковник ҰҚК-да 20 жыл табанды еңбек етіп зейнетке шықты. Одан туған жиен немерем Алиасқар шекарашылар академиясын үздік бітірді. Бүгінде Абай облысы, Мақаншы отрядында қызмет етіп жүр, – дейді Мергенбай Асқаров.

Мергенбай ағаның үлкен ұлы полковник Шалқар Асқаров та елімізге белгілі шекарашылардың бірі. Ол еңбек жолында Достық кеденінде застава бастығының орынбасары, Қапал-Арасанда шекара бастығы, Алматы қаласындағы Шекара академиясы басшысының орынбасары секілді жауапты қызметтерді атқарды. Таңқаларлық тағы бір жайт оның өмірлік жұбайы Динара Қашқынбайқызы да шекара қызметінің үздігі. 2017 жылы зейнет демалысына шыққан ерлі-зайыптылардың жарқын жолын ұлдары Аярбек жалғастырып жүр. Шекарашылар академиясының 1 курсын тамамдаған немересінің қазіргі уақытта Қорғас шекара бекетінде тәжірибеден өтіп жүргенін Мергенбай аға мақтанышпен жеткізді.

Офицерлер отбасының кенжесі Дамир Асқаров та 1999 жылы Шекара академиясын бітірген. Әкесі мен ағасының мамандығы болашақ полковникті бала күнінен арман биігіне жетелесе керек. Кеген ауданында шекара бастығының орынбасары, Шонжы бөлімінде, Сарыағашта, Орал қаласында елеулі қызмет еткен шекарашы биыл мамыр айында зейнет демалысына шыққан. Мергенбай аға мамандық таңдау барысында ешбір баласына талап қоймағанын, ұл қыздары мен немерелерінің бұл салаға өз ықтиярларымен келгендерін айтады.

– «Әке көрген оқ жонар» деген осы, бәлкім. Ұл-қыздарым қаршадайын менің мамандығыма қызықты. Біреуіне сен былай жаса деп айтқан емеспін. Өз ниеттері болған соң бағыт-бағдар көрсеттім. Бірде оларды жинап алып жиналыс ашқаным бар. Ақыры осы мамандықты таңдаған екенсіңдер, қызметтеріңе адал болыңдар. Ешкімнен ештеңе алмаңдар, қолдарың бір былғанса адам болмайсыңдар. Менің өмірлік ұстанымыма, әкелеріңнің адал жолына кір келтірмеңдер деп ақ тілегімді арнадым. Аллаға тәубә! Әрбірі ортасына сыйлы білікті маманға, үлгілі басшыға айналды. Олар да зейнеткер атанып жастарға ақыл айтатын жасқа жетті, – дейді Мергенбай аға.

Мергенбай аға мен Роза апайдың шаңырағы – көпке үлгі етердей берекелі әулет. Офицерлер әулеті 2017 жылы аудандық, қалалық, республикалық дәстүрлі «Мерейлі отбасы» байқауында жүзден жүйрік атанды. Зейнетке шыққаннан кейін де Білім және ғылым министрлігінде заңгер болып еңбек еткен табанды жан соңғы жылдардың бедерінде ғана қызметтен қол үзген. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып Алмалы аудандық ардагерлер алқасының пленум мүшесі ретінде игі істердің басы-қасында болды. Бүгін ол еліміздің әр түкпірінде лауазымды қызметтердің көш-басында жүрген шәкірттерін мақтан тұтады. Олардың ішінде бірнеше генералдар, нешелеген полковниктер бар. Кешегі кеңес одағы тұсында қажырлы еңбегі үшін ондаған медальдармен, сала басшыларының алғыс хаттарымен марапатталған Мергенбай Асқаров Үржар ауданының құрметті азаматы.

Ұрпақтар сабақтастығын жалғап, ата кәсіптің арқауын үзбеген әулеттің арғы аталарының өмірі де шекара қызметімен егіз өрілген дерсіз. Олай деуімізге тағы бір себеп, Мергенбай ағаның әкесі Шайых пен атасы Асқар 1929 жылдан бастап Бақты, Тоқты, Еміл заставаларының құрылыс жұмыстарына қатысқан. Әкесі Шайых 1934 жылы Еміл заставасының құрылысы кезінде өмірге келген тұңғыш ұлының атын Еміл деп қойған екен. Одан кейін де Ұзынбұлақ, Шағантоған, Жарбұлақ заставаларын тұрғызуға атсалысқан еңбеккер жандардың ұрпақтары кейін осы орындарда жауапты қызметтер атқарғанын тарихи кездейсоқтық деп айта алмайсыз. Мергенбай аға да өз әулетінің тарихын әңгімелеп отырып мұны Құдайдың берген сыйына балады.