М.Милли Индонезияға сапары кезінде «Қытай әскері қауіпті бола бастады», деп мәлімдеді. The Guardian басылымының хабарлауынша, Марк Милли Бейжіңнің «осал елдерге» ықпалды болуға ұмтылу әрекеті орынсыз деп сынады. Бас штаб бастығы Қытайдың Тынық мұхитындағы әскери ұшақтары мен кемелерінің саны кейінгі кезде айтарлықтай артқанын мәлімдеді. АҚШ тарапы әріптестерімен бірге жүргізген барлау осындай нәтижені көрсетіп отыр.
Генерал Милли сондай-ақ Қытай, АҚШ және аймақтағы басқа елдердің өзара қарым-қатынасы туралы ақпарат жинауды тапсырғанын айтты. Қолда бар мәліметтерге сүйенген ол Қытайдың әуе және теңіздегі әскери күштерінің саны аталған аймақта айтарлықтай көбейіп, ықпалын жүргізуге тырысып жатқанын жеткізді.
Айта кетерлігі, Марк Милли мұндай мәлімдемені Джакартадағы Индонезия қорғаныс министрімен кездесуі кезінде айтқан болатын. Сарапшылар мұны Индонезия президенті Джоко Видодоның Қытайға жоспарланған жұмыс сапарымен тұспа-тұс келгенін, ел билігін ыңғайсыз жағдайға қалдырғанын алға тартады. Джоко Видодо дүйсенбіде екі күндік сапармен Бейжіңге барды. Жоспар бойынша Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездесуге тиіс.
The Guardian басылымы АҚШ-тың Бас штабының басшысы, генерал Марк Миллидің Үнді-Тынық мұхиты елдеріне келуінің басты себебі Қытайдан келетін қауіп-қатерлердің алдын алуға бағытталған деп жазады. Келесі аптада ол Аустралияда өтетін Үнді-Тынық мұхиты қорғаныс басшыларының кездесуіне қатысады. Жиын барысында Қытайдың күшейіп келе жатқан әскери әлеуетін, ұшақтары мен кемелер санының өсуі және Тынық мұхитының еркін, ашық және бейбіт аймағын сақтау қажеттігі туралы пікір алмаспақ.
Жалпы, АҚШ әскери шенеуніктері Қытай Тайваньға басып кіреді деп дабыл қағып жүргеніне біраз болды. Енді барлаушылар мұндай әскери іс-қимыл 2027 жылға қарай басталуы мүмкін екенін алға тартады. М.Милли Қытай өзін өзі басқаратын аралға қарсы әскери арандатушылықтарын күшейтіп, оны коммунистік материкпен біріктіруді мақсат етіп отырғанын айтады.
Сонымен қатар АҚШ пен қоса тағы бірқатар ел Бейжің және Соломон аралдары қол қойған қауіпсіздік келісімі Қытайдың Тынық мұхитының оңтүстігінде әскери-теңіз базасын құруға әкелуі мүмкін деп алаңдайды. Бұл мәселені АҚШ пен Аустралия негізінен Соломон аралдарына бұған дейін ескерткен еді. Олар Қытай әскери базасын орналастыруды қабылдауға болмайтынын айтып, алдын алу шараларын қолға алды. Дегенмен оларға екіжақты қол қойған қауіпсіздік келісімінің мәтіні әлі күнге дейін беймәлім болып отыр.
«Бейжің өз мақсаттары үшін ғана ақпарат таратуға тырысатын аймақ. Негізі алаңдататыны, Қытайдың Соломон аралдары секілді елдерге көмектесу ниетінің «түзу» еместігі. Олар Индонезияда да, Соломон аралдарында да осы аймақтағы ықпалын кеңейтуді ғана көздейді. Ал бұл Үнді-Тынық мұхитындағы одақтастарымыз бен серіктестеріміз үшін қауіпті», деді Марк Милли журналистерге берген сұхбатында.
Қазіргі кезде Байден әкімшілігі Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы елдермен әскери және қауіпсіздік саласындағы қарым-қатынастарын кеңейту және Қытайдың үдеп келе жатқан ықпалына қарсы тұру науқанын жариялап, саяси-стратегиялық қадам жасауға көшті. Мәселен, өткен жексенбіде Индонезия армиясының бас қолбасшысы, генерал Андика Перкасамен кездескен Марк Милли Индонезия секілді Тынық мұхитындағы елдер АҚШ әскерінің күшіне сенім білдіре алатынын айтты.
«Қытайдан келер кез келген қауіпті еңсеруге қауқарлымыз. Ол үшін бірігіп жұмыс жасауымыз қажет», деді АҚШ генералы. Ол сондай-ақ Индонезияның Үнді-Тынық мұхиты аймағы үшін стратегиялық маңызы бар екенін және бұрыннан АҚШ-тың негізгі серіктесі екенін тілге тиек етті. Сапар соңында Андика Перкаса журналистерге Қытайдың Индонезиямен аумақтық дауларға байланысты әскери-теңіз кемелерге қауіп төндіріп отырғанын мәлімдеді.
Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары генерал Марк Миллиді Қытайдың «әлемді соғыссыз жаулап алу» саясатына бұрыннан қарсы шығып келе жатқан тұлға ретінде таниды. Ол Индонезия, Соломон аралдары, Тайвань секілді елдерге Қытайдың әскери база салу жоспарын әшкерелеп, дабыл қағып жүргеніне де біраз уақыт болды. Сарапшылар алдағы аптада Аустралияда өтетін Үнді-Тынық мұхиты қорғаныс басшыларының кездесуінен нәтиже күтіп отыр. Осы орайда мамандар АҚШ президентінің Таяу Шығысқа сапары «жемісті» болмағанын айтады.
Байден билікке келгеннен кейін Сауд Арабиясына қару-жарақ сатуды тоқтатып, тақ мұрагерімен сөйлесуден бас тартқан болатын. Бірақ Украинаадғы соғыс АҚШ президентінің пікірі мен ұстанымын өзгертуге итермеледі. Оның бір себебі – әлемдегі жанармай бағасының шарықтауы. АҚШ Сауд Арабиясынан бағаны төмендету үшін мұнай өндіру көлемін арттыруды сұрады. Бастапқыда Эр-Рияд бұл өтінішті бірден қабылдамаған. Әйтсе де, көп ұзамай-ақ АҚШ президентінің сапарынан бірнеше күн бұрын «қара алтынды» тонналап шығаратын ел шикізат көлемін шамалы есеге ғана арттыруға келісті.
Бірақ ВВС хабарлауынша, бұл сапар барысында Байден өндірісті барынша ұлғайту мәселесіне қол жеткізе алмады. Негізі АҚШ Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (CSIS) энергетикалық қауіпсіздік бойынша сарапшысы Бен Кэхиллдің айтуынша, қазіргі таңдағы аласапыран кезеңде энергия нарықтарын ұзақмерзімді басқару басты назарға алынуға тиіс.
«Менің ойымша, Ақүйдегілер телефон арқылы Сауд Арабиясынан басталатын көптеген тараппен мұнай өндіру мәселесі бойынша конструктивті диалог жүргізуді жоспарлап отыр», деді ол. Сонымен қатар сарапшылар Джо Байден араб елдерінің Израильмен қауіпсіздік саласындағы тығыз байланыстарына көбірек назар аудара отырып, Израильдің Сауд Арабиясымен қарым-қатынасын қалыпқа келтіруді көздейді. Ондағы басты мақсат – Иран мен оның одақтастары тарапынан жасақталған зымыран қаупімен күресу үшін әуе қорғаныс жүйелерін үйлестіруді талқылау. Дегенмен сапар кезінде бұл тақырып қозғалған жоқ. Сарапшылар Сауд Арабиясы Израильмен жасырын түрде ынтымақ құрып отырғанын айтады. Бірақ Палестина қақтығысын шешу үшін одан әрі әрекет етуден бас тартқан.
Дегенмен екі ел арасындағы қарым-қатынас алға жылжи бастады. Мәселен, бүгінде Сауд Арабиясы өзінің әуе кеңістігіне кіретін Израиль рейстерінің санын ұлғайтты. Сондай-ақ ол Израильден келетін мұсылман қажыларына тікелей рейстермен қатынауға рұқсат берді.