Туризм • 25 Шілде, 2022

Баянауыл басынан бұлт кетер ме... Таулы өлкедегі туризм қашан оңалады?

618 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Баянауыл жері – сан ғасырлық тарихы бар, аты аңызға айналған алыптар мен ғұламалардың, қасиет тұнған әулиелердің елі. Бірақ бүгінгі мақсат – киелі өлкенің қадір-қасиетін мадақтап, ұлықтауды емес, ондағы кенже қалып тұрған туризм саласының мәселелерін ашып айту. Көрікті мекеннің інжу-маржанына айналған «Жасыбай» демалыс аймағындағы кәсіпкерлердің мәселелерімен бөлісу. Шынын айтқанда, Жасыбай көлінің жағасы бүгінде жүдеп тұр. Тек жаздың үш айында ғана қызмет көрсететін демалыс үйлеріне қатысты мәселе көп. Қонақүйлер келушілердің көптігіне төтеп бере алмай қалады. Оның үстіне курорттық мекенде инфрақұрылым мәселелері шешімін таппаған.

Баянауыл басынан бұлт кетер ме... Таулы өлкедегі туризм қашан оңалады?

Келушілердің қынжылысы

Бірнеше жыл бұрын Жасыбай көлінің жағажайында қоғамдық дәретхана деген үлкен мәселе болатын. Мойындау керек, көл­ге түсушілер суда шомылып жүріп «қаже­тін өтеп» кете беретін. Гигиеналық тұрғы­дан ешбір талапқа сай емес. Ақыр соңы көпші­ліктің талап-тілегі бар, кәсіпкерлердің өтіні­ші қосылып, үш жерден көл жағалауында дәрет­ханалар тұрғызылды. Бюджет қаражатына салынған санитарлық нысандар Ташатова жеке кәсіпкерлігіне сенімгерлік басқаруға берілді. Бүгінде ол жазғы туристік маусымда үзбей жұмыс істеуге көшкен. Алайда туристердің көбі дәретханалардың жағажайдан тым қашықта орналасқанына және оларға апаратын тротуарлардың жоқтығына наразы. Мұны өз өңіріміздің емес, алыстағы елордадан ат терлетіп келіп, отбасымен тынығып жатқан Сапар Бейсенбеков деген азаматтың аузынан да естідік. Отағасы қымбат демалыс үйлерінің біріне тоқтапты. Жағажайда күн қағып, тыныс­тап жатқан жайы бар.

– Жасыбайға жыл сайын келеміз. Биыл үй ішімізбен бір аптаға келіп, демалып жат­қан жайымыз бар. Бұл жердің табиғаты аса көркем, суы мөп-мөлдір айдын көл көңі­лі­міз­ден шығады. Жыл сайын еңбек дема­лы­сын алып, осы жаққа жеткенше асығамыз. Шүкір, Нұр-Сұлтаннан демалыс ай­мағына дейін шаршамай жет­тік. Тек бұл жерде бізді қын­жылтатыны, заманға сай инфра­құ­рылымдар, сәулеттік нысандар, түрлі архитек­туралық мүсін­дер жетіспейді. Жағажай айна­лысында қарапайым тротуарлар жоқ екен. Жыл сайын келеміз. Осы бір көңілсіз көрініске тап бола­мыз. Кішкентайларымыз көл басында дәрет­ханаға жиі сұранады. Табандарын талай рет тас­қа жырып, шөңге де қадалған күндер болды. Әрі даладағы дәретхана ақылы. Көлден шық­қан соң даладағы душқа шайынып алайық десек, кісі басы 500 теңге төлеуімізге тура келеді. Біз демалыс аймағына кіргенде 606 теңге­ден экологиялық алым төлейміз. Әрбір дема­лушы сөйтеді. Күніне бірнеше мың адам кі­ріп-шығып жатыр. Ұлттық парктің қазына­сына түсіп жатқан табыс жаман емес сияқты. Ендеше, оның өтеуі болуы керек қой?! – деп қынжылды алыстан келген турист.

Баянауыл аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Зейнолла Тәліповтің сөзіне сүйенсек, тротуар салу мәселесі жергілікті биліктің назарында. Оған тиісті конкурс ойнатылған. Ендігісін жазғы суға түсу маусымының аяқталуын күту қажет болады. Күзде бұл жерде құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Тек тротуар ғана емес, демалыс аймағында «Менің жүрегім Жасыбай» деген жазуы бар сәулетті стелла салу, өзге де абаттандыру жұмыстары жоспарда тұр.

Жалпы, Баянауыл ауданындағы ат­қа­рушы билік өкілдерінің аймақты да­мы­туға деген құлшыныстары тау қопарар­лық­­­тай. Дегенмен «Жомарттың қо­лын жоқ­­­тық байлайды» деген тәм­сілдің бюд­жеті шектеулі өңірге тән еке­нін ескер­мес­­­ке болмас. Туризм бөлі­мінің бас­шы­сы соңғы жылдары демалыс айма­ғын да­мыту үшін мемлекет те, жеке кәсіп­кер­­­лер де аз қаржы құйып жат­пағанын жет­кізді.

– Тек биылғы жылдың соңына дейін жеке инвесторлар есебінен демалыс айма­ғын түлетуге 1 млрд 200 млн теңге қара­жат тартылады деп күтілуде. Оның 40 млн теңгесі бүгінге дейін салынды. Демалыс үйлерін ұстаушылар өз аумақ­тарын абаттандыру, келушілерге қолайлы жағдайлар тудыру үшін қара­жат шығындауға тура келетінін жақсы түсінеді. Коронавирус пандемиясында демалыс аймағы жабылды, одан соң ішінара жұмыс істеді. Соның барлығы кәсібін жүргізіп отырғандарға үлкен соққы болды. Демалыс үйлері мыңда­ған туристен айырылып, миллиондаған теңге шығынға ұшырады. Әлі күнге пан­демияға дейінгі табысқа жете алмай отыр­ғандар бар. Сондықтан туристік таулы аймақты инфрақұрылымдық жа­ғынан дамыту үшін әлі де уақыт пен қы­руар қаржы керек. Ал оның барлығын мемлекет өз қалтасынан төлей алмайтыны анық. Ендеше, туристердің көп­теп келуін тілейтін бизнесмендер салаға ақша құяды деген сөз, – дейді бөлім басшысы.

Айтпақшы, жоғарыда айтқан 1,2 млрд теңгенің 500 млн теңгесін «Березовая роща» демалыс үйі өз қалтасынан шы­ғармақ ниетте. Оған биыл күзде бассейні бар демалыс үйі салынып, келер жылғы маусымда жаңаша жайлылықта жұмыс істей бастамақ ойлары бар. Бұған қоса «Қаржас» ЖШС кемпингтер тұрғызып, спорттық туризмді дамытуға арналған алаң орнатуды көздеп отыр. Ол жерде болашақта аймақтардан спортшылар жиналып, спорттық жиындар өткізуге мүмкіндік алмақ.

– Баянауыл дегенде көпшіліктің көз алдына әуелі Жасыбай көлі келетінін жақ­сы білеміз. Соңғы жылдары су айдынын саялап келетін туристердің саны артып, кейбір демалыс күндері жаға­жай­ға адам сыймай қалады. Осыны еске­ріп, Баянауылдағы «Сабындыкөл» және «То­рай­ғыр» көлдерінің маңайларын абат­­тандыру, демалыс үйлерін салу жал­ғасуда. Мәселен, Торайғырдағы су айдынына жақын жерде қонақүй, ал Сабындыкөлдің оңтүстік-батыс бөлі­гіндегі бұрынғы «Ого­нек» демалыс база­сындағы 8 гектар жерге «Тұлпар 2021» серіктестігі бірнеше кор­пустан тұра­тын демалыс үйін салуды әне-міне бас­тап кеткелі отыр. Олар ашылса, біраз турис­тің сонда баратынына дау жоқ. Осы арқылы келушілердің Жасыбайға түсі­ріп отырған жүктемесін азайтып, эко­логиялық жағдайды біраз реттеуге мүмкіндік бар, – дейді З.Тәліпов.

Кәріз салу мәселені шеше ме?

Баянауылға белгілі кәсіпкер, ұлттық парктегі экологиялық үйлестіру кеңесінің мүшесі Аспанбек Ағымбеков Жасыбай жағасындағы жерлер жергілікті әкімдік пен облыстағы туризм саласына жауап­ты басқарманың жауапкершілігіне беріл­месе, мұндағы проблемалар бір қа­дақ та шешілмейді деп санайды. Себебі ұлттық парктің дамуына ақша салу үшін бұл жердегі экологиялық шектеулер белгілі бір көлемде жойылуы керек. Бір ғана мысал, электр желілеріне тиіп тұрған ағаш бұталарын кесуге рұқсат алудың өзі бір машақат көрінеді.

– Екіншіден, Жасыбай көлі жағала­­­уын­дағы рекреациялық аймақ өте шектеу­лі. Оған келетін туристердің санын азай­туымыз керек. Бір айда шамамен 156 мың адам келіп, көл жағасында демалады деген ресми мәлімет ешбір шындыққа сәйкес келмейді. Туристер саны одан бірнеше есеге көп. Сенбі, жексенбі күндері көл жағалауы халықтың көптігінен ыбырсып, ластанып кетеді. Мұнда жаңадан демалыс үйлерін салудың ешбір қисыны жоқ. Баянауылда орналасу реті мен көр­кем табиғаты жағынан Жасыбайдан кем түспейтін Сабындыкөл, Торайғыр көлі және Біржанкөл бар. Бұлардың жанында жаңадан туристік аймақтар құрып, инфрақұрылым тартуға болады. Ол жерлер әлі игеріле қоймағаны себепті, су, кәріз желілерін жылдам тартып тастауға мүм­кіндік бар. Жаңа қонақүйлерді сол жақ­­тарда тұрғызған абзал. Қонақүй кө­бей­­се, келушілер де көбейеді, – дейді кәсіпкер.

Бір қызығы, қазір туристік аймақта демалыс үйлерін салатын ине шаншар жер жоқтығына қарамастан, әлдебір инвесторлар аумағы 4 000 шаршы метр бес жұлдызды қонақүй тұрғызып бере­міз, ол үшін көл жағалауының біраз бөлі­гін бізге беріңдер деп қолқа салып отыр­ғанға ұқсайды. Бұған ұлттық парк­тегі экологиялық үйлестіру кеңесінің мүше­лері өре түрегеліп, қарсылық танытқан. Құрылысқа рұқсат берілсе, дүниенің ағашы кесілгелі тұр.

Осы жаз басында облыс басшысы Әбіл­қайыр Сқақов Баянауылға барғанда, Жасыбайда ауыз су мен кәріз жүйесін салу мәселесі тағы бір мәрте көтеріліп қалған еді. Мамандар жүйені іске асырудың түрлі жолын ұсынғанымен, ешбірі кө­ңілден шықпады. Себебі құрылыс жүрсе, жүз­деген гектар жердің ойран-топыры шығып, демалыс аймағы әр жерден қа­зылып-қазылып қалатыны анық. Қазылған орлардың кейін талапқа сай жабылуы да ойландыратын мәселе. Жауапсыз мердігерлер кезіксе, демалыс үйлерінің шырқы одан әрі бұзылатыны айдан анық. Бүгінде Жасыбайды қойып, Баянауыл кентіндегі су құбырын жүргізгеннен ке­йінгі жағдайды көріп, ішің ашиды. Елді мекен ішінде жерге көмілген құбыр­лардың үстіңгі топырақ қабаты әлі күнге дұрыс реттелмеген. Бірнеше жыл өтсе де, мердігердің бейберекет жұмысының салдары сол қалпы сақталып қалған. Әсіресе шеткі көшелерде үйілген жал топырақ­тар, қолдан жасалған жыралар көліктер­дің жүріп-тұруына үлкен кедергі келтіріп жатыр.

Осы тарапта Аспанбек Ағымбеков тағы өз пікірін білдірді. Оның сөзіне құ­лақ түрсек, демалыс үйлерінде ауыз су мен кәріз жүйесіне қатысты соншалықты проблема жоқ. Әр қонақүй скважина қазып алған. Ал қалдық су арнайы септиктерге жіберіледі. Ассенизатор машиналар шайынды суды уақтылы жинап, белгілі полигондарға апарып төгеді. Кәріз жүйесіне сұранып тұрған – орталықтағы бейберекет орналасқан дүкендер мен дүң­гіршектер. Олардың жұмысына қатысты келу­шілер тарапынан сын көп айтылып жатады: санитарлық жағдайды дұрыс сақ­та­майды, лас суды далаға төгеді, тағы­сын-тағылар. Ендеше, жергілікті билік осы шағын сауда нүктелерінің мәселесін шешуді әуелі қолға алуы керек деп есеп­тейді ол.

Жел тұрса, жарыққа сор

Соңғы уақытта демалыс аймағында электр жарығы жиі сөнеді. Бұл жердегі кәсіпкерлік нысандары жазғы уақытқа ғана бейімделгенін, демалыс үйлері мен дүкен-дүңгіршектердің әрқайсысында ондаған тоңазытқыш-мұздатқыш орналасқанын білген абзал. Жарық әр жалп еткен сайын бизнес иелері жандарын шүберекке түйіп, тоңазытқышындағы миллиондаған теңге тұратын тауарының бұзылып кетпеуін тілеп отырғаны.

Бақсақ, бұл жердегі жарықтың жиі сөнуінің көптеген себебі бар екен. Осыдан бірнеше жыл бұрын Торайғыр елді мекенінен қуаттылығы 35 киловат­тық желі тартылыпты. Ұзындығы 13 ша­қы­рымға жуық жоғары кернеулі электр сымдары демалыс аймағының дәл ортасына келіп тоқайласып, шағын станса салынған. Барлық құрал-жабдығы мен құрылысы аудандық бюджет есебінен жүргізілген. Алайда бұл нысан осы күнге дейін Баянауыл аудандық электр желілері (БАЭЖ) мекемесіне берілмей келген. Желілер мен стансаға ешкім қызмет көрсетпей, салдарынан жарық жиі сөнетін болған. Аудан әкімдігі мен ұлттық парк басшылары жарық әр жалп еткен сайын БАЭЖ-ге жалтақтайды. Ал монополист мекеме желі олардың қарауында болма­ған соң көмек көрсетуден қашқақтайды. Осылайша, зардабын кәсіп иелері тартады. Аудан билігі электр желілерін тарату кәсіпорны нысанды өз балансына алудан бас тартып келгенін айтады.

Аудан әкімінің орынбасары Қинаят Тәліповпен тілдескенімізде, ол мәселе­нің сот шешімінен әне-міне шешілгелі отыр­ғанын хабарлады.

– Қолымызға сот шешімі тиді. «Алек­сандровка –Жасыбай» №035 электр желісі енді аудандық электр желілері мекемесі­не беріледі. Бұған дейін туристік аймақ­та жарықтың өшіп қалуы жиі тіркелгені рас. Себебі электр сымдары қатты желде өсіп тұрған ағаштардың бұтақтары­на тиіп, уақытша тұйықталу жүреді. Сол сәтте шағын стансадағы автоматты сақтандырғыш іске қосылып, жарық сөніп қалады. Әу баста бұл желі орталықтағы электр қуатының жүктемесін жеңілдету үшін салынған. Алдағы уақытта БАЭЖ нысанды иелікке алса, мұндай мәселелер толығымен шешіледі деп үміттенеміз,–дейді аудан әкімінің орынбасары.

Алайда жергілікті биліктің бұл үміті орындалмайтындай. Баянауыл аудандық электр желілері кәсіпорнының басшысы Ардақ Абылғазин әу баста желілер мен шағын стансаның құрылысында көп кемшілік жіберілгенін айтады.

– «ВЛ-35» деп аталатын бұл желіде ақау көп. «Тамыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі оның құрылысын сауатсыз жүргізген. Желілердің басында арнайы контурлар жоқ. Одан соң шағын стансада порталдар орнатылмаған. Стансадан төрт бағытта жердің астымен жүргізілген кабельдер дұрыс төселмеген. Кабель салынар алдында қазылған орға жұмсақ құм төселіп, «жастықша» жасалуға тиіс еді. Құрылыс барысында ол да ескерілмеген. Ертең жердің топырағы отырғанда кабелге күш түсіп, тұйықталу жүруі ғажап емес. Біз оны қабылдап алуын алармыз, бірақ жұмысының тұрақтылығына сенім жоқ. Қысқасы, алдағы уақытта шағын стансада ақаулар шықса, жергілікті әкімдік кінәні бізден іздемеуі керек, – дейді мекеме жетекшісі.

Ал ұлттық парктегі экологиялық үй­­­лес­­тіру кеңесінің мүшесі Аспанбек Ағым­­беков Абылғазинның айтқандарын жоқ­­қа шығарып отыр. Кәсіпкердің сөзіне сүйенсек, БАЭЖ-дің қолданыстағы құрал-жабдықтары әбден ескірген. Жаңа станса заманға сай электронды құралдармен, түрлі қабылдағышпен жарақталған. Кәсіп­орынның мамандары озық технологиямен жұмыс істей алмай отыр деп санайды ол.

Парк басшылығының базынасы

Демалыс аймағы айрықша қорға­ла­тын аумақ болғандықтан тұтасымен Баянауыл мемлекеттік ұлттық паркінің бақылауында тұрғанын айтып өтейік. Парк қызметкерлері мұндағы санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарына жауапты. Әр келушіден түсетін эко­ло­гия­лық төлемнің тең жартысы осы меке­менің қазынасына құйылады. Ендеше, аумақты инфрақұрылым тұрғысынан дамытуға парк неге мүдделі емес деген заңды сауал­ туындайтыны рас. Бұл сауалды мекеме директорының міндетін атқарушы Фархат Сыздықовқа қойдық.

– Әлдебіреулер ойлайтындай ұлт­тық парк миллиондап пайда тауып, табыс­қа кенеліп отырған жоқ. Бухгалтерлік есептеріміз мінекей, былтыр бізге эко­логиялық төлемдерден және демалыс үйлеріне санитарлық ақылы қызмет түр­лерін көрсеткеніміз үшін 29 млн тең­геге жуық қаражат түсті. Алайда бұл ақ­ша ешбір жыртығымызды жама­май­ды. Мекеме қызметкерлерінің еңбекақы­сы мен автокөліктердің қосалқы бөлшек­терін сатып алуға да жетпейтінін айтқым келеді. Егер ол ақша таза пайда күйін­де келсе, оған 2 бірлік шағын өрт сөндір­гіш кешен сатып алар едік. Бізде бүгінде өрт сөндіргіш үлкен машиналары­мыз жет­кілікті болғанымен, шағын әрі ұтқыр кө­ліктер, патрулдеу машиналары, мотоциклдер жетіспейді. Көп техникамыз тозғаны себепті, былтыр есептен шығарып тастадық. Жүруге мүлде жарамай қалды. Ал автокөліктерге қажет қосалқы бөлшек­тер соңғы уақытта тым қымбаттап кеткен. Кейде парк қызметкерлеріне ана жұмысты уақтылы аяқтамадың деп ұрсуға ұяламын. Астында дұрыс техникасы жоқ маман үлкен аумақты қалай тез сүзіп шығады? Осы ұтқырлық жағы бізге тежеу болып тұр, – деп қынжылды Фархат Рахатұлы.

Парк басшысы тағы бір проблеманың тиегін ағытты. Айтуынша, демалыс айма­ғында 58 жер пайдаланушы бар, оның 44-і – демалыс үйлері. Бір қызығы, кәсіп­керлер туристік қызмет көрсеткені үшін бюджетке ақша төлемейді. Оған тариф белгіленбеген.

«Орман шаруашылығы және жануар­лар дүниесі комитетіне осы мәселе бо­йын­ша бірнеше мәрте өтініш жасадық. Қазақстандағы біз секілді өзге айрықша қорғалатын аумақтарда 2017 жылы бекі­тілген арнайы тариф бар екен. Бірақ оның бағасы айлық есептік көрсеткішке негіз­делмеген әрі өте арзан. Сондықтан Эко­логия, геология және табиғи ресурстар министрлігі алдағы уақытта барлығына ортақ әрі тиімді тариф белгілейміз деп уәде етті. Егер ол қабылданса, біздің қазы­намызға түсетін табысымыз шамамен екі есеге өсіп, артық ресурстарымыз пай­да болар еді. Нәтижесінде, ұлттық парк­тегі абаттандыру жұмыстарына зор үлесі­мізді қосамыз деп ойлаймын», – дейді Ф.Сыздықов.

Демалыс үйлерінің айналасында соң­ғы уақытта келушілердің актокөліктері сый­май жатады. 9 демалыс үйі парк меке­­ме­­сінен жеке автотұрақ салуға рұқ­сат сұ­рапты. Бірақ қолданыстағы заң мен та­риф­­тің жоқтығы оған мүмкіндік бермейді екен.

Ақбеттауда шаңғы тебу – арман

Баянауылды жылдың төрт мезгілінде де жұмыс істейтін туристік орталыққа айналдыру әлі күнге арман. Облыс, аудан басшыларының бұл іспенен айна­лыс­пағаны жоқ. Әр жаңа әкімнің бұл мәсе­леге келгенде жұмыстары жүрмей қа­ла­тыны бар. Көбіне жоба-жоспарлары таудай болып келіп, іс аяғы қылдай болып аяқталып қалып жатады. Бір ғана мысалды айтып өтейік, аудан орталығы – Баянауыл кентінің батыс шетінде шаңғы базасын саламыз деген жоспар бүгінде сағызша созылып, ешбір әкімқара мен шенеуніктердің тісі батар емес. Облысты шаңғы спортынан алға сүйреп жүрген майталмандарымыз осы жерде қыс бойы үлкен жарыстарға дайындалып, қысқы спорттан олимпиада медаліне қол созамыз деп армандап, армандап қойдық. Болашақ чемпиондарымыз осы жерде жаттығып, елдің спорт резервін қалыптастырады деп мақтандық. Сайып келгенде, жылдан­жылға ысырыла берген болашақ шаңғы базасының жобасына қатысты үміт шоғы сөніп бітуге айналды.

Әйтпегенде, болашақ шаңғы базасы үшін таңдап алынған аумақ тамаша-ақ жер. Тамаша табиғат қойнауында орналасқан. Ақбеттауды бауырлай салынатын базада жазғы уақытта шаңғы роллерін теуіп, қыста шаңғымен ызғыту үшін жалпы ұзындығы 2,5 км, ені 6 метр­­лік асфальтті жолдар болуы керек. Оған қоса аумағы 1 600 шаршы метр­ді құрайтын, барлық қажеттіліктері қам­тылған әкімшілік корпус та тұрғызу үлкен жоспарда тұр. Шаңғы базасының құрылыс жобасы қазіргі жағдаймен 1,2 млрд теңгеге бағаланып отырған көрінеді. Бұған қоса шаңғы трассаларын қыста тегістеп, ақ ұлпасын нығыздап отыратын арнаулы техника – «Ратрак» тракторы қажет. Оның құны да аз ақша емес. Осыдан төрт жыл бұрын Баянауылдан 20 шақырым жерде орналасқан «Мырза­шоқы» тау-шаңғы базасына сатып алын­ған, өзі бұрын қолданыста болып келген әлгіндей трактордың бағасы 32 млн теңгеге шыққанын естігенде, жаға­мызды ұстағанбыз. Импорт техника мен құрыл­ғы қымбаттаған қазіргі заманда оның да бағасы аспандап тұрғаны анық. Сон­дықтан бұл жобаның да алдағы бір-екі жылда жүзеге аса қоятынына күмән мол.

Баянауылға эколог те бұйырмай тұр

Ең соңы Баянауылда бүгінде эколог жоқ. Ұлттық паркте жер жағдайын, көл жағдайын бақылап отыратын экологтер әрине бар. Біздің айтпағымыз, жергілікті өндіріс орындары мен кәсіпорындар шығаратын зиянды заттардың көлемін бақылап, өңірдегі экологиялық жағдайға баға беретін экологтің жоқтығы. Себебі аудан аумағы тек экологиялық туризммен емес, тау-кен өнеркәсібімен де танымал. Мұнда Майқайың алтын кеніші мен комбинаты, Майкөбе, Талдыкөл, Сарыкөл көмір кеніштері, Керегетас әктас кеніші және тағы да басқа қоршаған ортаға зиян­­дылығы жоғары өндіріс орындары бар. Алайда осы үлкен кәсіпорындардың жұмы­сын қадағалап, олардың келтіріп жат­қан залалына дәйекті түрде баға бере­тін маман жоқ. Кезінде штаттан қыс­қартылып кеткен. Аудан әкімінің орынбасары Қ.Тәліповтің айтуынша, әкімдіктің қазіргі штатында эколог маманы мүлде қарастырылмаған. Мәселені бір шешсе, солар шешеді деген үмітпен облыстық экология департаментіне өтініш айтылып, бірнеше мәрте хат та жазылыпты. Бірақ бұл мекеме де «қарастырамыз» деген нем­құрайды жауаптан аспай отыр.

Сырттан келушілердің айтуынша, таулы өлкедегі энергия керемет. Тек, заманға сай туристік қызмет жетіспейді. Мыңда­ған адам ыстықта сая табатын Жасыбай­дың жағасы қашан гүлденеді? Бұл сауалдың жа­уабын әлі талай жыл іздеуге тура келе­тіндей.

 

Мұрат ҚАПАНҰЛЫ,

журналист

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы