Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ , «EQ»
Қант өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, Көксу қант зауыты және «Магнум», «Смолл», «Тоймарт» сауда кешендері арасында 2 мың тонна қант өнімін килосын 450 теңгеден сатуға қатысты арнайы меморандумға қол қойылған. Сондай-ақ Ақсу қант зауытымен айналым схемасы бойынша 1 500 тоннаға келісімшарт жасалды. Әйтсе де, өңірдегі жағдай сіз бен біз ойлағандай емес. Аталған сауда орындарында баға келісімшарттағыдан әлде-
қайда жоғары.
Мәселені әріден тарқатсақ, 20 млн-ға жуық халықтың сұранысын қамтамасыз ету үшін жылына 500 мың тоннадан астам қант қажет. Ал Жетісу облысындағы Ақсу мен Көксу, Жамбыл облысындағы Мерке қант зауыттары жылына 70 мың тонна көлемінде қант өңдейді. Осыдан-ақ қорытынды шығара беріңіз. Яғни отандық қант зауыттары өндірген шекер қазақстандықтар қажеттілігінің 13 пайызын ғана қамтамасыз ете алады деген сөз.
Экономикалық заңдылық бойынша егер азық-түлік импорты ішкі тұтыну көлемінің 20 пайызынан асса, бұл елдің нарығы импорттаушы елдер белгілеген бағаға тәуелді болады. Еліміздегі қант бағасының күрт қымбаттап кетуіне осы жағдай да себеп болуда.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, соңғы 7 жылда қант қызылшасы егістігінің аумағы жеті жарым есеге артқан. Мәселен, 2014 жылы 1,2 мың га құраса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 8,9 мың га жеткен екен. Сондай-ақ қайта өңдеуге өткізілген өнім көлемі 20 есеге, нақтылай кетсек 9,9 мың тоннадан 196 мың тоннаға дейін ұлғайған. Бірақ бұл көрсеткішке қуана алмай отырмыз.
Қант өнімін облыста Көксу және Ақсу қант зауыттары өндіруде. Биыл шаруаларға өткізілген өнімнің әр тоннасына 30 мың теңгеден төленбек. Яғни зауыт тарапынан 15 мың теңге, субсидия есебінен 15 мың теңге беріледі.
Бұл былтырғымен салыстырғанда 8 мың теңгеге артық. Десе де «Жерұйық» коммуналдық базарындағы қант сатылатын орында ұзын-сонар кезек. Күннің аптап ыстығында кезегін күтіп терлеп-тепшіп, шөлдеп тұрған ақсақалды да, ақ жаулықты ананы да, жастар мен балаларды да кездестірдік. Иін тірескен адамдар кейде бір нәрсеге келіспей, бір-біріне дауыс көтеріп, қызылкеңірдек болып жатады.
«Қойды өрістен күткендей кезегіміз келгенше ұйпа-тұйпамыз шығады. Алдыңғы жолы кешігіп, сатылымдағы қантқа қолымыз жетпеді. Бүгін таңғы сағат 5.30-да келсем, менен бұрын бірнеше адам кезек алған екен. Енді біраз күтсем кезегім келеді. Сонда алатынымыз 2-3 кило қант. Одан артық бермейді. Оның үстіне қарақұрым халық соңымызда ентелеп тұр», дейді кезекте тұрған қала тұрғынының бірі. Расымен, оның артында қант таусылып қалмаса екен деген үмітпен үздігіп тұрған жұрттың қатары қалың. Арасында шыдамы таусылып, қолын бір-ақ сілтеп кетіп жатқандары да бар.
«Ел аман, жұрт тынышта қант үшін осылай аласапыран боламыз деп кім ойлаған?! Ел басына күн туса мына халық не істейді?» деп ренішін білдірген апамыз «Магнум» сауда орталығына бірнеше немересімен келіп, қол арбасын үш килодан қапталған қантпен толтырып алыпты. Біздің таңырқағанымызды сезе қойған апамыз: «Мына балалар да адам ғой. Үш килодан алуға міндетті», деді.
Бүгінде еліміздің кей өңірінде бір кило қанттың бағасы мың теңгеге дейін шарықтап кеткені жасырын емес. Талдықорған қаласындағы дүкендерде қанттың килосы 650-800 теңге көлемінде сатылуда. Мұндай баға тұтынушылардың қантқа деген сұранысын қамтамасыз ету және бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында қолға алынған «Жетісу» ӘКК ӨДИ» АҚ азық-түлік тұрақтандыру қоры тарапынан атқарылып жатқан шаралар есебінен ғана сақталып тұр.
«Облыстық азық-түлік тұрақтандыру қорында бүгінде
1 500 тоннадан астам қант қоры бар. Оның әр килосы 280-317 теңгеден аспайтын бағамен аптаның сейсенбі, сәрсенбі, сенбі күндері Талдықорған қаласындағы «Жерұйық» коммуналдық базарында, «Санжар», «Шойбек», SM market, «Нұралы», «Көксу» шағын маркеті, «Тоймарт» сауда орталығы және азық-түлік тұрақтандыру қорымен келісімге отырған аудан орталықтарындағы үй жанынан ашылған дүкендерде сатылуда», дейді облыстық азық-түлік тұрақтандыру қорының өкілдері.
Былтырдан бері Көксу қант зауыты құрақ қантын өндіруді қолға алды. 2021 жылы 41 мың тонна шикізат өңделіп, 40 мың тонна құмшекер алған. Ал осы жылы 48 мың тоннаға квота алып, бүгінге 30 мың тонна шикізат өңделді. Сонымен қатар осы қараша айында Ақсу қант зауытында қамысты қайта өңдеу желісін қолданысқа беру жоспарлануда. Осылайша, қос зауыт та жыл бойы жұмыс істеп, қамыс құрағы мен қызылшаны өңдемек.
Жетісуда қант қызылшасының егіс алқабы алдағы 4 жылда 15 мың гектарға дейін ұлғаймақ. Нақтырақ айтсақ, 2023 жылы – егіс алаңы 8,1 мың га, 2024 жылы 10,7 мың га құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 12,2 мың га дейін жетеді. Жалпы, биыл бұл дақыл түрі 6,2 мың гектарға себілді. Одан 210 мың тонна өнім жинап, 20 мың тоннаға жуық қант өндіру жоспарда бар.
Сондай-ақ Алакөл ауданындағы үшінші қант зауытын іске қосу көзделіп отыр. Облыс басшысы Бейбіт Исабаев бұл зауытты қайта қалпына келтіру жөнінде үш халықаралық қаржы институты өкілдерімен кездесуде бірнеше ұсынысын жеткізді.
Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, қантқа сұраныстың 25 пайызы орындалғанда сол елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады екен. Біз осы деңгейге жету үшін кем дегенде жылына 1 млн тонна шикізат жинауымыз керек. Бұл үшін 25 мың гектар жерге қант қызылшасы егіліп, гектарынан орташа есеппен 450 центнерден өнім жинау керек. Алайда былтыр жетісулық диқандар 8 925 гектар жерден қант қызылшасын қамбаласа, биыл 6 364 гектар алқапқа қант қызылшасын еккен. Ауа райы, су, тыңайтқыш, тұқым, тағы да басқа күтіп-баптаумен тікелей қатысты болатын дақылдан күзде қанша өнім жинайтыны әзірше белгісіз. Сондықтан қантты көрші елдерден импорттауға мәжбүрміз.
Не десек те, қант үшін тайталас жуық арада тыйылмайтын секілді. Инфляция да иықтан тартуда. Түгін тартса, майы шығатын жетісулықтардың 6 мың га қызылшасы қажеттілікті қаншалық қанағаттандырады? Биыл Ақсу қант зауыты қант құрағынан қант өндіруге көшпек, ал Көксу қант зауыты жазғы уақытта қант қамысынан қант өндіруді қолға алғалы екі жыл болды. Олар қант құрағын мұхиттың арғы бетіндегі Бразилиядан тасымалдайды. Егер бұрынғыдай жол жабылып қалса, не істемек? Сондықтан отандық қант өндірісін өркендету үшін оны егіп, баптайтын диқандарды ынталандырудың амалын табу керек. Алакөлдегі қант зауытын да қалпына келтіру өзекті болып тұр.
Жетісу облысы