Таяуда шағын қаланың орталығында үлкен экран пайда болды. Тұрмыстық қалдықты қоқыс жәшігінің маңайына қалай болса-солай лақтыра салатын тұрғындардың әбес әрекеті дәл сол уақытта осы алып экранда көрініс тауып, әшкере болады. Әр ауладағы қоқыс алаңының тұсына арнайы камералар орнатылған. Бұл бейнеқұрылғылар қоқыс жәшігінің маңайында болып жатқан қимыл-қозғалыстың бәрін таспаға түсіріп тұрады.
Қаланы ластаушыларды әшкерелегіш экран жергілікті әкімдіктің қаржысына орнатылыпты. Ал қоршаған ортаға жанашыр экобелсенділер әр камерадағы видеоны жинап, шағын бейнетүсірілім жасап шығарады да, әлгі экран арқылы жалпы жұртқа жария етеді. Осылайша, «қоқыс қаһармандары» бүкіл қала жұртшылығына масқара болады.
Алайда кейбір тұрғындар мәселенің мұнымен шешіле қоятынына күдікпен қарайды. Өйткені коммуналдық қызмет кеншілер шахарындағы тұрмыстық қалдықтарды сыртқа аптасына бір-ақ рет шығарады. Салдарынан қоқыс контейнерлерінің маңында аяқ басатын жер қалмай қалады. «Қоқыс жәшіктері аузы-мұрнынан ақтарылып толып тұрса, үйден шыққан тұрмыстық қалдықты жәшіктің жанына тастамағанда, қайда тастаймыз? Тек қайтадан үйге алып кіру ғана қалады. Біз ақшасын төлеп отырмыз ғой», дейді жұрт.
Ал әшкере экранына түсіп қалған бес-алты тұрғын таяуда ғана әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 24 мың теңгеден айыппұл арқалаған.
Қостанай облысы,
Рудный қаласы