Қорғаныс министрлігінде ведомство басшысы Әділбек Жақсыбеков Түрік Республикасы Бас штабының бастығы, армия генералы Илькер Башбугпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар әскери және әскери-техникалық саладағы қарым-қатынастардың даму қарқынына қанағаттанарлық ниет білдірді. Қазіргі таңда Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынас тұрақты және сенімді әріптестік сипатқа ие.
– Түркия Қазақстанның басым әріптестерінің бірі болып табылады, – деп атап өтті Қазақстан Қорғаныс министрі. – Екі ел Қарулы Күштері арасындағы әскери ынтымақтастықтың деңгейін өте жоғары деп айтуға болады.
Әріптестіктің негізгі бағыттары еліміздің әскери қызметшілерін Түркияның әскери оқу орындарында оқыту, қазақстандық арнайы мақсаттағы бөлімшелерді дайындау мен оларды жарақтандыру, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін реформалау үдерісіне жәрдем көрсету болып табылады. Қазіргі таңда Қазақстан Қорғаныс министрі мен Түрік Бас штабы бастығының өткен жылғы күзде Анкарадағы кездесуінде қол жеткізілген негізгі келісімдері жүзеге асырылуда. Бүгінге дейін түрік әскери мамандарының көмегімен “Командос”, “Арнайы мақсат”, “Мергендер дайындау”, “Ішкі қауіпсіздік” бағдарламалары бойынша 500-ден астам қазақстандық әскери қызметші дайындықтан өтті. 2007 жылдан бері Аэроұтқыр әскерлерінің арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің 400 жауынгері “Командос” курсы бойынша тәжірибеден өтті.
Қазақстан Қорғаныс министрі Түркия оқу орындарында Қазақстан әскери қызметшілерін оқытудағы мүмкіндікке ризашылығын білдірді.
Кездесуден соң тараптар бүгінгі кездесу екі мемлекет қорғаныс ведомстволарының арасындағы екіжақты ынтымақтастыққа жаңаша серпін беретінін атап өтті.
Сапар шеңберінде Түрік әскери делегациясы Астанадағы Ататүрік ескерткішіне гүл қойып, тағзым етті, деп хабарлады еліміз Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.