Қаржы • 27 Шілде, 2022

«Көгілдір отын» үшін қарыз көбейіп барады

547 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздің газ қызметінің мамандары қазақстандықтар мен жекелеген кәсіпорындардың «көгілдір отынға» қарызы ұлғайып бара жатқанын алаңдау­шылықпен айтып, дабыл қағып жатыр. Әрбір тұрғын үй мен басқа да ғима­рат­тар­ды газбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін оның ақысын уақтылы төлеу қажет.

«Көгілдір отын» үшін қарыз көбейіп барады

Келесі қысқы жылыту маусымына дайындық – жауапты кезең. Қыстан қысылмай шығу үшін коммуналдық сала қызметкерлері қазір газ құбырларын ретке келтіріп, желілерге тексеру жұ­мыстарын жүргізіп жатыр. Егер қандай да бір ақау анықталса, оған қажетті жабдықтар сатып алынып, жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Тиісті мамандар осындай жұмыстың бәрін 15 қыркүйекке дейін аяқтауға тиіс. «QazaqGaz» АҚ басшылығы қысқа дайындық жұмыстары сапалы жүргізілетініне және белгіленген мерзімде толық аяқталатынына уәде беріп отыр. Өйткені әзірлік жұмыстары бекітілген кестеден оза жүргізілу­де.

Дегенмен газ шаруашылығын қысқы маусымға сақадай сай етіп, жоғары деңгейде күтіп ұстау бары­сында кедергі де жоқ емес. Елді «кө­гілдір отынмен» үздіксіз және апатсыз қамтамасыз ету айтарлықтай қаржы шығынын қажет ететіні белгілі. Бұл, айналып келгенде, түсетін кіріске келіп тіреледі. Мәселе де осы жерден туындайды. Қазіргі таңда көптеген тұрғын мен кейбір коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындар пайдаланған табиғи отынның ақысын төлемей, газбен жабдықтаушыларды шығынға батырып, қиын жағдайда қалдырып отыр. Тіпті ірі өнеркәсіп орындарының арасында да газ ақысын уақтылы төле­мейтіндер бар. «QazaqGaz» АҚ-ның еншілес компаниясы – «Қаз­ТрансГаз Аймақтың» деректеріне сүйенсек, қазақстандықтардың «көгіл­дір отынға» қарызының жалпы сомасы 7 миллиард теңгеден асқан. Мұн­дай ірі көлемдегі қарыз газбен жаб­дықтаушы мекемелерге қиындық тудырып, алдағы жылыту мау­сымына тыңғылықты дайындалуға, жұмысты дұрыс ұйымдастыруға белгілі бір дәре­жеде теріс әсерін тигізетіні сөзсіз.

н

Газ үшін берешегі көп өңірлердің бірі – Шымкент қаласы. Оның берешегі қала бойынша жалпы қарыздың 71 пайы­зын құрайды. Түркістан (85 пайыз) мен Шығыс Қазақстан (89 пайыз) облыстары да қарызға батып отыр.

Өңірлердің ішінде, әсіресе  Қы­зылорд­а об­лысының газға берешегі алаң­­­да­тар­лық жағдайда. Облыстағы төле­н­­беген қарыз 1,3 миллиард теңгеге жетті. Бұл – өңірдегі жалпы қарыздың 90 па­йызы.

Реттеуші тарап биылғы тамыз айы­нан бастап, Қызылорда облысы бо­йынша бөлшек сауда бағасы ішіндегі тасымалдау тарифін бір жарым еседен астам төмендеткен. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл басынан бері аталған акционерлік қоғамның Қызылорда облысы бойынша шығыны 523 млн теңгеге жеткен. Себебі ол 2015 жылдан бері Қызылорда облысының тұтынушылары газ үшін қомақты көлемде қарыз болуына байланысты оларға арналған тарифтерді төмендетуге мәжбүр болған. Сол уа­қыттан бері есептегенде компания 14 миллиард теңге шығынға батқан!

Қыс хабаршысы – қырау түспей тұрғанда мәселені тезірек шешу керек, дейді мамандар. Тұрғындар өздері пайдаланған газдың ақысын уақтылы төлеп, бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауға тиіс. Өйткені мерзімінде тө­ленген газ ақысы – «көгілдір отынмен» толық қамтамасыз ету кепілі. Ал қарыз көбейе берсе, одан газбен жабдықтаушы ұйым ғана емес, ком­муналдық төлемдерді уақтылы төлеп жүрген тұтынушылар да зардап шегеді. Ешкімнің де қыстың суығында жылусыз қалғысы келмейтіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан коммуналдық қызмет ақы­сын уақтылы төлеп, қылышын сүй­ретіп келетін «кәрі құда» – қысты лайықты дайындықпен жылы үйде қарсы алған жөн.

н