Қаржы • 27 Шілде, 2022

Банктердің меншік капиталы артқан

524 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2022 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша елдегі екінші деңгейлі банктердің меншік капитал көлемі 5,46 трлн теңгеге жеткен. Бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 11,8 пайызға көп. Ал бір ай бұрынғы деректен 0,8 пайызға жоғары. Меншік капиталын арттыру бойынша Jusan Bank-тің шоқтығы басқалардан биігірек.

Банктердің меншік капиталы артқан

Қаржы институтының меншік капиталы бірден 77,8 пайызға, 698,7 млрд теңгеге дейін өскен. Банк көрсеткіштері реттеушінің пруденциалды нормативтері бойынша минималды талаптарынан асып түседі. Мәселен, меншік капиталының жеткіліктілік коэффициенті (k1) 0,283-ті құраған. Бұл – қазақстандық ірі коммерциялық банктер арасындағы үздік көрсеткіш. Үздік ондықтағы банктер арасындағы біршама жоғары көрсеткіш тек мемлекеттік «Отбасы банк» пен «Ситибанкте» ғана бар. Өз кезегінде Jusan Bank-тің өтімділік коэффициенті (k4) 2,191-ді құрайды. Бұл да тәуір көрсеткіш.

Екінші орында – «Банк ЦентрКредит». Қаржы институтының меншік капиталы бір жыл ішінде 33,6 пайызға, 276,5 млрд теңгеге дейін көтерілген. Бұл цифр – екінші деңгейлі банктердің жиынтық ка­пи­талының 5,1 пайызы деген сөз. Банктің меншік капиталының жет­кіліктілік коэффициенті 0,135 болса, өтімділік коэффициенті 1,133-ке бағаланған.

Үздік үштікті ең әлеуетті экожүйе құрумен ерекшеленіп отырған Kaspi Bank түйіндейді. Соңғы бір жыл көлемінде қаржы ұйымының меншік капиталы 28,9 пайызға өскен. Теңгеге шақсақ, 488 млрд теңгеге жеткен. Осылайша, Kaspi-дің меншік капиталы бүкіл сектордағы жиынтық капиталдың 8,9 пайызын еншілейді. Банкте k1 көрсеткіші – 0,125, k4 – 1,413-ке тең.

Сонымен қатар екінші деңгейлі банктер активтері биыл мамырдың нәтижесі бойынша 9 пайызға, 37,1 трлн теңгеге дейін ұлғайған. Активтер көлемі бойынша бірінші орында – Jusan Bank (2,4 трлн теңге). Бір жылда қаржы институты актив көлемін 41,6 пайызға арттырған. Екінші орында – 12 ай мерзім ішінде актив көлемін 39 пайызға көбейте алған «Банк ЦентрКредит» (2,7 трлн теңге). Үшінші орында – «Отбасы банк». Тек қана тұрғын үй ипотекасы категориясында жұмыс істейтін бұл банк өз активін бір жыл ішінде 32,9 пайызға арттырған. Жалпы, актив көлемі 3,1 трлн теңгеге бағаланады.