Аймақтар • 28 Шілде, 2022

Отыздыққа енген елді мекендер

477 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Үздік 30 ауыл» жобасы қолға алынған еді. Еліміздегі үздік отыздың қатарына Атырау облысынан екі ауыл еніп отыр.

Отыздыққа енген елді мекендер

Соның бірі – Махамбет ауданындағы Махамбет ауылы. Мұнда 13 мыңнан астам тұрғын, 19-ға жуық өзге этностың өкілі тұрады. Ауылда 3 орта мектеп, 1 саз мектебі, 2 спорт мектебі, 5 балабақша, 1 емхана мен аурухана, орталық және балалар кітапханасы, жаңадан салынған мұражай, сәулетті мәдениет үйі және мешіт бар. Ауылда 2007 жылдан бастап ипотекалық әдіспен екі қабатты 80 үй шағын аудан ретінде бой көтерді. Барлық үй мен мекеме түгелге жуық табиғи газ желісіне қосылған. Ауылда 3 сауда үйі, 3 жанар-жағармай құю стансасы тұтынушыға қызмет көрсетеді. Егін және мал шаруашылығымен айналысатын 12 шаруа қожалығы жұмыс істейді.

Екіншісі – Жылыой ауданындағы Шоқпартоғай ауылы. Бұл ауылды 3 100-ден астам тұрғын мекен етеді. Ауылда 58 шаруа қожалығы, 1 балабақша, 1 мектеп, 1 емхана мен спорт мектебі жұмыс істеп тұр.

Жоба авторы Мұратхан Шоқанның мәліметінше, «Үздік 30 ауыл» анықтамалық кітабына қос ауылдың тарихы, тыныс-тіршілігі, білім, спорт, денсаулық, мәдениет саласы мен әлеуметтік-экономикалық даму ырғағы, шағын және орта кәсіпкерліктің өркендеуі туралы мәліметтер қамтылып отыр. Сондай-ақ ауылдан шыққан танымал тұлғалар жөнінде мағлұматтар енгізілген.

– Ауыл – қазақтың түпқазығы, алтын бесігі. Сол себептен, аталған жоба аясында үздік ауылдарды анықтап, өзгелерге, әсіресе өскелең ұрпаққа үлгі етуді көздедік. Туған ауылын көркейтуге үлес қосып жүрген азаматтарды дәріптеу, сол арқылы кәсіпкерлер мен жастардың назарын атамекенге бұрсақ деген мақсатымыз болды, – дейді жоба авторы Мұратхан Шоқан.

 

Атырау облысы