Қаржы • 28 Шілде, 2022

Дебеттік карта мүмкіндігі қандай?

516 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазір елде айналымда 58,54 млн банк картасы жүр екен. Соның 29,96 миллионы белсенді пайдаланылады. Белсенді 10 картаның 9-ы – дебеттік карталар. Айта кетейік, дебеттік карта деп отырғанымыз – кәдімгі төлем жасау, банкоматтан ақша шешіп алу кезінде пайдаланылатын банк картасы. Картаның бұл түрі қандай артықшылыққа ие және бұл тұрғыдағы банк ұсыныстары қандай?

Дебеттік карта мүмкіндігі қандай?

Елдегі жиырмадан астам банктің 13-і ғана дебеттік карта ұсынады. Соның ішінде тек 6 екінші деңгейлі банк қана өз карталары бойынша жылдық тегін қызмет көрсетеді. Олар – «Банк Хоум Кредит» (Lite карта), «Банк ЦентрКредит» (картакарта), Forte Bank (ForteBlack), «Банк Фридом Финанс» (Freedom Card), «Еуразиялық Банк» және Altyn Bank.

Ranking мәліметі бойынша, тегін ақша шешіп алу бойынша ең үлкен лимит «Банк Хоум Кредитте». Бұл банктің дебеттік картасы арқылы тәулігіне – 2 млн, ал айына – 60 млн теңге қаржы шешіп алуға болады. «Еуразиялық банк» лимиті: айына – 1 млн теңге. «Банк ЦентрКредит», Forte Bank, «Банк Фридом Финанс» лимиті: айына – 500 мың теңге. Altyn Bank лимиті: айына – 400 мың теңге.

Алты банктің алтауы да банк ішінде картадан картаға аударым жасау бойынша комиссия ұстамайды. Бірақ өзге банктің картасына комиссия­сыз аударым жасау бойынша лимит бар. Ең үлкен лимит: «Банк Хоум Кредит» картасы арқылы басқа банк картасына айына 4 млн теңгені комиссиясыз аударуға болады. ForteBank пен «Банк Фридом Финанс» арқылы айына 500 мың теңгені өзге картаға комиссиясыз аударуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ БЦК картасымен өзге картаға айына 200 мың теңгені ғана комиссиясыз жөнелте аласыз. Altyn Bank өзге банктің картасына аударым жасау процесін тек телефон нөмірі арқылы ғана мүмкін етіп қойған.

Кешбэкке келер болсақ, қазіргі сәтте «Банк Хоум Кредит» мобильді қосымша арқылы коммуналдық қызметті, жанармай құю төлемін және супермаркеттерде сауда жасаған жағдайда алғашқы үш айда 10 пайызға дейін кешбэк береді. Жалпы, БЦК мен БХК-нің кез келген категориясындағы кешбэк мөлшері 10 пайызды құрайды. Ал «Еуразиялық банк» – 30, Forte Bank 15 пайызға дейін кешбэк ұсынады. Біз қарастырып отырған алты банктің бесеуі (Forte-ден басқалары) кепілдендірілген кешбэк береді. Кепілдендірілген кешбэк «Банк Фридом Финанста» – 1,5, «Банк Хоум Кредит» пен «Банк ЦентрКредитте» – 1, «Еуразиялық Банк» пен Altyn Bank-те – 0,5 пайыз.

Жалпы, соңғы бір жылда дебеттік карта саны 15,9 пайызға өскен.