Қоғам • 29 Шілде, 2022

Рейсін кешіктірген әуекомпанияларға айыппұл салынды

300 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Air Astana әуекомпаниясы Алматыдан Шымкентке белгіленген уақыттан 15 сағатқа кеш ұшқан Fly Arystan рейсінің кешігуіне байланысты жазаланды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің (ААК) басшысы Талғат Ластаев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Рейсін кешіктірген әуекомпанияларға айыппұл салынды

Ластаев қазіргі уақытта ААК Қазақстанның Авиация әкімшілігімен бірлесіп рейстердің кешігуі және жолаушылар шағымына байланысты тексеруді жалғастырып жатқанын айтты.

«Тергеу барысында 5 маусымда Air Astana компаниялар тобына кіретін Fly Arystan әуетасымалдаушысының Алматы – Шымкент бағыты бойынша КС-7105 рейсі 15 сағат 10 минутқа кешігіп ұшқаны анықталды. 

Ұшуды күту кезінде рейс жолаушыларына «Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңның 86-бабы 1-бөлігінде көзделген қызметтер, атап айтқанда, қонақ үйге орналастыру қызметтері дұрыс көрсетілмеген», деді Ластаев.

Оның айтуынша, бұл үшін 28 шілдеде әуекомпанияға қатысты ӘҚБтК-нің 567-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалып, оған сәйкес әуекомпанияға 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынған, бұл -3 миллион 63 мың теңге.

Бұл - Air Astana-ға 2022 жылы салынған үшінші айыппұл. Жалпы биыл рейстің кешігуі кезінде жолаушылар құқығын бұзғаны үшін компания жалпы сомасы 9,189 миллион теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Қазіргі уақытта рейстің кешігуі және жолаушылар құқығын бұзу фактілері бойынша тексеру жүргізіліп жатыр, егер құқықбұзушылық фактілері анықталса, тасымалдаушылар қолданыстағы заңнама бойынша жауапкершілікке тартылады», деп уәде берді Ластаев.