22 Мамыр, 2010

КОРЕЯМЕН ДОСТЫҚ БАЙЛАНЫСТЫ ҚОЛДАЙДЫ

488 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Президент поштасынан Мемлекет басшысының атына Қазақстан корейлері ассоциациясы Қызылорда филиалының мүшелері атынан ұжымдық хат келіп түсті, деп хабарлады Қазақстан Респуб­ли­касы Президентінің баспасөз қызметі. Өз хаттарында корей диаспора­сының Қызылорда облысында тұра­тын өкілдері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапа­рын мұқият қадағалағандары айтылған. “Біздің тарихи отанымызда Сізді жан жылуымен қарсы алу  корей халқы мен ел басшылығының Сізге деген терең құрметін, біздің мемлекеттеріміз арасындағы достық қатынастарды көрсетеді. Қазіргі кезде Корея Республи­касында Қазақстан күндерінің өтіп жатуы да  – Орталық Азиядағы көшбасшы ретіндегі біздің республикаға, сенімді іскер әріптеске, бай мәдени мұрасы және зор экономикалық әлеуеті бар елге деген құрмет пен сенімнің белгісі. Біз Қазақстан мен Корея арасындағы достық және іскерлік байланыстардың нығайғанына қуанамыз, алайда, біздің отанымыз – бәрібір осы жерде. Республика тәуелсіздігінің алғашқы қиын жылдарында, көп адамдар өздерінің тарихи отанына кете бастағанда, корейлер өзге халықтардың өкілдерімен бірге жаңа Қазақстанды құру үшін осында қалды. Бүгінде, біздің еліміз аяғынан нық тұрған кезде біз мұнда біздің еңбегіміздің де үлесі бар екенін мақтан тұтамыз. Қазақстан КСРО ыдырағаннан кейін соғыстар мен ұлт­ара­лық қақтығыстарға ұрынған жоқ. Бүгінде барша қазақ­стандықтар бейбіт жағдайда және келісімде өмір сүріп отыр. Біз ертеңгі күнімізге сенімдіміз. Мұндай сенім өз халқын сүйетін дана саясатшы басқарған бақытты елде ғана болады. Біз өзіміздің жайлы үйіміздегі бейбітшілік пен біздің отбастары­мыз­дағы береке үшін Сізге шексіз алғысымызды білдіреміз. Мұндай бей­бітшілікті Сіз орнаттыңыз, Нұрсұлтан Әбішұлы. Қазақстанның барлық корей­ле­рі атынан Сізге құрмет тағзымын білдіреміз. Қазақстан – біздің Отанымыз. Корейлердің қазіргі ұрпағы осында туған, сондықтан да біздің басқа отанымыз жоқ. Біз Қазақстанның өркендеуі үшін қолдан келгеннін бәрін де жасаймыз. Сізге еліміз бен халқымыздың игілігі үшін зор денсаулық және ұзақ ғұмыр тілейміз”, – делінген хатта.