Аймақтар • 31 Шілде, 2022

Қостанай облысында заңсыз субсидия алған агрокомпания басшысы сотталды

200 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай облысында 96 млн теңге көлемінде заңсыз субсидия алған «Агропром Тrade 2030» ЖШС директоры бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанай облысында заңсыз субсидия алған агрокомпания басшысы сотталды

2021 жылғы ақпанда «Агропром Тrade 2030» ЖШС директоры Қостанай облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері және лауазымды тұлғаларымен субсидияланатын картоп тұқымдарын сатып алу - сату шарттарын жасасқан. Кейін көрсетілген шарттар негізінде Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасына «Агропром Тrade 2030» ЖШС-не картоп тұқымын сатып алу кезіндегі шығындарды өтеуге тиесілі субсидияларды төлеу туралы өтінімдер берілген.

«Жүргізілген шаралар барысында іс жүзінде «Агропром Тrade 2030» ЖШС-нен картоп тұқымын ешқашан сатып алмағаны және өсірумен айналыспағаны анықталды, сонымен қатар кейбір ЖШС жұмыс істемейтін шаруашылықтар болып шықты, ал шаруа қожалықтары тек бидай жинаумен айналысқан», деп көрсетті Қаржылық мониторинг агенттігі.

Ведомство мәліметінше өз ЭЦҚ ұсынып, сатып алу-сату шарттарын бекіткені үшін айыпталушылар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне сыйақы беруге уәде берген, бірақ субсидияларды алғаннан кейін 1,5 млн.теңге сыйақыны тек бір шаруа қожалығының басшысына берген.

Жоғарыда көрсетілген фактілер бойынша, 2021 жылғы маусым – шілде кезеңінде мемлекетке 96 млн.теңге мөлшерінде залал келтірілуіне қатысты 5 қылмыстық іс қозғалды.

Сот «Агропром Тrade 2030» ЖШС директорын қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деп таныды. Ол коммерциялық және мемлекеттік ұйымдарда материалдық-жауапты және басшы лауазымдарды атқаруға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылып, 5 жылға сотталды.