Жыл сайын елімізде 36 мыңға жуық адам онкологиялық ауруларға шалдығып, 14 мыңнан астам науқас көз жұмады. Өткен жылдың өзінде-ақ Нұр-Сұлтан қаласында қатерлі ісікке шалдығудың 2 178 жағдайы анықталған еді. Осылайша, 2021 жылы сырқаттанушылық 9,8%-ға өскені байқалды.
Онкологиялық аурулар құрылымында бірінші орында – сүт безі обыры, екінші орында – колоректальды қатерлі ісік, үшінші орында – өкпе обыры, төртінші орында – асқазан обыры, бесінші орында жатыр мойны обыры тұр. Онкологиялық ауруларға тап болатындардың 60,1%-ы еңбекке қабілетті жастағы адамдар екені қынжылтады.
Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар аясында ерте диагностикалау шараларын дамыту мақсатында аты жаман аурудың профилактикасын жетілдіруге бағытталған іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады. Қазақстандықтар үшін скринингтік тексерістің үш түрі жүргізіледі. Олар: 30-70 жас аралығындағы әйелдер төрт жылда бір рет өтетін жатыр мойны қатерлі ісігінің скринингі, 40-70 жастағы әйелдер екі жылда бір рет өтуге тиіс сүт безі қатерлі ісігінің скринингі және 50-70 жастағы азаматтардың барлығы өтуі міндетті тоқішектің қатерлі ісігіне скрининг. Бір айта кетерлігі, бұл профилактикалық тексерістерден өзіңіз тіркелген емханадан ақысыз түрде өтуге болады.
Жыл сайын 2,5 миллионнан астам қазақстандық скринингтік зерттеуден өтіп тұрады. Ал 2019 жылдан бастап онкологиялық аурулардың белгілері анықталған науқастарға КТ және МРТ тегін жүргізіліп келеді. Өткен жылы 62 660 науқас заманауи әрі қымбат медициналық қондырғыларды бір тиын жұмсамай пайдалана алғаны қуантады.
Қазіргі медицинада радионуклеидтік диагностиканың тағы бір түрі – позитронды-эмиссиялық томография белсенді дамып жатыр. Өткен жылы 10,5 мыңнан астам науқас ПЭТ зерттеулермен қамтылған. Оған қоса, елімізде заманауи молекулярлық-генетикалық, иммуногистохимиялық зерттеулер, таргеттік терапия минималды инвазивті, лапороскопиялық операциялар қолданылады. 2021 жылғы деректер бойынша жоғарыда аталған тәсілдермен барлығы 143 014 науқас емделсе, 28 928 науқас хирургиялық ем алған екен.
Осы орайда елорданың Ұлттық ғылыми онкология орталығында өңеш пен асқазан аурулары бар науқастарға арналған Ашық есік күні өтетіні – жағымды жаңалық. Бұл 18 жастан асқан барлық қызығушылық білдірген азаматтардың ҰҒОО-ның жоғары білікті дәрігерлерінен кеңес алу мүмкіндігі бар деген сөз. Ол үшін іс-шараға қатысуға ниеттенген әр науқас 30 шілде күні ҰҒОО-ның Консультативті-диагностикалық орталығына келді. Ашық есік күніне қатысу үшін алдымен онколог маманның, абдоминальды хирургтің қабылдауына жазылу қажет екенін айта кеткен жөн.
Аталған орталық мамандары бірнеше жыл бойы емделушілерге радионуклеидті, протонды, сәулелі, лазерлік терапия, сондай-ақ жасушалық иммунотерапия сияқты диагностика және емдеу әдістерін ұсынып келеді. Мұндағы барлық заманауи технологиялар ҰҒОО дәрігерлеріне пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартуға және қатерлі ісік кезінде өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.