Қоғам • 31 Шілде, 2022

Елге келгендер көп, бірақ кедергі де аз емес

438 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қоғамның ең маңызды бөлшегі — адам капиталы. Оның саны мен сапасын аймақтық және ұлттық деңгейде бағалау — мемлекеттік басқарудың заманауи маңызды элементтерінің бірі.

Елге келгендер көп, бірақ кедергі де аз емес

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Статистикалық деректерге сүйенсек, 2002 жылдан бастап Қазақстандағы халық саны тұрақты түрде өсіп, бүгінде 19 миллион 222 мың 625 адамды құ­ра­ды. Жалпы, елде халық санының тұ­рақты түрде артып отыруы көші-қон­мен тікелей байланысты. Көші-қон екі ­бағыт бойынша жүзеге асады: бірі шалғайдағы қандастардың елге оралуы болса, енді бірі – сыртқы еңбек миграциясы.

Ұлттық статистика бюросының де­рек­теріне сүйенсек, сыртқы көші-қон халық өсіміне 2004–2011 жылдары аралығында қарқынды түрде әсер еткен. Кейінгі кезде бұл сәл баяу­ла­ға­ны белгілі. Ал бүгінгі күннің сандарын сөйлетсек, деректер былай дейді: жалпы, биылғы жылдың қаңтар-маусым аралығында 8 605 адам елімізге тұрақты тұруға тіркелген. Өткен жылмен салыстырсақ, былтыр қаңтар-маусым аралығында елімізге 5 770 адам тұрақты тұруға келген екен.

«Елімізге көшіп келушілер са­ны­ның артуы әлемдік саяси оқи­ға­ларға қатыс­ты. Әсіресе Украи­на­да­ғы соғысқа байланысты Ресей­ге салынған санкциялар әсерінен Еуро­памен қарым-қатынастың тоқтап қалуы себепкер. Ресейден жоға­ры және орта бизнес иелері мен олар­­дың қызметкерлері көшіп келіп жа­тыр. Сонымен қатар Өзбекстан, Тә­жік­стан сияқты посткеңестік елдер­ден қан­дас­тардың елге оралу тен­ден­циясы да байқалады», дейді әлеу­мет­танушы Эльмира Отар.

«Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының пре­зи­денті Абзал Сапарбекұлының айтуынша, қандастардың елге оралу көрсеткіші жақ­сарып келеді. Мәселен, 2021 жыл­дың қаңтар-маусым айлары аралы­ғында Қандастарды ақпараттық қолдау орта­лығына 2 375 өтініш-сұрақ келсе, биылғы осы кезеңде 3 322 өтініш түскен. Өткен жылмен са­лыс­тыр­ғанда қандастар тарапынан келетін сауалдар 28 пайызға арт­қан. Оның ішінде көбіне Қазақстан азаматтығын алу, отанға оралу, білім беру, үй, жер мәселелері бойынша хабарласқан. 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 7 415 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған екен. Жалпы, 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 95,3 мың этникалық қазақ оралды.

Қазақстан Республикасында 2004 жыл­дан 2018 жылға дейінгі миг­ра­­ция­лық өсім, жалпы алғанда мың адамды құрады. Көші-қонның этнос­тық құрамы посткеңестік кеңіс­тік­тегі екі маңызды тенденцияны көр­се­теді. Бір жағынан, қазақтардың басқа ел­дер­ден тарихи отанына ора­луға ұмтыл­уы, екінші жағынан –
орыс­тілді ха­лық­тың Ресейге қоныс ауда­р­уы. Жалпы, Қазақстанға 2007–2017 жылдары тұрақты тұруға келген 195 мың адамның ішінде қазақтар 65 пайызды құрайды. Қандастардың тарихи Отанына оралу мәселесін «Отандас-Ел» республикалық қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Мұқан Мамытхан былай деп өрбітеді.

«Жалпы, қандастардың елге оралуын үш кезеңге бөлуге болады: алғашқы, ортаңғы және қазіргі кезең. Ең алғаш 1996 жылдары келгенде көші-қон заңы кемелді емес, орыс тілі басым орында еді. Елге алғаш келгенде біз орыс тілін білмегендіктен қиналып, қазақ тілін білетін бір қазақ таба алмайтынбыз. Заң да қатаң. Көшеде Қытай төлқұжатымен жүргенді көрсе айыппұл салатын. Елге көш бастап келген қандастар үшін квота мәселесі қарастырылмаған, азаматтық алуда да қиындыққа тап болатынбыз. 2000 жылдардан кейін Қазақстанның көші-қон заңы кемелдене бастады да мемлекет көп көлемде квоталар бөлді. Бастапқыда 2 мың квота бөлінсе, жылдан-жылға квоталар саны артып отырды. 2002 жылдары 20 мыңға дейін көбейді. 3 жыл ішінде азаматтық алып бір жылда ықтияр хат алуға болатын. Көші-қон саясатының ең жақсы кезеңі 1995 жылдан басталып, қандастарға Алматы және Астана бастап кез келген қаладан квотамен тегін үй берілді», дейді М.Мамытхан.

Спикердің айтуынша, 2011 жылдардан бастап көші-қон саябырси бастап, квота аз бөлінетін. Бұл кезеңде азаматтар елге арнайы бағдарламалармен емес, өздігінен орналаса бастаған. Азаматтық алу мәселесі бұл кезеңде күрделене түсті.

«Шетелден келген қазақтарға сот­тал­­ма­ған деген қағаз әкелмесе азамат­­тық­қа қабылдамайтын. Ал Қытай ол туралы ақпарат бермейтіндіктен Қы­тай­дан келетін қазақтар үшін қиындық еселене түсті. 2016 жылы азаматтың соттал­мағаны туралы қағазды талап­тан алып тастап, ықтияр хатты 6 ай­дың, азаматтықты 1 жылдың ішінде алу туралы өзгеріс енгізді. Соның нә­ти­жесінде, азаматтық алу біршама же­ңіл­деді. Дегенмен бүгінгі мәселе – соңғы кездері елге келетін қандастарға бөлінетін квотаның аздығы. Қандастар үшін 5 жылға 85 мың квота жеткіліксіз. Дегенмен бұны жаһандық пандемиямен де байланыстыруға болады. Бұған қарамастан біз биылдың өзінде 20 отбасын елге көшіріп алып келдік. Алайда облыстардағы тұрғылықты мекенжайлардың бағасының қымбат, сапасының төмен болуы жаңа келген қандастардың көңілін қынжылтады. Осы себеппен қайта көшуді ойлайтындар да бар. Тағы бір мәселе – шетелден келген қандастардың жоғарғы оқу орнын бітіру төлқұжатын Қазақстанның мойындамауы», дейді М.Мамытхан.

Оның айтуынша, түрлі бюро­кра­тиялық мәселелерге байланыс­ты қандастардың жұмысқа орналасуда да қолдары жіпсіз байлаулы көрінеді. Осы орайда бірлестік басшысы шетелдегі қандастарды елге әкелу ісі еліміздің тіл мәселесінен бастап ауыл шаруашылығы мен зауыт, фабрикалардың дамуына зор үлес қосады деп есептейді.

Сарапшылардың пікірінше, халық саны соңғы бес жылда тіптен арта түсуі мүмкін еді. Бірақ шетелге қоныс аударуы халық санының қайта кемуіне себеп болған. Мәселен, 2013 жылы 3 мың адам, 2018 жылы 29,1 мың адам арман қуып басқа елге атбасын бұрыпты. 2014–2018 жылдар аралығында осы көрсеткіштің кесірінен халықтың табиғи өсімі 7,3 пайызға, ал 2018 жылы 10,8 пайызға төмендеген. Дегенмен биылғы жылдың статистикалық де­рек­тері шетел асып кететіндердің азай­ға­нын көрсетеді.

«Елімізден қаңтар-маусым аралы­ғын­да шетел асқан азаматтар саны 12 244 болса, былтыр елімізден осы кезеңде шетелдерге 14 358 адам тұрақ­ты тұруға кеткен», дейді Ішкі істер ми­нистрлігі баспасөз қызметінің бас са­рапшысы Меңдолла Шамұратов.

Ресми статистикаға сүйенсек, 2012 жылдан бастап 2018 жылға дейінгі кезеңдегі жеті жылда Қазақстаннан 100 мың адам шетел асқан. Елден кеткендердің ішінде орыстар – 71 па­йыз, немістер мен украиндар – 7 па­йыз, қазақтар – 4 пайыз. Бір жағынан, бұл өте көп болғанымен, сыртқы миг­ра­цияның басым бөлігі отанына орал­ған­дар екенін байқауға болады.

Елімізден кеткендер санының был­­тырғы жылмен салыстырмалы түрде азаю себебін әлеуметтанушы ма­ман­­дар салыстырмалы түрде басқа елдер­де­гі жағдайдың тұрақсыздығымен түсін­діреді. Санкциялар салынуы, банк шоттарының бұғатталуы, интернет желілерінің жиі бұзылуы, саяси оқи­ға­лар­дың тез өзгеруі елге келу­шілер санын арттырып, шетел асып кететіндер са­нының қысқаруына түрткі болып отыр.

Қомақты ресурстық әлеуетке ие Қазақ­стан посткеңестік кеңістікте эко­номикалық өсудің жылдамдығына орай басқа мемлекеттерден еңбек мигрант­тарын қабылдайтын Ресейден кейінгі екінші елге 2000 жылдың басын­да-ақ айналды. Бұдан бөлек, кейінгі кезде әлемдік экономикадан бастап түрлі сая­си оқиғаларға әсер етіп отырған Ук­раинадағы соғыс Қазақстандағы ең­бек миграциясына тікелей әсер еткені сөзсіз.

Бүгінде Қазақстанда жергілікті атқа­ру­шы органдардың рұқсатымен 16 мың шетел азаматы заңды жұмыс істейді. Еңбек мигранттары негізінен Қытайдан – 3 587 адам, Түркиядан – 1 820 адам, Үндістаннан – 1 691 адам, Өзбекстаннан – 1 563 адам, Ұлыбританиядан – 1 123 адам келген.

Осы орайда еске сала кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Қазақ­стан Республикасы Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетелдік маман­дарды тартуға арнайы квота бөледі. Ел президентінің 2022 жылғы қаңтарда отандық ірі бизнес өкілде­рі­мен кездесуінде берген тапсырмасы бойынша, Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігі шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны бұрын жоспарланған 28 352-ден 23 560 адамға, яғни 16 пайызға қысқартты.