Қаржы • 31 Шілде, 2022

Бума-бума рубльден құтыла аламыз ба?

257 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Үкіметтің «Қазақстан Респуб­ли­касының қаржылық тұрақ­ты­лы­ғын қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы» қаулысы бо­йынша, екінші деңгейлі банктердің 31 тамызға дейін ел аумағынан қолма-қол рубль ақшасын шыға­ру­ына рұқсат берілді. Бұған дейін Ұлттық банк отандық банк­тер­де ішкі валюта нарығының сұра­нысынан асып түсерліктей дең­гей­­де рубльдің жиналып қалғанын мә­лімдеген еді.

Бума-бума рубльден құтыла аламыз ба?

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Ұлттық банктің хабарлауынша, рубль­дің шамадан тыс жинақталып қалуы – Қазақстан аумағынан шетел валютасын алып шығуға байланысты шектеудің енгізілуіне байланысты. Жоба аясында екінші деңгейлі банк­тердегі рубльді сыртқа шығару бір рет­тік негізде жүзеге асырылады. ҰБ атап отырғаннан бөлек тағы бір себеп – ресейліктердің Қазақстанға қарай жап­пай ағылып, сөйтіп төл валюталарын теңгеге, одан әрі долларға ауыстырып жатқандығы. Мұны біз өз тарапымыздан қосып қоялық. Олардың біразы Қазақстанды валюталық транзитке айналдырып, долларды қалтасына басып әрі қарай шетелге кетсе, енді біразы Қазақ­станда қалып жатыр.

Мәселені шілде айында мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов та көтеріп, Қазақстандағы айырбастау бекеттерінде рубльді сатуға және сатып алуға тыйым салынуы керек деген ұсыныс айтқан еді.

«Қазір теңге курсына қатысты не болып жатқанын логикамен де, ақылмен де түсіну қиындап кетті. Рубль курсы рекордты 9 рубльге дейін нығайды. Соңғы үш айда теңгеге қатысты рубль 50 пайызға қымбаттады. Сәйкесінше, бүкіл ресейлік импорт та 50 пайызға қымбаттады. Еске саламын, Ресей – Қазақстан үшін ең басты импорттаушы ел. Азық-түлік импортының тең жартысы Ресейге тиесілі. Олар сондай-ақ бізге құрылыс материалдарын, жиһаз, киім, аяқкиім де жеткізіп отыр. Біз үшін мықты рубль – аса маңызды импорттық тауарларға байланысты рубльдік инфляция тудырады», деп сыни пікір білдірген.

Ол сыртқы қарыз бойынша Ресейге қатысты дефолт жарияланғанын, сол негіз бойынша долларға қатысты да, теңгеге қатысты да рубль курсының жасанды екенін айтады.

«Біз олармен бірыңғай экономикалық кеңістіктеміз және мұндай жағдай біз үшін қауіпті экономикалық тәуекел мен тежелу тудырады. Рубльдің еркін айналымы ресейліктердің қазақстандық банк­терден шот ашуына, рубльдерін теңгеге, сосын оны долларға айырбастап алуына, сөйтіп, шетелге шығып кетуіне жол ашады. Жекелеген банктер осы жағдайдың өзі­нен бизнес жасай бастады», дейді А.Жамалов.

Яғни доллар мен тауар шетке кетеді, ал Қазақстанда миллиардтаған рубль жиналып қала береді. Үкіметтің қаулысы негізінде рубльді сыртқа шығару ісі – бір реттік шара. Сарапшылар мұны тұрақты негізде жүзеге асыру керек, әйтпесе, көп ұзамай тағы да ресейлік валютаның астында қаламыз, дейді. Өйткені ресейліктердің біздің елге кіруі шектелмеген. Ортақ экономикалық одақтамыз. Сондықтан азаматтарымыз бір-біріне кедергісіз сая­хаттайды. Жиналып қалған рубльді кәдеге жаратып, Ресейден тауар сатып алайық десек, қазір олардың өзінде тауар тапшылығы туындап жатыр.

«Енді Ресей импортты Қазақстан арқылы өрістетуге тырысады. Ол үшін рубль курсы да өте ыңғайлы болып тұр. Парадокс жағдай – Қазақстанға қарай қолма-қол рубль ағыны күшеюде және бұл ретте рубль нығайып жатыр. Керісінше болуы керек еді. Белгілі бір валютаға қатысты ұсыныс артқан кезде, ол валютаның курсы әлсіреуі керек», деген депутат жағдайды бір қалыпқа түсіру үшін бірнеше нақты ұсыныс айтады. Олар:

1) Рубльді өзге валютаға айырбастаған шетелдік азаматтар үшін доллар немесе еуро капиталын шығаруға шектеу енгізу;

2) Айырбастау бекеттерінде ресейлік рубльді сатуға және сатып алуға шектеу енгізу;

3) Ресейлік нарықта рубль курсының қалыптасу ерекшелігін ескере отырып, теңгеге қатысты рубльдің арнайы есеп­айырысу курсын қалыптастыру үшін ша­ра­лар қабылдау;

4) Қаржы министрлігі Үкімет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ресейлік рубльмен алынған қарыздарын мерзімінен бұрын өтеу үшін жиналып қалған рубль массасын пайдалану мүмкіндіктерін қарастыруы керек;

Экономист Меруерт Махмұтова Ресей экономикасына қолдау көрсетіп отыр деп Ұлттық банкті сынға алады. Ол ҰБ монетарлық операциялар департаментінің директоры Иван Сердюктің «әлемдік нарықта рубль долларға қатысты нығайып жатыр, сол себепті рубль/теңге курсы да өсуде» деген сөзін келтіріп, «Ол (Сердюк – ред) рубль күшейіп жатқан жаһан нарығын қайдан көріп отыр?» дейді. Бірақ рубльдің күшейіп кеткені рас. Алайда тек өз ішінде ғана. М.Махмұтова бұған қатысты бірне­ше себепті тізбелейді.

«Мұнай мен газ бағасы жоғары болып тұрған кезде Ресейге көмірсутектен түсетін валюта азайып кетпейді. АҚШ Еуроодақпен эмбарго бойынша өте ұзақ келісім жасады және оны кезең-кезеңімен енгізу туралы келісті. Екіншіден, РФ Орталық банкі бейрезиденттерге облигация және акция бойынша дивиденд төлеуден бас тартты. Осыған байланысты бұрынғыдай сыртқа валюта кетіп жатқан жоқ. Үшіншіден, экспорттаушылардың міндетті валюталық түсімін сату талабы да жұмыс істеп тұр. Бұл ретте санкцияға байланысты Ресейге келетін импорт көлемі азайды. Сәйкесінше, импортқа жұмсалатын валюта шығыны да аз. Оның үстіне РФ Қаржы министрлігі 2025 жылға дейінгі бюджеттік ережені пайдаланбайтын болды. Бұған дейін шығыстарға тек базалық мұнай-газ кіріс­те­рі бағытталып келген», дейді сарапшы.

Оның айтуынша, Ресейдің Украинаға қарсы әскери қимылы бастала салысымен туындаған девальвациядан кейін долларға қатысты теңге бағамы нығайып алды.

«Көмірсутектен түсетін табыс жоға­ры, импорт та сол себепті қысқарды, соғыс­қа дейін әлемдік нарықтан им­порттың көп бөлігі Ресей арқылы бізге жеткізілді. Оған қоса Ресей ЕАЭО-дағы серіктес елдерге экспортқа және ресейлік тауарларға эмбарго енгізді. Осылай бола тұра неліктен рубльге қатысты теңге бағамы құлдырап, 1 рубль 10 теңгеге тең болып кетті? Біздің ҰБ Ресей экономикасына қолдау көрсетіп отыр. Мен мұны басқаша түсіндіре алмаймын. Ресейлік жеке және заңды тұлғалар рубльді теңгеге ауыстыру арқылы екі есе көп ақшаға ие болады. Қазір бізде рубль қолма-қол ақшасының өсуі алаңдатарлық деңгейге жетті, соған орай банктер шектеу шараларын қабылдауға мәжбүр. Дегенмен, оның тиімділігіне күмәнім бар» дейді М.Махмұтова.

Ұлттық банк мәліметі бойынша, қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктерде жиналып қалған қолма-қол рубль көлемі 25-35 млрд аралығында.

Миноритарлық акционерлер қауым­дастығының қатысушысы Бақыт Жұма­баев­тың айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елден 10 мың доллардан асатын көлемде валюта алып шығуға тыйым салуы орынды-ақ. Алай­да шектеу салынған валюталар тізімі жасалуы керек.

«Олар еркін айырбасталатын валюталар – доллар, еуро, фунт стерлингтер болуға тиіс. Рубль ондай валюта емес. Оның үстіне ЕАЭО аясында ақша мен капиталдың еркін айналымы қарастырылған және Қазақстанның сыртқы саудасының 40 пайызы Ресейге тиесілі», дейді ол.

Ал Айырбастау бекеттері қауым­дас­тығының президенті Арчин Ғалымбаев депутат Аманжан Жамалов айтқан «бекеттерде рубльді сатуға және сатып алуға тыйым салу» ұсынысын жүзеге асыру мүмкін емес дейді.

«Бұл көлеңкелі нарықтың қалып­тасуы­на алып келеді. Өйткені сұраныс пен ұсы­ныс ешқайда кетіп қалмайды. Бәрібір рубльді сатып алғысы не сатқысы келе­тін адамдар болады, ал олар сатып алу курсы сату курсынан 2-3 теңге айырмашылық беретін банк бағамын пайдалана қояр ма екен. Айырбастау орындарындағы айыр­ма әдетте 0,5 теңге шегінде ғана», деп түсін­діреді ол.

Қалай болғанда да банктердің рубльді сыртқа шығарып тастау үшін 31 тамызға дейін уақыты бар. Дегенмен банкирлер де, сарапшылар да бір реттік шара бүкіл рубльден құтылуға мүмкіндік бермейтінін жеткізді. Егер тұрақты негізде жүзеге асырылмайтын болса, құтылатын тағы бір жол бар. Бұл – Бақыт Жұмабаев айтқандай, рубльді шетелге 10 мың доллардан артық алып шығуға болмайтын шектеуі бар валюталар тізімінен алып тастау.