Саясат • 31 Шілде, 2022

Әлем келбетін өзгерткен тақтатас революциясы

437 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Жаһандық геосаясат және экономика саласының танымал тұлғасы Daniel Yergin – энергетика саласының қыр-сырын терең зерттеген ғалым-қаламгер. Автордың The Prize: The Epic Quest for Oil, Money, and Power («Жүлде: мұнай, ақша және билік үшін күрестің дүниежүзілік тарихы») атты алғашқы кітабы жарық көрген бойда бестселлерге айналып, әлемнің 17 тіліне аударылған. Бұл заманауи туыдысы үшін автор Пулитцер сыйлығына ие болған-ды.

Әлем келбетін өзгерткен тақтатас революциясы

Терең зерттеулерін жалғастыра отырып, Daniel Yergin The New Map: Energy, Climate and the Clash of Natons («Жаңа карта: энергетикалық ресурс­тар, климат және мемлекеттер қақты­ғысы») атты 2020 жылы Нью Йоркте басы­лып шыққан жаңа кітабында соңғы онжылдықта АҚШ-та орын алған тақ­татас революциясын ғана емес, жаһан­дық климаттың бұзылуы туралы да ой толғайды. Сондай-ақ әлемдік геосая­саттағы бәсекелестік пен мемлекеттер арасындағы қақтығыстардың адамзат болашағын қайда апарып тірейтіні жайлы да терең пікірлерімен бөліседі. Сондықтан автордың тілге тиек еткен бұл туындысы – мұнай-газ саласының кәсіби мамандары үшін ғана емес, сонымен қатар әлемдік геосаясатқа немқұрайды қарай алмайтын кез келген оқырманға да таптырмайтын ақпарат көзі.

Автор айтпақшы, соңғы бір жарым ғасырдағы әлем картасын мұнай-газ индустриясынсыз елестету мүмкін емес. Сосын, 2009 – 2019 жылдар аралығында орын алған макроэкономикалық үдерістердің жаһандық энергетикалық нарық картасын күрт өзгертіп жібергені де даусыз. Әлгі үдерістердің ең бастысы АҚШ-та жаппай өріс алған тақтатас газы мен мұнай өнімдерінің өрістеуі болса, екіншісі – жаңғырмалы энергия көздерінің қарқынды даму динамикасы. Үшіншісі – жоғарыда атап өткендей, жа­һандық климаттың бұзылуы, ал төр­тіншісі – алпауыт мемлекеттердің энер­гетика саласын қаржыландыруға бағыт­талған саяси белсенділігі мен сол мемле­кет­тер арасындағы бәсекелестіктен туын­даған қырғи-қабақ соғыстардың белең алуы.

Автордың түйіндеуінше, соңғы онжыл­дықтағы АҚШ, Ресей, Таяу Шығыс және Қытай мемлекеттері арасын­дағы сауда-экономикалық және геосаяси қарым-қатынастар бірінші кезекте сол мем­ле­кеттердің мұнай-газ экспорты мен импортына қаншалықты тәуелді екендігі төңірегінде өрбіген. Сәйке­сінше, екінші кітабында Д.Ергин сол іргелі мемлекеттердің ішінде, кейінгі онжыл­дықта әсіресе, АҚШ-тың мұнай-газ им­портынан біржолата арылып, мұнай-газ өнімдерін экспорттаушы ең ірі дер­жаваға айналғанын алға тартады. Қытай тарапының, керісінше, мұнай мен газ өнімдеріне деген сұранысының күрт өсіп кеткендігін, сондай-ақ осы үдерістердің геосаяси салмағы мен экономикалық салдарын терең сараптауға тырысқан.

Осы тұрғыдан келгенде, АҚШ-тағы тақтатас революциясы, әсіресе сол кездегі табиғи газ өндірісінің көшбасшысы әрі әлгі стратегиялық шикізатты Еуропаға ірі көлемде экспорттаушы Ресей үшін үлкен сынаққа айналғаны анық байқа­лады. Мұның нақты дәлелі ретінде Д.Ер­гин 2013 жылы Петербургте өткен халық­аралық экономикалық форумда бір жур­налистің Ресей президентіне: «Ресейдің экономикасын әртараптандыру мүмкіндігі қандай? Ресейдің энергия экспортына тәуелділігін қалай азайтуға болады? Шығыс Еуропада тақтатас газын өндіру туралы не ойлайсыз?» деген сұрақтарына Владимир Путиннің ашуға булығып: «Тақтатас газы су мен топырақты лас­тайды және ол қоршаған ортаға аса қауіпті», деп, шорт кесіп, келте жауап қайырғанын алға тартады. Путиннің бұл қылығынан форумға қатысушылар АҚШ-қа шаш-етектен пайда әкелген тақтатас революциясыың Ресей президентінің шымбайына тікен болып қадалғанын анық байқаған.

Д.Ергиннің пікірінше, мұнай мен газ өнімдерін импорттау бүгінгі Қытай­д­ың экономикалық өсімінің іргета­сына айналған және автордың олай деуінің жөні де бар. Өйткені 2009 жылы Қытай әлемдегі ең ірі энергия тұты­нушы мемлекетке айналып, АҚШ-тан асып түскен. Д.Ергин келтірген өзге дерек­терге қарағанда, бүгінгі Қытай әлемде өндірілетін энергия қорының 25 пайы­зын тұтынып отыр. Сондай-ақ атом энергиясының дамуына және жаңғыр­малы энергия көздерінің көбеюіне қара­мастан, Қытайдағы энергияның 90 пайы­зы, негізінен, қазба отындарынан өндірі­летіні және оның ішіндегі көмір үлесінің 60 пайызға жететіні де жасырын емес.

46 тараудан тұратын туындысында Дэниел Ергин әлемнің жаңа картасын алты географиялық аймақпен байланыстыра сызған және оларға сәйкесінше, «Америка Құрама Штаттарының жаңа картасы», «Ресей картасы», «Қытай картасы», «Таяу Шығыс карталары», сондай-ақ «Жол картасы» және «Климат картасы» деген атаулар беріп, әрқайсысын шегіне жеткізе сипаттайды.

Дэниел Ергиннің түйіндеуінше, о баста жаңа өндіріске қажетті технологиялардың әлі қалыптаса қоймағандығынан АҚШ-қа жер қыртысының терең қабаттарында жатқан тақтатас шөгінділерінен ұңғы­малар арқылы газ бен мұнай өндіру оңайға соқпаған сыңайлы. Оның үстіне, алғашында аталмыш өндіріске жұмсалған қомақты қаржы шығындары тез ақтала қоймаған. Сондықтан да шығар, бұл жобаға инвесторлар тарту мүмкіндігі де өте шектеулі болған. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары, яғни тақтатастарды игеру кезеңі басталғанға дейін АҚШ-тың газ өндірудегі әлемдік үлесі ешқашан 17 проценттен аспаған. Сол себепті ол мемлекеттегі электр энергиясы көлемінің басым көпшілігі тек көмірдің күшімен ғана өндірілген. Алайда газға тәуелділіктен құтылу үшін үздіксіз жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде АҚШ-та вертикаль ұңғымаларымен қатар көлбеу ұңғыма технологиялары да игеріліп, өндіріске белсенді енгізілген кезде, АҚШ тақтатастардан тек газды ғана емес, мұнайды да көп мөлшерде өндіре бастаған. Соның арқасында 2019 жылға қарай АҚШ-та көмірге тәуелділік 25 процентке төмендесе, газдың үлесі сәйкесінше, 37 процентке ұлғайған әрі осыдан біраз жыл бұрын ғана газ бен мұнай импортына тәуелді болып кел­ген алпауыт ел ендігі жерде айды аспанға шығарып, бір-ақ сәтте энергетика сала­сындағы көшбасшы мемлекетке айналып шыға келген. Сөйтіп, тақтатас револю­циясы мен технологиялық шешімдер АҚШ-тың халықаралық саудадағы гео­саяси басымдығын түбегейлі өзгертіп жі­бер­ген. Ал егер, автор айтпақшы, белгілі бір себептермен аталмыш револю­ция орын алмай қалғанда, АҚШ бұрын­ғыша, әлемдегі ең ірі газ бен мұнай импорт­таушы мемлекет болып қала беретін еді.

Енді міне, сәтті іске асырылған тақ­татас революциясы Америка Құра­ма Штаттарының терезесін өзімен бәсе­келес Ресей және Сауд Арабиясы секілді әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші әрі экс­порттаушы мемлекеттермен теңес­тіріп, АҚШ-тың әлемдік мұнай нары­ғының ең үлкен үштігіне енуіне жол ашқан. Сондықтан АҚШ үшін бұл за­манауи революция әлемдік экономика тұрғысынан ғана емес, жаһандық гео­саясат тұрғысынан да өте маңызды рөл атқарғаны күмән тудырмайды.

Дәл осы тұрғыдан келгенде, Дэниел Ергин сызған әлемнің жаңа карта­сын тек энергетика ресурстары мен пла­­нета бетіндегі ұшы-қиыры жоқ мұнай-газ құбырларының картасы ғана емес. Сонымен қатар бүгінгі әлемнің энер­­гетика алыптары қалыптастырып отыр­ған жаһандық геосаясаттың да, екпінді экономикалық дамудың да, техно­логиялық ілгерілеудің де, сол сияқты тоқтаусыз өзгеріске ұшырап отырған планета климатының да, тіпті алпауыт мемлекеттер арасындағы бәсекелестік пен күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан қырғи-қабақ соғыстардың да жаңа картасы деуге әбден лайық. Бұлайша түйіндеуге толық негіз бар. Өйткені бүгінгі адамзат өркениетінің қомақты энергия көзіне айналған мұнай мен газ тек іштен жанатын қозғалтқыштардың күшімен зымырайтын автомобильдердің ғана емес, сонымен қатар тракторлар мен трейлерлердің де, жолаушылар мен жүк тасымалдайтын алып теңіз кемелері мен ұшақтардың да, сондай-ақ азаматтық немесе әскери транспорт жүйелері мен завод-фабрикалардың да қуат көзіне, cонымен қатар әлем экономикасының тиімді басқарылып, үздіксіз алға жылжуы мен бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік беретін геостратегиялық күшке айналғаны да көзге ұрып тұр.

Д.Ергин келтірген және бір уәждің де қисыны бар. Мәселен, бұрын жаһандық мұнай нарығы туралы сөз бола қалса, жұрт ең алдымен мұнай экспорттаушы елдердің басын біріктіретін ОПЕК ұйымын бірінші атайтын. Ал бүгінгі таңда жұрт ОПЕК-ті емес, ең алдымен жоғарыда аталған ірі мұнай экспортаушы үш мемлекетті атайтын болып жүр. Сосын, ол үштіктің көш басында АҚШ-тың тұрғаны да белгілі.

Дэниел Ергин сызған әлемнің жаңа картасынан Орта Азиядағы мұай-газ ресурстарына бай Қазақстан, сол сияқты Каспий теңізінің жағалауындағы Әзербайжан, Түрікменстан, Иран да, сондай-ақ, мұнай мен газ импортына аса тәуелді Батыс Еуропа елдерімен қа­тар әсіресе, тұтынатын мұнайдың 99 пайы­зы мен табиғи газдың 98 пайызын сырт­тан таситын Қиыр Шығыстағы Жапо­ния мен сұйытылған газдың ең ірі им­порт­­тау­шысы Оңтүстік Корея да сырт қал­маған.

Дэниел Ергиннің пікірінше, мұнай-газ өнімдері – бір жағынан әлем эко­но­­микасына ауадай қажет электр энер­гиясын өндіретін стратегиялық тауар болса, екінші жағынан олар керісінше, қоршаған ортаны ластайтын көмір-қышқыл газының қайнар көзі. Мәселен, бүгінгі таңда АҚШ-та 280 миллион автокөлік болса, солардың 270 миллионы бензин пайдаланатын көрінеді. Орта есеппен әрбір көлік жол үстінде 12 жыл жүрсе, мұнай өнімдеріне сұраныстың әзірге азая қоюы тіпті де мүмкін емес екені көрініп тұр. Оның үстіне, мұнай-газ өнімдерінен жасалған пластикалық бұйымдар мен қондырғылар медицина саласында да, авиация және автомобиль өндірістерінде де кеңінен қолданылады, сондай-ақ олар күнделікті өмірде, әсіресе бөлшек сауда орындарында зат салып алатын пластик пакеттер ретінде де үлкен сұранысқа ие.

Дэниел Ергиннің көлемді туынды­сында өзге де өзекті мәселелер жетіп артылады. Бірақ оларды оқырман қауым­ның өз құзырына қалдырып, мақала соңын сүйінші хабармен түйіндеуді жөн көрдік. Үстіміздегі 2022 жылы маусым айының соңына қарай, Астана Халықаралық қаржы орталығының жетекшісі Қайрат Келімбетовтің баста­ма­сымен мемлекеттік тілімізге аударылған екі америкалық қаламгердің іргелі кітап­тарының тұсауы кесілген болатын. Олардың бірі – біздер тілге тиек қылған, Пулитцер сыйлығының иегері Дэниел Ергиннің «Әлемнің жаңа картасы: энер­гетикалық ресурстар, өзгеру үстіндегі климат және мемлекеттер қақтығысы» атты туындысы. Екіншісі – 2019 жылы Нью-Йорк, Лондон, Торонто, Сидней және Нью-Дели қалаларында бір мезгілде ағылшын тілінде жарық көрген әйгілі аме­рикалық миллиардер-бизнесмен, инвестор-филантроп, саңлақ саясаткер әрі Америка сынды алпауыт елдің ықпал­ды қоғам және мемлекет қайраткері Стивен Шварцманның «Бұл үшін не қажет: кемелдікке ұмтылыс сабақтары» атты ғажап туындысы-тын. Соңғы кітап – кәсіпкер болуды арман­дайтын жасам­паз жастар үшін ғана емес, әлемді шарпы­ған жаһандану зама­нындағы күллі бизнес өкілдері үшін де тап­тырмас үлгі. Өйткені бұл заманауи туынды­да көрініс тапқан қаржы әлемінің кәсіби ма­ма­нының прагматикалық ақыл-кеңестері ұшан-теңіз әрі мұнда кез келген ақыл иесінің санасына сәуле шаша­тын құнды деректер тізбегі де жетіп артылады.

 

Әділ АХМЕТОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі