Саясат • 31 Шілде, 2022

Тұрақтылық пен даму кеңістігі

192 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ташкентте Өзбекстанның төрағалығымен Шанхай ынтымақ­тастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы өтті. Оған Қазақстан Рес­публикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастаған қазақстандық делегация қатысты.

Тұрақтылық пен даму кеңістігі

ШЫҰ елдерінің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары биыл қыркүйекте Самарқанд қаласында өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер бас­шы­ла­ры­­ның саммитіне дайындық шең­­берінде ұйым қызметінің түрлі бағыттарындағы өзара іс-қи­мылдың ағымдағы жай-күйі мен даму перспективаларын, оның халықаралық және өңірлік істер­дегі рөлі мен орнын арттыруды талқылады.

Тараптар ШЫҰ-ның өзара сенім мен пайданы, теңдікті, өзара консультацияларды, мәде­ниет­­тердің алуан түрлілігін құрмет­­теуді және бірлесіп дамуға ұмты­­лысты іске асыратын «шанхай рухына» сүйене отырып, құ­рыл­ған сәтінен бастап 21 жыл ішін­де қазіргі халықаралық қа­ты­настар жүйесінің ықпалды қатысушыларының бірі ретінде орныққанын атап өтті.

Өз сөзінде Сыртқы істер министрлігінің басшысы Қазақстан Ұйым мемлекеттерімен ын­ты­мақтастықтың барлық бағыты бойынша жан-жақты өзара іс-қимыл бойынша белсенді жұ­мысты жалғастыруға ниетті еке­ніне тоқталды.

«Өткен жұмыс жылдарында ұйымның негізгі мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған бірлескен іс-шара­ларды жүйелі түрде жүзеге асырдық. Шанхай ынтымақ­тас­тық ұйымы өзінің үшінші онжыл­­дығында өте күрделі әлемдік процестердің аясында кіреді. Осының аясында ШЫҰ тұрақ­тылық пен даму кеңістігі болып қала беретінін атап өту қуанта­ды», деді М. Тілеуберді.

Қазақстан, Қытай, Қырғыз­стан, Пәкістан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан және Үндістан сыртқы істер министрлері Самарқанд декларациясы саяси құжатының жобасын қарап, негізге алды, сондай-ақ Ұйымның ағымдағы қызметі бойынша бірқатар басқа шешімге қол қойды.

ШЫҰ елдерінің сыртқы сая­си ведомстволарының басшы­лары ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін алу мақсатында Иран Ислам Республикасының міндеттемелері туралы Мемо­ран­думға қол қою туралы мәсе­лені мемлекеттер басшылары кеңесінің қарауына енгізу туралы шешім қабылдады.

Министрлер ШЫҰ-ның Мысыр Араб Республикасымен, Сауд Арабиясы Корольдігімен және Қатар мемлекетімен диалог бойынша әріптес мәртебесін беру туралы меморандумдарға қол қойылуын құптады.

Жиыннан кейін ШЫҰ елдері делегацияларының басшыларын Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қабылдады. Сұхбат барысында өңірдегі ахуал мен ШЫҰ ая­сын­дағы өзара іс-қимыл жөніндегі өзекті мәселелер, сондай-ақ Ұйым­­ның алдағы саммитіне дайын­­дық барысы қозғалды.

Іс-шара аясында Қазақстан СІМ басшысы М.Тілеуберді Қытай Сыртқы істер министрі Ван И, Үндістан Сыртқы істер министрі Субраманиян Джай­шан­кар, Пәкістан Сыртқы істер министрі Билавал Зардаримен екі­жақты бөлек кездесулер өт­кіз­ді. Сондай-ақ ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Минмен де келіссөздер өткізілді.

Тараптар екіжақты ынты­мақ­тастықтың жай-күйі мен перс­пективаларын және көп­жақты құрылымдар аясындағы өзара іс-қимылды талқылады. Халық­ара­лық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге ерекше назар аударылды.

Қытай Сыртқы істер министрі Ван Имен кездесу барысында М.Тілеуберді бірқатар мәсе­лені талқылаған. Синьхуа агент­тігінің хабарлауынша, Бейжің билігі Қытай-Қазақстан ынтымақ­тастығын одан әрі нығайтып, белдеу мен жолдың жоғары сапалы құрылысын басты міндет етіп қоюға дайын екенін білдірген.

Ван И биылғы ақпанда ҚХР төр­ағасы Си Цзиньпин мен Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жемісті кездесу өткіз­генін және Қытай-Қазақ­стан қа­рым-қатынасының тағы да 30 жыл­дық алтын кезеңін құруға, екі­жақты байла­ныс­тарды ұзақ мер­зімде дамыту үшін бірлесіп жұ­мыс істеуге мүд­делі екенін жеткізген.