Аймақтар • 01 Тамыз, 2022

Екі зауыт іске қосылады

313 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанайда 2020-2025 жылдарға арналған индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 179 млрд теңгеден асатын бес бірдей ірі жоба жүзеге асырылады. Машина жасау саласына соны серпін беретін ауқымды жобалардың нәтижесінде осы жылдың өзінде мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарланып отыр.

Екі зауыт іске қосылады

Мәселен, қалалық экономика және бюджет жоспарлау бөлімінің басшысы Наталья Тұр­лы­бекованың айтуынша, 2022 жылдың соңына таман екі ірі зауыт іске қосылады.

– Қазір екі ғимараттың да құ­ры­лысы аяқталып қалды. Олардың біріне «Белорус» трак­торларының «МТЗ-Қазақстан» машина жасау зауыты» ЖШС орналасады. Құны 8,3 млрд теңге болатын бұл кәсіпорын жы­лына 10 мың кабина жасап шы­ғарады. Зауыт 150 адамды жұмыспен қамтиды. Жыл аяғына дейін іске қосылатын тағы бір зауыт – «Тehnopark KZ» ЖШС. Осы жылдың өзінде кәсіпорын 600-дей шанақ және коммуналдық техникаға арналған қондырма құрылғылар шығаруды көздеп отыр. Аталған нысан құрылысының құны – 2,9 млрд теңге, 180 жұмыс орны құрылады, – дейді Наталья Тұрлыбекова.

Қалған 3 жоба 2024 жылы іске қосылады. Соның бірі – «Kam­LitKZ» ЖШС-ның құры­лысы 2019 жылы бастал­ған. Құрылыс жұмыстары мен зауыт­тың өндіріске қажет құрал-жаб­дықтарын орнату 5 жыл ішінде аяқталуға тиіс. Жоспар бойынша кәсіпорын жылына 45 мың тоннаға дейін цилиндр блоктарын, қозғалтқыш бастиектерін, картерлер мен жүк көлік белдемесінің редукторларын құйып шығарады. Зауыт құрылысына 78,2 млрд теңге қарастырылған.

2020 жылы «KamLitKZ» ЖШС тағы бір ауқымды жобаны қолға алған. Құны 82,5 млрд теңге тұ­ратын аса қымбат жоба Қостанайда «Камаз» арнайы техникасына арналған жылына 74 мың же­текші белдеме редукторлары мен қозғалыс ауыстырғыштарын құюды көздейді.

Екі жылдан кейін іске қосы­латын «Deutz-Fahr» тракторларын құрастыруды ұйымдастыру және ауыл шаруашылығы тех­ни­касына қызмет көрсету жөнін­дегі сервистік орталық пен ло­гис­тикалық терминал салу жобасын «Агромаш Холдинг KZ» АҚ компаниясы жүзеге асырады. Жобаның құны – 4,5 млрд теңге.

– Қостанайда Индустриялан­дыру картасынан тыс машина жасау саласы мен агроөнеркәсіп кешенінде, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп, жаңартылатын энергия көздері мен металлургия салаларында жалпы құны 327 млрд теңге болатын 19 жоба іске асырылып жатыр. 2022-2025 жылдар аралығында іске қосылатын ілкімді жобалардың нәтижесінде 3 мыңға жуық адам тұрақты жұ­мыспен қамтылатын болады, – дейді Наталья Тұрлыбекова.

 

Қостанай облысы