Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
«ҚазТрансГаз» АҚ Қостанай филиалының мәліметінше, ұзындығы 170 шақырымға жуық газ құбыры 60 жылға жақын жөндеуден өтпеген. Компания мамандары биыл дефектоскопиялық талдау жұмыстарын жүргізу барысында тот басып жұқара бастаған құбырда қауіпті ақаулардың шамадан тыс көбейіп кеткенін анықтап, күн суытпай тұрып тозған құбырды ауыстырып тастау туралы шешімге келіп отыр. Олай болмаған жағдайда, жылу маусымы басталған соң төтенше апат орын алып, елді мекендер мен өндіріс орындары, балабақша, мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік нысандар қыстың қақаған аязында жылусыз қалуы ықтимал дейді мамандар.
Құбыр жөндеуге байланысты газдың тоқтатылуы өңір тұрғындары мен өндіріс барысында көгілдір отын пайдаланатын кәсіпорындарға қиындық туғызайын деп тұр. Бұл туралы таяуда қалалық әкімдікте өткен жиында да сөз болды. Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Илона Тимошенконың айтуынша, тамыз айында Қостанайдың өзінде өндірісі көгілдір отынға тәуелді сегіз кәсіпорын жұмысын тоқтатады. Олардың ішінде құрылыс материалдарын өндіретін зауыттар бар.
– Қостанайда құрылыс саласына жыл сайын 95 миллион кірпіш пайдаланылады. Газдың болмауына байланысты, «Қостанай-МБИ», «Романа» және «БК-бетон» серіктестіктері сияқты темір бетонды өнімдер шығаратын зауыттардың өнім көлемі үш есеге дейін қысқаруы мүмкін. Сондықтан мемлекеттен тапсырыс алған мердігерлердің өздеріне қажет кірпіш және темір-бетон өнімдерін Ресей мен іргелес облыстардағы зауыттардан әкеліп алғаны жөн. Қаладағы өндіріс ошақтарының көгілдір отынсыз қалуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне де кері әсерін тигізгелі отыр. Мәселен, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС, «Большевичка» тігін фабрикасы, «Дормаш» ЖШС сияқты кәсіпорындар өндірісте табиғи газ пайдаланбайды. Ал «Агромаш Холдинг КЗ» АҚ, «Қостанай трактор зауыты» және бірқатар ұн тартатын кәсіпорын қызметін ішінара тоқтатады. «ЕвразКаспианСталь» ЖШС, «Қостанай ұн комбинаты» АҚ және Юрченко ЖК нан зауыты өз қызметін толығымен тоқтатады. «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасының дизель отынына көшетін мүмкіндігі бар. Алайда мұның шығыны көп болғандықтан, кәсіпорын тамыз айында жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Кірпіш зауыттарының қызметі толығымен тоқтатылды, – дейді И.Тимошенко.
Облыс тұрғындары тамыздың ортасына дейін электр қуатымен амалдап ас-суын қамдай тұрар. Газдың жоқтығы, әсіресе, наубайханаларға ауыр тиген сияқты. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, 1 тамыздан бастап облыс орталығын ыстық нанмен қамтып отырған «Сухин», «Юрченко С.В.» жеке кәсіпкерлік нысандары мен «Сузан А», «Алтын-Нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жұмысын тоқтатты. Олардың міндеттемелерін тәулігіне 4 жарым мың бөлке нан пісіретін «Багдасарян» және күніне 2 жарым мың әлеуметтік нан шығаратын «Астықжан Қостанай» жеке кәсіпкерлік нысандары атқаратын болады. Әйтеуір, қалалық әкімдік тамызда нан тапшылығы туындамайды дегенді айтып отыр.
Қалалық тұрғын үй шаруашылығы бөлімінің басшысы Асылхан Хәкімовтың сөзінше, облыс орталығында ұзын саны 1 мың 332 өндірістік кәсіпорын және жол жөндеумен айналысатын мердігер ұйымдарға тиесілі асфальт зауыттары, сондай-ақ 1 мың 15 коммуналдық-тұрмыстық тұтынушы көгілдір отыннан уақытша ажыратылады.
Бұған дейін газ жағып келген «Арвис» асфальт-бетон зауыты дизельді отынға көшті. «Арасан», «Милх», «ДЕП» тәрізді ірі серіктестіктер де электр пеш жағатын болады.
Көгілдір отынсыз кезеңде көпқабатты тұрғын үйлерде газ баллондарын пайдалануға тыйым салынды. Қалалық тұрмыстық қатынастар бөлімінің мамандары тұрғындарға бойлер мен электр пешін пайдалануды кеңес етіп отыр.
Газ құбырын жөндеу жұмыстары әуелде тамыздың 1-інен 25-іне дейін созылады деп жоспарланған. Шілденің 31-інде «ҚазТрансГаз» Ресей аумағында «Бұқара – Орал» газ магистралының 1 832,5 шақырымындағы құбырдың тесілуіне байланысты Қостанай облысындағы құбыр жөндеу жұмыстары 3 тамызға шегерілетінін хабарлады.
Ал бұдан бұрынырақ өңір басшысы Архимед Мұхамбетовтың облыс әкімдігі мен «ҚазТрансГаз» АҚ арасында жөндеу мерзімін қысқарту туралы уағдаластыққа қол жеткенін мәлімдеген. Облыс әкімі «Келісім бойынша газ құбырын жөндеу жұмыстарын 12-14 күннің ішінде аяқтау жоспарланды. Жұмысты тезірек бітіру үшін өзге облыстардан мобильді топтар көмекке келеді», деп еді, енді жөндеу жұмыстары кейінге шегерілгендіктен, тұтынушылар тамыздың жиырмасына дейін газсыз амалдай тұрады.
Өңірде табиғи газды 90 мың 613 тұрғын тұтынып отыр. Олардың 72 129-ы көпқабатты тұрғын үйлерде, ал 17 152-сі жеке үйлерде тұрады.
Қостанай электр орталығының мамандары газсыз күндері тоқ көзін тұтынушылар көбейетіндіктен, электр желілеріне артық күш түсетінін, сондықтан үйдегі электр құрылғыларын бір мезгілде бірдей пайдалануға болмайтынын ескертіп отыр.
Көгілдір отынсыз кезеңде орын алуы мүмкін тосын оқиғалардың алдын алу мақсатында «ЭПК-forfait» серіктестігінің апатты жою бригадалары кезекшілік атқаратын болады.
«ҚазТрансГаз» АҚ газ құбырын жөндеу жұмыстарын 15 тамызға дейін аяқтауға уәде беріп отыр. Одан кейін тұтынушылар бірте-бірте газға қосыла бастайды.
Қостанай облысы