Сонымен бірге Еуропа қайта құру және даму банкі облыстың медицинасы мен экологиясы саласында да бірлесіп жұмыс істеуге ниетті. Қазір облыс орталығындағы сумен жабдықтау жобасы аяқталуға жақын. Ал жарықтандыру мәселесіне келсек, Семейдің көшелеріне әлі 7 мыңға жуық жарық нүктесі жетіспейді. ЕҚДБ бағалауына сәйкес бұл үшін шамамен 2,4 млрд теңге қажет. Оның 500 млн теңгеге жуық сомасын облыс әкімдігі бөлсе, қалған бөлігін еуропалық банк несиелеуге дайын. Өңір басшысы Нұрлан Ұранхаев көшелердің жарықтандырылуы орталықта ғана емес, бүкіл қала бойынша лайықты деңгейде қамтылып, қараңғы учаскелерде жарық барынша жоғары болуға тиіс екенін айтты.
Семейде ЕҚДБ-ның қолдауымен жүзеге асырылып жатқан екінші жоба – қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы. Соған сәйкес былтыр кредиттік келісімге қол қойылған еді.
«Полигонды жаңа жерде орналастыру көзделіп отыр. Өйткені ескі полигон Экологиялық кодекс нормаларына сай келмейді, сондай-ақ қатты-тұрмыстық қалдықтардың биологиялық өңдеуін көздейтін желіні салу қарастырылған. Жалпы алғанда, бұл кешен алдағы 30-40 жылда полигонды одан әрі кеңейтіп, ҚТҚ-ны терең өңдейтін технологиялар арқылы қаланың барлық тұрмыстық қалдығын кәдеге жаратуға мүмкіндік береді», деді Еуропа қайта құру және даму банкі директорының Қазақстан бойынша орынбасары Бақтияр Файзеев.
Әйтсе де облыс әкімдігі қазіргі полигонның да пайдасыз қалмауына мүдделі. Бұл үшін рекультивацияны жүргізу қажет деп санайды жауапты ведомстводағылар.
Үшінші бағыт – кәріз-тазарту жүйелерінің құрылысына байланысты. Қазір Қазақстанда 27 кәріз-тазарту жүйесін жаңғыртуға қатысты бағдарлама қабылданып, Аягөздегі құны 6 млн еуро болатын жоба ең негізгілерінің бірі саналады. Ол тарифтерді субсидиялау қағидаларына сәйкес республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады.
«Бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік беретін басқа да жобаларды қарастыруға болады. Мысалы, Ертіс пен Алакөлдің жағалауын нығайтуға, Шүлбі ГЭС-тің контр-реттеуішінің құрылысына және Семей қаласындағы Ертіс өзенінің сол жағалауында жаңа жедел медициналық жәрдем стансасын салуға байланысты. Ынтымақтастықты нақты пайда әкелетін жобалар бойынша талқылауға дайынбыз», деді облыс әкімі.
Семей ЕҚДБ-ның «Жасыл қала» бағдарламасына қатысып келе жатқан еліміздегі төрт қаланың бірі саналады.
СЕМЕЙ