Аймақтар • 02 Тамыз, 2022

Аптап ыстықта ауыз сусыз отыр

301 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылының тұрғындары аптап ыстықта ауыз су тапшылығын көріп отыр. Жалпы, мегаполистің іргесінде жатқан елді мекенде ауыз су мәселесі жыл сайын қайталанатын дәстүрге айналған. Ал атқарушы билік әлі күнге дейін құрғақ уәдемен шектеліп отырған көрінеді.

Аптап ыстықта ауыз сусыз отыр

Жақында әлеуметтік желілерде әкімдік ғимаратына басып кіріп, кір жуып отырған әйел адамның бейнежазбасы кеңінен таралып, талқыланды. Дәл осы оқиға аталған Тұздыбастау ауылында болған еді. Бірақ бұл көрініс ешқандай күлкілі көрініс емес еді. Ауыз су түгілі тұрмысқа қажетті суға жарымаған жұрт амалсыздан осындай қадамға барғанын айтады. Ал ауылдың да, ауданның да әкімдігі бұл мәселеден хабардар екен.

Тұздыбастау ауылдық округінің әкімі Мирас Баймолдановтың айтуынша, ауылдағы ауыз су тапшылығын түбегейлі шешу үшін бірнеше бағытта жұмыс істеу керек. Біріншіден, ауылды сумен қамтитын желілерді толықтай мемлекет меншігіне өткізу күн тәртібінде тұр. Бұл ауыз су таратуды орталықтандырып қана қоймай, төлем тарифіндегі алшақтықты да реттемек. Екіншіден, ауыз су тарату жүйесі ескірген, оны толықтай ауыстыруға аудан тарапынан қар­жы бөлініп, шешілуге тиіс. Әрі су желі­леріне қызмет көрсететін сорғы­лар­дағы құрылғылар да ескірген, көбіне қысымға шыдамай бұзылып жатады. Бұл да үлкен көлемдегі қаржыны қажет етіп отыр.

– Тұздыбастау ауылында 22 мың адам тұрады. Ауыз су мәселесі бар. Оны шешудің жолын қарастырып жатырмыз. Биыл аудан тарапынан 90 миллион теңге шамасында ақша бөлінді. Бұл қаржыға су құбыры мен кәріз жүйесін жаңалаудың құжатын жасап, енгіздік. Нәтижесі болады. Қазір ауыл маңында ұзындығы 12 шақырымдық магистральды су құбырының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жұмыс аяқталса, тұрғындарды сумен қамтуға қол жеткіземіз. Және екі құдық та қазылып жатыр, сыйымдылығы 250 текше метр болатын құдықтар іске қосылса, ауыз судың сапасы артып, толықтай жеткілікті болар еді, – дейді ауыл әкімі Мирас Баймолданов.

Жақында Қонаев қаласында аудан әкімдерінің басын қосып, алқа­лы жиын өткізген Алматы облы­сының әкімі Марат Сұлтан­ға­зиев тарапынан ауыз суға қатысты арыз-шағымның жиілеп кеткені айтыл­ды.

– Облыстағы ауылдарда суға қатысты туындап отырған мәселе көп. Кейбір су құбырында қысым жеткіліксіз, кейбірінде магис­трал­дық су жүйесі реттелмеген. Енді бірінде су сүзгісі жолға қойыл­маған. Осы мәселелердің бәрін ауыл әкімдерімен бірлесіп, тек­серістен өткізіп, жоба-жоспарын жа­сап жатырмыз. Су бар дейміз, бірақ іс жүзінде көшеден тасып ішіп, машақатын көріп жүрген ауыл тұр­ғындары жетерлік, – деді өңір басшысы.

Яғни облыс әкімі өңір тұрғын­да­рының қордаланған мәселелерін шешу үшін ең алдымен ауылдарды ауыз сумен және көгілдір отынмен қамтамасыз ету бойынша тексеру, түгендеу жұмысын жүргізуді басты мақсат етіп отыр. Ол үшін тиісті органдар бүкіл аудандағы елді мекендер бойынша су, газ, тағы да басқа мәселелердің геокартасын жасап, мәлімет беруі керек.

– Қай ауылда қай құбыр істе­мей­ді, қай құбыр толық жұмыс істеп тұр, қай құбырдың құрылысы орта жолда қалып қойған, осының бәрі картада көрсетілгені жөн. Егер біз осылай жүйелеп алмасақ, онда мәселенің шешімін табу қиын. Қазір статистикаға, деректерге бәрінің қолы жетеді. Жасырып қайтеміз, жоқты жоқ, барды бар деп айту керек. Оның үстіне қазір ауыл әкімдерін сайлап жатырмыз. Халық оларға сеніп отыр. Әкімдер бар күшін салып, үлкен ұмтылыспен, ынта-ықыласпен жұмыс істеуі қажет, – дейді облыс әкімі.

 

Алматы облысы