Қоғам • 02 Тамыз, 2022

Кәсіпкерді әбігерге салған құрылыс

223 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Семейде бір топ кәсіпкер жол құрылысына наразылықтарын білдірді. Олардың айтуынша, жол жөндеу жұмыстары кәсіптерін жүргізуге кедергі келтіріп отыр. Шағымданушы тараптың уәжін Абай облысының әкімі тыңдап қайтты.

Кәсіпкерді әбігерге салған құрылыс

Шаһардағы Өскемен көшесінде көлік кептелісі жиі орын алады. Аталған мәселені біржолата шешіп, көлік құрал­дары­ның өткізу қабілетін арттыру үшін осы аумақта, айталық, Шайжүнісов көше­сінен 6-шы линия көшесіне дейін жолды кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Бұл көшедегі көлік кептелісі тұрақты көрініске айналып кеткендіктен жолды кеңейту керек. Егер де қандай да бір көмек қажет болса, хабарласыңыздар, ба­рынша қолдау көрсетеміз. Алайда осы жол құрылысын аяқтауымыз қажет. Себебі бұл жол бойындағы бизнес үшін де маңызды. Саяжай массивтерінде адам көп тұрады. Сондықтан бұл өте маңызды мәселе», деді Нұрлан Ұранхаев.

Аталған көшедегі күрделі жөндеу жұмыстары биыл мамырда басталған еді. Жолдың ұзындығы – 1,5 шақырым, ал жобаның құны – 1 122,6 млн теңге. Бар­лық жұмыс алдағы қараша айында аяқталуға тиіс.

Қазір Өскемен көшесінде жобаға сәйкес жер төсемін орнатуға байланысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әйтсе де, мұндағы құрылысқа барлығы бірдей дән риза деп айту қиын. Мәселен, жекелеген кәсіпкерлер жолдың жөнделуі олардың бизнесті жүргізуіне кедергі келтіріп отырғандарын айтып шағымданды.

«Осы құрылыстың салдарынан қоршауда қалып қойдық. Енді қалай жұ­мыс істейміз? Бұл әлі бірнеше айға созы­лады. Екі айға жуық жұмыс істемей қалай жүреміз?», деп реніштерін жеткізді жергілікті кәсіпкерлер.

Н.Ұранхаев өз кезегінде жаңғырту жұмыстарын жылдамдатып аяқтау қажет екенін айтып, мердігер ұйымға жұмыс уақытын арттыруды тапсырды. Атап айтқанда, күндізгі уақытты барынша тиімді пайдалану керек екенін жеткізді. Сонымен қатар өңір басшысы облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысына мердігер ұйым өкілдері және кәсіпкерлермен кездесіп, жолды кезең-кезеңімен ашу мүмкіндігін талқылауды тапсырды.

Аталған жөндеу жұмыстары барысында Өскемен көшесіндегі электр энергиясымен қамтитын тіректер ауыстырылып, Шығыс кентінің батпақты аумағы арқылы Көшкінбаев көшесінен Аюченко көшесіне дейін шығатын айналма жол салынғанын айта кеткен орынды.

 

СЕМЕЙ