Қоғам • 03 Тамыз, 2022

28 мың гектар жайылымдық жер қайтарылды

354 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Amanat партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясы Қостанай облысына келді. Аймақтағы көшпелі кеңес қорытындысы бойынша мемлекет меншігіне 27,9 мың га жа­йылым жер қайтарылды.

28 мың гектар жайылымдық жер қайтарылды

Атап айтқанда, Федоров ауданында 7,1 мың га, Науырзым ауданында 20,8 мың га қайтарылды, ал Меңдіқара ауданында ірі шаруа қожалықтарының бірімен 3,4 мың га жерді көпшіліктің қолданысы үшін өтеусіз беру туралы меморандум жасалды.

«Біздің комиссияның бас­ты мақсаты – пайдаланылмай жат­қан, оның ішінде заңсыз жеке мен­шікке өтіп кеткен жайылымдарды қайтару және оларды ауыл тұрғындары үшін қолжетімді ету. Жыл басынан бері Қостанай облысында 60 мың га пайдаланылмай жатқан жер қайтарылды. Сонымен қатар жалпы ауданы 45,4 мың га болатын 24 жер учаскесін қайтару мәселесі бүгінде сот өндірісінде. Жалпы, «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы 267 мың га жерді мемлекет меншікке қайтаруға көмектесті», деді партия хатшысы Дәулет Кәрібек.

Меңдіқара ауданының тұр­ғын­дарымен пікірлесу кезінде партия мүшелері өз бастамаларын алға тартты. Қазіргі уақытта, қолданыстағы заңнамаға сәйкес елді мекен маңындағы 5-тен 20 шақырымға дейінгі қашықтағы жер көпшіліктің пайдалануы үшін тәркілеуге рұқсат етіледі. Комиссия мүшелері осындай қайтарылған учаскелерді жеке қолға беруге жол бермеу үшін ауылдық округтердің балансында қалдыруды ұсынады.

 Бұл бастаманы кәсіпкер Еркін Бұқанов қолдап отыр. Ол сондай-ақ мемлекет агробизнеске көбірек көңіл бөлуі керек екенін атап өтті. «Ауылда ауыл ша­руашылығымен айналысуға да­йын іскер адамдар өте көп, бі­рақ жердің жоқтығы – өте өзекті мә­селе. Олар қалай үлестірілді? Иге­­рілмеген жерлерді, әрине, мем­лекетке қайтару керек», деді ол.

«Бізде қазір үлкен шаруа­шы­лықтарға, тұтас аграрлық ком­панияларға сұраса болды әрдайым жер беріледі. Әділ болуы үшін халықтың да жерді үлес­тіру конкурсына қатысуға мүм­кін­дігі болуы керек», деп атап өтті Мең­діқара ауданы Архиповка ауы­­лының тұрғыны Светлана Ка­лиевская.

Комиссия мүшесі, қоғам қайрат­кері Мұрат Әбенов белгілі бір адам­дар жерді жай ғана иеле­ніп, оны игермей отырғанына, ал бұл әрекет экономикаға зиян кел­тіре­тініне назар аударды.

«Жер не үшін қайтарылып жатыр? Мемлекет бәрін өзіне қайтарып алу үшін емес, бұл қадам ең алдымен оны игеруге дайын адамдарға беру үшін жаса­лады. Сұрақты басқалай қойғым келеді. Мәселе мал жаюға ғана қа­тысты емес. Анығында, бұл жерде маңыздысы – әділдік орнату. Жер мәселесін қала аумағында да, елді мекенде де қарас­тырып жатырмыз. Тағы бір өзекті мәселе бар. Ауылда жер, жұмыс жоқ болғандықтан, жас­тар қа­лаға көшіп жатыр. Ал онда тұр­ғын үй жоқ. Қайтып келсе, мұнда жер жоқ. Жерді халыққа қайтару – тікелей міндетіміз», деді М.Әбенов.

Комиссияның тағы бір мүшесі, блогер Ғалым Байтоқ жерді жөн-жосықсыз иеленіп отырғандарға қарсы іс-қимыл мәселесіндегі елеулі жетістіктерді атап өтті.

«Латифундистердің басым көпшілігі жерді өзге адамдардың пайдалануына мүмкіндік бер­меді немесе жалға беріп отырды. Тіпті Қарағанды облысын­да 1 млн, Маңғыстау облы­сын­да 3 млн га жуық жер бір адам­ның қолында болған жағдайлар кез­десті. Комиссияның алдағы мін­деті – осы мәселенің барлығын ба­қы­лауда ұстау. Жерді игермей­тін­дерден қайтарып алып қана қоймай, оның тиімді пайдалануын қадаға-
лау маңызды», деді Ғ.Бай­тоқ.

Еске сала кетейік, соңғы бірне­ше ай ішінде Комиссия мүшелері Жетісу, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан және Ақтөбе облыстарын аралады. Жер комиссиясының құрамына Парламент Мәжілісіне Аmanat партиясынан сайланған депутаттар – Айдос Сарым, Ерлан Саиров, Жанарбек Әшімжан, Қайнар Абасов, Артур Платонов және тәуелсіз сарапшылар мен қоғам қайраткерлері – Бақытжан Базарбек, Марат Бәшімов, Кирилл Павлов, Марат Шибұтов, Мақсат Толықбай, тағы басқалар кіреді.

Жер мәселесін неғұрлым жедел шешу үшін қазақстандықтар барлық заң бұзу фактілері туралы Аmanat партиясының «Жедел желі» 8 800 080 44 41 телефонына хабарлай алады. Өтінімдер WhatsApp арқылы да +7 700 800 44 41 нөмірі бойынша қабылданады.