Қоғам • 03 Тамыз, 2022

Биыл 9 мыңнан аса азамат қандас мәртебесін алды

216 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Тәуелсіздік алғалы 1 миллионнан астам қандас елге оралды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл 9 мыңнан аса азамат қандас мәртебесін алды

2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, жыл басынан 9 077 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 96,9 мың этникалық қазақ оралды.

«Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі Өзбекстаннан (69,9%), Қытайдан 10,3%, Түрікменстаннан 7,1%, Моңғолияда 4,0% және басқа елдерден 8,7% қоныс аударды. Этникалық қазақтар негізінен Алматы (30,8%), Маңғыстау (17,9%), Түркістан (9,7%) және Жамбыл (6,5%) облыстарына, сондай-ақ Алматы (5,7%), Нұр-Сұлтан (7,2%) және Шымкент (8,0%) қалаларына қоныстанды», делінген министрлік хабарламасында.

Елге келген 9 мыңнан астам қандастың 60,5% - еңбекке қабілетті жастағы азаматтар, 26,2% - еңбекке қабілетті жастан кіші, 13,3% - зейнеткерлер.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 11,8% жоғары білімді, 39,8% орта кәсіби білімді, 46,7% жалпы орта білімді және 1,6% білімі жоқ.