Сұхбат • 03 Тамыз, 2022

Жазушы, драматург Иген Хасенұлы: Кері мінез бе, сері мінез бе дейтін сәттер де бастан өтті

289 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Біз көрген ағалардың ішінде «ресми» түрде сері атанғандар саусақпен санарлық қана екен. Ал әншілігі, аңшылығы, әзіл-қалжыңы жарасқан нағыз серілер бірқыдыру еді. Жапан қайғы шегіп, жалған аңыз қалыптастырушылар да бар, әрине. Шындығында, нағыз серілік ел арасының әңгімесін жақсы білетін, жүрген-тұрған жері дәстүр мен дәріске толы адамдарға бек жарасатын. Қазақ энциклопедиясының негізін қалаушылардың бірі, жазушы, драматург Иген Хасенұлы да – сондай ері мойнына кетпеген сері кісі. Дегенмен әңгімемізді қаламгердің еңбегі көбірек сіңген Ұлттық шежіреден бастадық.

Жазушы, драматург Иген Хасенұлы: Кері мінез бе, сері мінез бе дейтін сәттер де бастан өтті

– Энциклопедия шығаруға кемелдену кез келген елдің қолы­нан келе бермейтін іс. Ол – биік өркениет, тамырлы мәдениет қон­ған елге ғана бұйыратын талғампаз дүние. Мына заманда елдің елдігін танытатын бір көрсеткіш – энциклопедия. Ал жаңағы негізін қалаушы көп­тің, бұл іске үлкен құлшыныспен кіріскен 130 адам­ның бірі екенім рас. Марқұм Мұха­меджан Қаратаев Жазушылар ода­ғында мені жанына шақырып алып: «Сен мұнда неғып жүрсің? Энциклопедияға кел. Пәтер алып па ең? Ертең түстен кейін кел»,  деп қысқа қайырды.

Диплом жұмысын қорғау ке­зінде, жан мұрынның ұшына кел­генде осы кісі аман алып қал­­ған-ды. Қуанып қал­дым. Дипломның тақырыбы «Бейім­бет Майлиннің жарық көр­ме­ген шығармалары» болатын. Жетек­шім Темірғали Нұртазиннің айтуы­мен диплом жұмысымды Мұқаңа көрсетіп, ескертпелерін түзегем. Не керек, Бейімбеттің жаулары әлі де тірі екен.

– Жарық көрмегені қалай?

– Студентке лайық тақырып емес.

Осы секілді сұрақпен Темкеңді ортаға ала бастағандар негізінен тіл саласының ғалымдары. Содан, ойламаған жерден Мұқаңның кіріп келгені. Ол да Алланың бұйрығы шығар.

– Ал Иген батыр. Бұл жер са­ған келіп қонып, қайта ұшып кете баратын взлетный полоса емес, – деп алақанымен ұшақты бейнелеп, көк шұға столдың бетін бір қалықтатып өтті. – Мұнда Арыстан да, Жолбарыс та (аттары солай болса керек), Дулат та келіп, шыдай алмады. Жұмыс ауыр екені рас. Архитектура мен бейнелеу өнерінің ғылыми терминдерін бір жүйеге келтіруді өзіңе тапсырғалы отырмын. Тәртіп бойынша алғаш кіші ғылыми редактор болып бастауың керек. Ал мен сені аға ғылыми редактор етіп алам. Білек сыбанып кірісесің, батыр.

Қазақ Совет Энциклопе­дия­сының сауатты болып шығуына Мұқаң қыруар еңбек сіңірді. Жұ­мыс жүйесін Мәскеудің Үлкен Совет Энциклопедиясының үлгі­сіне сәйкестендірді. Мысалы, же­ке қаттамаға салынған алақан­дай терминді қырыққа тарта адам қарап шығатын. Ғылыми-сала­лық редакциялардың редсовет мүшелері мен кеңесшілері қан­шама! Дені академик ғалымдар!

– Ол кезде энциклопедия саласы көп-көрім мәртебелі жұмыс саналатын.

Қазақ Энциклопедиясының Бас редакциясы Ғылыми-зерттеу инс­титуты сияқты болды ғой деймін.

– Иә. Алғаш Ғылым академия­сының құзырында болды, жала­қы­сы ең жоғары мекеме еді.

– Сонымен ұстаз сенімін ақтай алдыңыз ба?

– Ақтай алдым ба, жоқ па? Оны екі қосымшасымен 14 том болып шыққан Қазақ Совет Энциклопе­дия­сынан оқырман өзі көре жатар. Ауыр жүкті бірге көтеріскен бүт­кіл зиялы қауым еді. Олар тың тер­мин енгізуге, термин тілін қа­лып­тастыруға көмек қолын соз­ды. Мысалы Ә.Х.Марғұлан «Ба­йырғы сақ, ғұн, үйсін өнері» деген тың термин енгізді. Ғалым оны орыстың белгілі археологі, тарихшы және этнограф, СССР ҒА-ның академигі А.П.Окладниковты қалқан етіп ұстап, әдісін тауып сы­налағанға ұқсайды.

Ал қасбет, мық, дөдеге (фриз), тұсқағаз, токқағар секілді көптеген термин баламалары сол ізденіс кезінде дүниеге келген-ді.

Расында да, бел қайыстыратын шұқыма жұмысқа жігерлендірген тағы да сол Мұқаң болды. 3 том шығарып, біршама төселіп қалған кезіміз. 4-том баспаханада басылып жатқан. Томға тігілетін бір бүктемені (верстканы; 16 бет, ­1 бас­­па табақ) ұсынған жауапты хатшы Қ.С.Әбілханов «Том басы­лып жатыр. Мынау соның таза беті. Мұқият қарап шық. Қате тапсаң маған хабарлас» деді. Таза беттегі «Екінші дүние жүзілік соғыс» деген терминде соғыстың басталуына фашистік Германия емес, біздің ел себепкер болып тұр. Өз көзіме өзім сенбей, бірнеше қайтара оқып шығып, сағатқа қарасам бір жа­рым екен. Содан Қабекеңе телефон соқтым. Ертеңіне кезектен тыс лездеме өтті. Піссімілладан Мұқаң салмақты да разы үнмен:

– Кеме апатқа ұшырағанда оқ­панды денесімен бітеп, жұртты аман алып қалатын матростар болушы еді. Міне, ортақ іске жанын салатын, сондай азаматтар біздің арамызда да бар екен. Бір қауіптен аман қалдық – деді.

Басу ісінің түнде тоқтатыл­ғанын, менің атымды дабыра етпеді. Орындығыммен бірге біраз қалықтап, алғаш рет өзімнің керек екенімді сезіндім.

– Осы күні энциклопедия деген көбейді. Жарық көріп жат­қан басылымдарға көзқарасыңыз қандай?

– Біз энциклопедия шығару­дың қыр-сырын алдымен Мәскеу­ден, сонымен қатар жұмыс барысында үйреніп отырдық. Жауапты хатшы Қ.С.Әбілханов жетісіне бір рет ғылми редакторлармен шебер­лікті шыңдау сабағын өткізетін. Онда термин мен сөздік сөзінің айырмашылығын анықтау; тер­мин сұрыптау критерийін белгілеу; әр ғылым саласы бойынша енетін терминдердің жазылу үлгісін да­йындау сияқты толып жатқан сұрақтар талқыланатын.

Байқасаңыз, орыс зиялы­ла­ры­ 1891 жылы Мәскеуде шығара бас­таған тұңғыш шежіре кітапты «Гранат энциклопедиялық сөз­дігі» деп атауының өз сыры бар. Сөз­діктің аясы кең. Онда сөзге түсініктеме беруге, қосымша мысал келтіруге жол ашық. Ал энциклопедия – көбейту кестесі се­кілді қатып қалған үлгідегі, сансыз деректі сығымдап, тарының қауызына сыйдыратын басылым. Осы тұрғыдан келгенде жаңа­ғы шығып жатқан шежірелердің біразын энциклопедиялық сөздік немесе анықтамалық десе бағасы кеміп қалмас еді.

– Осы энциклопедия саласында үлгі тұтқан ұстазыңыз болды ма?

– Мана 130 адам көрігін бас­қан жұмыс дегем жоқ па. Асау толқын жарға соққан, жандәрмен қайта құлаш ұрған сәттер болды. Тіл-әдебиет редакциясында бір сөйлемнің үш нұсқасын жасап, соның ең қонымдысын алатын Нұрханов Сейтбек деген ағамыздан көп нәрсені үйрендім. Ғажап білімді кісі болатын.

– Коммунистік партия мүшесі болудан қалай бас тартқаныңызды бір юморист құрдасыңыздан есті­генім бар. Сол рас па?

– Иә, ондай да болған. «Иген, редакция меңгерушісі Орталық Комитет номенклатурасына кіреді. Партияға өтуге Фрунзе ауданынан екі рекомендация әкелдім. Біреуі Адаев Жолдасбекке, екіншісі саған» деді Мұқаң кабинетіне ша­қырып алып.

– Мұқа! Мен партияға өтуге дайын емеспін, – дегеннен басқа үнім шықпай қалды.

Мұқаңның желке жағынан қап­таған қара бұлт төңкеріліп маң­дайға жете алмай, кері шегінгендей болды. Үн-түнсіз сәл отырды да:

– Жарайды, бара бер – деді, сәл жылығандай болып.

Алғаш мектепке барғанда «А» қарпін апама үйретпек боп: «Міне, қарашы, Қоскел ағаның жер өлшейтін айырсирағы сияқ­ты» дегеніме: «Қойшы ойбай, айырсирағыңды өзің үйрене бер. Сенің оқуың өкіметтікі, мек­те­бің өкіметтің мектебі, жа­зуың өкі­меттің жазуы, сен өкі­меттің оқу­шысысың, құлыным! Өкі­ме­тіңнің жазуын өзің үйрене бер. Өкіметіңе менің бүйрегім қатып қалған» деп бүйрегін түйгіштейтін. Онысын есейе келе білдім. Астаң-кестең замандағы асыра сілтеу, кәмпеске айықпас ізін қалдырса керек.

– Осындай сұхбаттарда адам­гершілік, достық, сатқындық сияқты түрлі мінез-құлықтар мен қы­лықтар туралы айта бермейміз. Соның бәрі әлгіндей замандағы қуғын-сүргіннен қалған жаман әдет. Ол, әсіресе рухани ортада кө­бірек болды деп естиміз. Сіздер соның салқынын сезіндіңіздер ме?

– Оны да көрдік. Кері мінез бе, сері мінез бе дейтін сәттер де бастан өтті.

Біздің кезімізде домалақ арыз­дың дәурені жүріп тұрған. Он төрт томды бітіріп, жоғары жақтан марапат күтіп отырғанымызда, «Ара» журналына шыққан фелье­тонның салқыны ма, әлде басқа жағдаймен бе, Мұқаң энциклопедиямен қош айтысып, орнына Манаш Қозыбаев келді. Мұқаң­ның мені отқа итермейтінін се­зіп, тісі батпай жүрген біреулер: «Қаратаевтың адамы. Қолынан жұмыс келмейді» деген сияқты арыз түсірмей ме? Жөн. «Ана басы иілмейтін қызметкеріңіз туралы арыз түсті. Соны егжей-тегжейлі тексеріңіз» деп Манаш жауапты хатшы Әбілхановқа арызды береді. Менің «Ол кім? Бұл не?» деп аталатын 3 томдық балалар энциклопедиясына кірісіп жат­қан кезім болатын. Жайымша жүрмей, мүйізі қарағайдай редакция меңгерушілерінің аударып әкелген терминдеріне қолды қаттырақ батырып нем бар де­сеңші. Содан Қабекең арнайы комиссия құрып тексертсін. Қызық болғанда, тексеру қорытындысы арызданушыларға кереғар – «термин қорытуы өте сапалы, қызметін жоғарылатуға лайық» боп шықсын. Тексертем деп ұсыныс жасатып алғандар іштен тынды. Сондай да жағдайлар болған, шырақ.

– Қарап тұрсам, бүкіл саналы ғұмырыңыз энциклопедиямен өтіп келеді екен. Бас энциклопедиядан кейін де талай жұмыстың басы-қасында жүріпсіз. «Атырау», «Қарағанды. Қарағанды облысы», «Астана», «Мұхтар Әуезов», тағы да басқа энциклопедияларға жетекшілік жасапсыз. Бұл сала біздің өмірімізге қаншалықты керек деп ойлайсыз?

– Осы арада саған бір ғибрат алар­­лық аңызды айтуға тура келіп отыр.

Ертеде бір патша дүниедегі ғы­лым-білімнен хабардар болу үшін дүние жүзінен ғибрат аларлық кітаптарды жинатады. Арада біраз жылдар өткенде сарай бөлмелеріне кітап сыймай кетеді. Содан патша мұны әр ғылым саласы бойынша жеке кітапқа түсіріңдер деген бұйрық береді. Ғалымдар өз саласы бойынша кітап әзірлеп бітірген­ше тағы да біраз жылдар өтеді, оның үстіне кітап саны көп болып шығады. Енді осы көп кітаптағыны бір кітапқа түсіріңдер дейді ғой. Сөйткенше жылдар жылжып, патша қартаяды. Жалғыз кітап дайын болғанда, тіпті көруден қалады. Патша бір ғұламасын шақырып алып: «Мына кітаптағыны бір ауыз сөзбен айтып бер. Даналықтың сыры неде екен?» дейді.

– О, ұлы патшам, даналық пен дүние сырының шет-шегі жоқ. Оның түбіне ешкім жетпек емес, – депті патшаға ғұламасы.

Соңдай-ақ бір жағынан энци­кло­педияның түп төркінінде осы аңыз жатқанын, екіншіден із­де­нудің шет-шегі жоқ екенін аң­­ға­ртайын дегенім ғой. Ұлттық энциклопедия шығаруға тас-түйін да­йын отырғанымызда ол кездегі бас редактор Рымғали Нұрғалиұлы аяқ астынан қызмет ауыстырып, орнына Әбдімәлік Нысанбаев келді. Жаңа леп ала келген жаңа редактор энциклопедияның қа­саң ережесін сырып қойып, іске өзінше кірісіп кетті. Содан Көбетай екеуміз: «Ұлттық энциклопедия шығаруға көзқарасымыз Сізбен кереғар болғандықтан жұмыстан шығатынымызды хабарлаймыз» деп арыз қалдырдық та, үйде жатып алдық. Бізсіз қалай шығармақ дейміз ғой баяғы. Арада қанша уақыт өткені есімде жоқ. Бір күні Көбетай телефон шалып: «Бол, тез жет! Шақырып жатыр. Қай­та шақырмақ», десін сүйінші сұра­ғандай.

Келсек, арызымыздың шетіне «қарсы емеспін» деп қол қойыпты. Өзі жоқ. Ал керек болса. Содан «Атамұра» корпорациясын құрып, жұмысқа кірісіп жатқан Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедке телефон шалып, жағдайды айттым. Мұхтар: «Иеке, энциклопедияда мен білетін үш адамның біреуі келемін деп отырса, қуана қарсы аламын да. Көбетай мен Нұрқанаттың жағдайы қалай?» дегені ғой. Мұхтардың арқасында «Атамұрадағы» мамыражай, өзім би, өзім құдай тірлігім басталды. Кейіннен Рахымғали Абрарұлы да менің бар жағдайымды жасап, еркін жұмыс істеуіме жол ашты. Жаңа өзің санамалап отырған энциклопедияларға шама-шар­қым келгенше өз қолтаңбамды қал­дыруға тырыстым. Осындай­да мына бір жайт еске оралады. «Астана» энциклопедиясын сонда қона жатып шығаруға тура келді. Қалалық әкімшілік, екінші жағынан Рахымғали бар жағдайды жасап, атан кітаптың белгілеген мерзімде шаң беруін күтуде болатын. Күндіз-түні дедектеп, есік-есіктен тың дерек алумен өкпе өшіп жүргенде, көзге тамызатын дәрі­нің орнына құтысы аумай тұрған «перекись водорода» дегенді шатастырсам қайтесің. Көзді быж еткізгеніне сүйсініп, «мынауың өткір дәрі екен» деп дұрыстап бір құймаймын ба. Сөйткенше, маңай тұманданып, көздің қызыл еті айналып шыға келсін. Жұмыстың жағдайын білуге тап сол күні Рахымғалидың келе қалғанын айтпаңыз. «Тастаңыз, қайтыңыз Алматыға» деп қолқа салғанына көнбедім. Ақыры демалыс күні қайдан тапқанын білмеймін, бір дәрігерге алып барып емдетті. Шүкір, көз ыңғайға келе бастады. Кітап та оқырман қолына тиді.

«Атырау» энциклопедиясы­ның тұсаукесерін өткізу үшін ба­сы­лымның бас редакторы академик Зейнолла Қабдолов, жанында мен бармын, басшымыз бастап бәріміз шұбап Атырауға келдік. Бізді Президенттің резиденциясына орналастырды. Ас та төк құрмет. Кешкілік асты ең тәуір деген мейрамханада берді, білем. Содан тост кезегі маған келгенде Атырау жайындағы жиған-тергенімнің тығынын ағытып бір көсілдім дейсің, содан ұзақ сөздің аяғын: «Әттең, уақыт кеңірек болғанда, энциклопедияның сапасын бұ­дан да жақсарта түсуге болатын еді» деп бітірдім. Мейрамханадан шыққаннан кейін: «Иеке, сіз мені құрттыңыз ғой! Сапасыз энциклопедия әкелдік дегеніңіз... Не деген сұмдық!» деп басшымыз тас-талқан болсын. «Айтылып кетті» дедім жай ғана. «Түух! Сізге сөз айтып тұрған...» деп қолын бірақ сілтеді де, бөлмесіне кете барды. Не керек, тұсаукесер ертеңіне дүр­кіреп өтті.

– Ыждаһаттылықты талап ете­тін ауыр жұмыстың «әттең-айы» да болатын шығар. Сол кезде энциклопедияда қызмет істейтіндерді қателеспейтін адамдар сияқты көруші едік.

– «Жаңылмайтын жақ, сүрін­бейтін тұяқ болмайды» деген на­қыл энциклопедияда жіберген қатеңе арашашы бола алмайды. Ал аса қырағылықпен мұқият бол­дым дегеннің өзінде таза бетке де­йін байқалмай, таралымды басайын деп тұрған кезде, «жатып қалған» қатенің «түрегелетіні» бар. «Мұхтар Әуезов» энцикло­педиясын «көп көтерген жүк же­ңіл» дегенмен бір жобаға келтірген болатынбыз. Қыруар термин, сала құлаш баяндау, бір сөзбен айтқанда, энциклопедияға тән ережені ұстанбау біраз қиындық келтіріп, қолбайлау болғаны рас. Тауды құлатқандай, сүйінші дана қолға тигеніне мәз боп отырған­да Мұрат Мұхтарұлы Әуезов «Мұх­тар Омарханұлы Әуезовтің ататегі» деген шежіре сызбадан едәуір қате тауып әкелсін. Ке­йінгі басшымыз Рахымғали бар, бәріміз соны екі сөзге келмей түзеуге тура келді. «Атамұра» мені зейнетке жібермей ұзақ жыл құрмет көрсеткен құттыханам. Арамыздағы іскерлік байланыс бүгінге дейін жалғасуда. Оның сыры адам баласының бір-біріне адалдығында жатқан болар деп ойлаймын.

– Осындай бас көтертпейтін жұмыс шығармашылықпен айна­лысуға мүмкіндік бермеген де болар?

– Шынына келгенде, арманым жазушылық болып, ҚазМУ-дың журфагын көздеп келгем. Тақ­тай­­дай далада өскен маған вагон терезесінен бұлт үстінде қалқып тұрған тауды көру жүрегімді атша тулатқаны рас. «Қайтсем де оқуға түсем» деп түйдім іш­тен. Киелі Алатау өзімен бірге қал­қытып әкеткендей күйде болдым. Мектеп бітіре салысымен жур­факқа қабылдамайды екен, сонымен маңдайға филфак жазылыпты. Мектеп қабырғасында жүріп «Күмпиіп, ісініп Местей болып семірген. Білегін түріп, Өтірік күліп, Талайларды кемірген. Бұл кім десең, оқушым, Сұра бұғалтыр Темірден» деген секілді түртпектерім болатын. Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» әнінің сөзін жазған Ибади Матақов деген тәп-тәуір драматургпен Ха­лық шығармашылығы үйінде қыз­меттес болу драматургияға бет бұруыма септігін тигізді. Ал әңгіме, повесть жазуыма Әбіштің бір ауыз сөзі қуат берді ғой деймін.

Небір сутөгілмес аудармашыларды көзбен көрдік. Солардың ішінде А. И.Тургеневтің «Вешние воды» романына эпиграф етіп алған: «Веселые годы. Счастливые дни. Как вешние воды, Промча­лись они» дейтін шумағын Ғафу Қайырбековтің: «Сауықты күн мен сайран жыл, Сағынсаң қайтып бұрылмай, Өтті де кетті-ау қайран бір, Көктемгі тасқын суындай» деп ұрып жығуы мені аудармаға ғашық жүрекпен кірісуге жетеле­ді. Осы орайда Л.Н.Толстой мен Н.А.Бердяевтің рухани ғұмыр туралы біраз ой-толғамдарын жү­регім қалап аудардым.

– Ұмытпасам, бір отырыста зерделі әнші Еркін Шүкіманов сіздің бір әніңізді орындаған болатын. Кең тынысты ән екен. Ондай да өнеріңіз бар екен ғой.

– Біздің елде Бұралқы Құдай­бергенұлы деген ақын бол­ған. Мені тинемдейімде алдына отыр­ғызып алып, өлең айтқызатын. Айтатыным сол кісінің шығар­ған қалжың өлеңдері. Барған үйдің үстеліне мені шығарып қояды да, ым қағады. Мен: «Сұрасаң менің атым Иген сері. Күнде той, күнде думан жүрген жері. Бәрі­міз ұйымдасып ел болайық, Қыздары осы ауылдың келсін бері. Жанымда былғарыдан қыным бар ма? Қыз десе бозбалада тыным бар ма? Солқылдап екі шекем (саусақпен көрсетуім керек) жүргізбейді, Апыр-ау қыз дегенде жыным бар ма?» деп шырқай жөнелем. Үстелге шығарып ән айтқызатынына қарағанда нешеде екенімді өзің ойлай бер. Шәйгөз деген құрдасының үйіне келгенде айт деп үйреткен өлеңі: «Тазымды шақырамын Кербалақтап, Жаным­да қызыл түлкім жүр салақтап. Әмина (Шәйгөздің мен қатарлы қызы) отыр ма екен, жатыр ма екен, Үкідей ұядағы көзі алақтап». Әннің соңы Шәкеңнің ашула­нуымен аяқталатын. Қой қырқып жатқандарға аттың басын тіреп қойып: «Дегенде Кершем деймін, Кершем деймін. Кершемді күнде мінсем тершең деймін. Аулыңа өлең айтып келіп қалдық, Бір тоқымдық жабағы берсең дей­мін» деп шырылдаған даусымды естіп, ар жақтан лақтырылған бір жабағы жүнді Бұрекең қағып алып қоржынына тығатын. Дүйім жұрттың алдында құмырсқаның илеуінің үстіне тұрғызып қойып, той бастатқан да сол Бұрекең. «Ба­зарың құтты болсын, ардақты елім!» деп құмырсқаның шаққанына шы­дап, шырқап шыққаным осы күнге дейін есімнен кетпейді. Табы­сымыз алтайы – қызыл түлкі.

Жаңағы сен айтып отырған «Дара­бозым» деген Сәкенге арна­ған әнім. Ала-құла ағайындар Сәкенді қырық саққа жүгірткенде туған. «Кердала» туған топырақты аңсау.

– Сізді сыртыңыздан Бейім­бет, Сәкенге іштарта жүріп, олар көксе­ген қоғамға жете алмадық ­деп бармақ шайнайтындардың бірі­нен шығарсыз деп ойлаушы едім.

– Құдайдай сенген төңкеріс­тің нәтижесінен, түңілген Сәкен 1926 жылы жазған «Күздігүні далада» деген өлеңінде: «...Өзің­ді кедей теңгеріп, Кемдікті не­ге жоймайсың?! Тұрмысты өзің мең­геріп, Бүйтуді неге қоймайсың! ...Бұйырған дәмді тата тұр, Тағ­дырың айқын жазылған. Көрің де бар жататын, Сегіз жыл бұрын қазылған» деп бағасын беріп кеткен. Мәселе рухани сананы пенделік сананың таптап кетуінде. «Адалды құдай ұрмай ма, арам құр­лы болмаса» дегенді әкем марқұм жиі айтатын. Құдайдың қағуымен, егемендікке қол жет­кізіп отырмыз. Ал армандаған қо­ға­мыңды орнатам десең бұдан артық бостандықты саған кім сый­ламақ. Шүкір, мемлекет қамын өз мүддесінен жоғары қоятын азаматтар атқа мініп, тәртіпті қас­терлейтін қоғам орнатамыз деп жатыр. Үмітім, солардың қатары көбейсе екен. «Аса байлық не керек, ден сау болса болад та» дейтін нысапшыл халықтың мейірбан, тәубашыл жүрегі теріс жолға түспесе екен деймін.

Біздің елде Кенжехан деген бір кісі болды. Сәлем берсең: «Сенің тілеуіңді тілемесем, көсегем көгер­месін» дейтін. Менің де тілеуім, жастардың тілеуі.

– Сұхбатқа ықылас білдіріп, ғибрат аларлық жайттарды бүкпей ортаға салғаныңызға рахмет, аға.

 

Әңгімелескен

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК,

«Egemen Qazaqstan»