Қола дәуірінің адамдары қож қалқып, қола сапырып жатқандай Семей аспаны, бозбала күнімде көрген сәтімдей, әлі де көз алдыма келеді, ауыр бұлттары ауық-ауық қозғалып, зілдене, зілмауырлана көшеді. Қолыңды созсаң, бұлтты тұтардайсың. Сонда «Семейдің аспаны аласа» деген сөз тіліме оралып, іле «Жоқ, оның топырағы биік» деп ойлап едім.
Сонда бір сұр түс сұстанып қарағандай еді. Абай өлеңдерінің әсері ме, «сұр бұлт түсі суық», «сұрғылт тұман дым бүркіп», «сұрланып жігіт жылайды» деген суреттер көшкен сағымдай көз алдыңда көлбеу тартады.
Әдетте Мұхтар Әуезовтің қаламына телінетін, десе де сол тұстағы және кейінгі қаламгерлер де қапысыз қайталай қолданатын «қанын ішіне тартып сұрлана қалу» деген тұрақты сөз тіркесі, шын мәнінде Әуезовтің «сұр түстер әлемі» жайлы қозғалар қай сөзге де эпиграф болардай.
«Сұрлану», «сұп-сұр болу» Әуезов тіліне әсіресе тән, оның тұрғыластарында оқта-текте ұшырасқанымен, сол Мүсірепов те, Мұқанов та бұл бояуды қалыңдатуға бейіл емес, «Ботагөз» де, «Ұлпан» да хроматикалық түстер дүниесінде, ал «Абай жолы» кейіпкерлерінің кейпінен түтігу, қарақошқылдану, сазару, көгеру секілді ыза мен ашу, түйілу мен тістену, қорқу мен абыржу, тіпті кейде амалсыздық пен шарасыздық тудыратын сезім реңкінің көбін сұрлану алмастырады. Және де сол сұрлану өзгеше мағына үстейді, сезім бояуын қалыңдатады.
Әуелі Әуезовтің қолдануындағы «қанын ішіне тартып сұрлану» жайын айтайық. «Абай жолында» оған бірнеше мысал бар. Ырсайдың жылқысы қолды болып, оның хабарын Қаумен айтып, оны есіткен Базаралы хәлі былайша суреттеледі: «Аздан соң Базаралы қабағын түйіп ап, әкесіне суық қарады. Әрқашан нұрланып тұратын қызғылт жүзі аппақ сұр болып, қанын ішіне тартып апты. Үлкен өткір көздері қанталап, қызарып кетіпті. Демі дірілдеп, даусы қатты шықты».
Ерекше тоқтала кетер бір жайт, Әуезов осы қанын ішіне тартып сұрлану мен өңге де сұрлану жайын жазып отырғанда, оны жалаң ғана қолданбай, барлық ілесе жүрер белгілерін де тәптіштеп жазады. Сол саланың маманындай, дәрігер я психолог білігімен бейнелейді. Симпатикалық және парасимпатикалық жүйке жүйесінің қызметтерінде, соның бірі белең алғанда нақ көрінер, анық сезілер сезімнің бәрін дәл суреттейді. Кейіпкермен бірге оқушы да сол сезімді қатар кешердей. Базаралының қанталаған көзі, аппақ сұр жүзі, суық көзқарасы, түйілген қабағынан осы бір сәтте неден болса да тайынбайтын адамның табын танисыз.
Мұхтар Әуезов «қанын ішіне тарту» деген тұрақты сөз тіркесін көлденең көк аттыға, көптің біріне қатыстыра қолдана бермейді, бұл тіркес – текетірестіктің тұлымы, бақталастықтың айдары ыңғайында Базаралы, Оразбай, Әзімбайларға ғана бұйырып тұрады. Екінің біріне енші қылардай бұл сөздің салмағы да жеңіл емес-ті. Құнанбай мен Базаралы, Абай мен Оразбай қарым-қатынасы ғана «қанын ішіне тартып» тұрардай емес пе?!. «Қыңыр, қияс» Әзімбайға да осы сөзді Әуезов лайық көреді. Мағаш пен Әзімбай...
«Әбді мен жолдастары мына сөзге ден қойып, орақтарын жерге түсірді, бірақ тастаған жоқ еді. Әзімбай қанын ішіне тартып сазарып тұр...». Абайдың уәжін ала келген Дәрмен мен Мағашты мойындағысы келмей, Абай мен Тәкежан сөзінің арасалмағын іштей де, сырттай да өлшеп, енді ісімен болмаса, сөзімен тістеп қалуға ұмтылған ызалы Әзімбайды «қанын ішіне тартып сазарып тұр» дейді. Мұнда сазару арқылы Мағашқа қыр көрсеткен Әзімбай бейнесін аңдасақ, келесі мысалда Абайға деген Оразбайдың ызасын қапысыз көреміз: «Асқан екен Құнанбай баласы. Тіпті, бұндай қорлықты Құнанбай да көрсеткен жоқ. Тегі, біздің өзіміз бұларды бұзып болған екенбіз. Құдайын ұмытқан екен мына Құнанбайлар. Тап осы жолы тұяқ серіппесек, бәрімізді де атаның әруағы атсын! Ит болайық, енді қыбырламасақ! – деп, Оразбай жалғыз көзін жалтылдатып, айнала қарап, қанын ішіне тартып сөйледі». Жалғыз көзі жалтылдап деген сөз бояуының қалыңдығына қараңызшы, қанша сезім, қанша мінез тұр сонда. «Ендеше, ей, Маковецкий, – деп алып, Оразбай жалғыз көзін оязға оқтала қадады» деген тұсы ше?!. Бұл тұста Оразбай «Рас, ояз сөзі бастан-ақ орынды. Заңға келсек біз тентек. Сотқа жіберсін, заңға келсін. Мақұл-ақ, бірақ мынадай бір өтінішке ояз да, сот та теріс деп қарсы шықпас дейміз! – деп, Оразбай қанын ішіне тартып алды. Қатты сұрланып, қатқыл үнмен көтеріле сөйледі». Жазушы «қанын ішіне тарту» мәселесін тұтас эпопея бойында Базаралы, Оразбай және Әзімбайға ғана қолданатынын жоғары айттық. Иә, бір эпизод бар, алайда сол жерде де алысқа ұзамай, Оразбайдың ет жақын ағайыны жайында айтады: «Сол орайда Тобықтының Оразбайы ғана емес, әсіресе бұның аталас туыстары, ұраны бір ет жақындары қанын ішіне тартып, түршіге дем алатын бір сөздерге ауысты».
Ал Базаралының тағы бір қаһарлы сәтін ел ішіне бөрідей араласқан екі жендетті Әбді мен Сержанға жықтырып, қолына дырау қамшысын алғанда көрсетеді Әуезов: «Шеш! Сыпыр шапаны мен көйлегін! Жалаңашта бөксесін! – деп, Базаралы тіп-тік қаздиып ап, қанын ішіне тартқан кәрлі жүзбен жауланып отыр. – Тамам кедейдің кешеден бергі көз жасы үшін, тым құрыса, сендердей жендеттердің көзін жойып кетейін!». Қиюы келіп тұрғанда қоса кетейік, «қанын ішіне тартып сұрланудан бірде-бір кем түспейтін тағы бір сұрлану жайы да осы Базаралыға қатысты қолданылады. Жігітек пен Бөкенші арасында дау тудырған, Оралбай мен Керімбаланың арасындағы албырт сезімге қорған болғандардың бірі де осы Базаралы еді, осы Базаралы Абайдың болысқанына, жас жүректер жағына ауысқанына да дән риза дәурен еді. Бұл сәт жазушы қаламынан «Сонымен Базаралы жас қашқындарды апарып, Шыңғыстағы Қараша-қойтасы деген қиын құздардың арасына жасырды да, оларға Абай жiберген қысырдың тайын сойып бердi. Өзi, белiне сапы асынып, тақымына шоқпар қыстырып, қолына емен қара найзаны ұстады. Жымда тосқан жолбарыстай боп, қой тасқа кiрер ауызда көлденең жортып, күзетiп жүрiп алды. Зор, балғын денесi бұл кезде қатайып, ширап алған, сондай шапшаң. Жүзiнiң қызыл нұры өшiптi де, долданғанда пайда болатын кескiн бiтiптi. Көгере сұрланып, суық томсарып, сазарып алған» деп төгіліп түседі. «Көгере сұрлану» – қанын ішіне тартып сұрланудан әсте әлсіз түспесе керек. Мұның тағы бір сыңары бар, ол да Базаралының жайын бейнелейді. Ол – көкшіл тартып сұрлану. «Абайға бәрінен сұмдық көрінгені Базаралы жайы. – Не дейді?! Не көкиді мынау әңгі соқырлар?.. – деп, қатты ашуланды. Базаралының өз жайын есітіп отырғаны осы болатын. Кейіс, реніштен түк белгі берген жоқ. Қайта сақ-сақ күлді. Абай мен Ербол таңқалып, мұның түсіне қарасқанда, көкшіл тартып сұрланған ыза көрді». Көгере сұрлану, көкшіл тартып сұрлану да Әуезов қаламымен Базаралыдан өңгеге қатысты жазыла қоймайды.
Осымен «қанын ішіне тартып» тұрған сөйлемдерден сырғақтай көшіп, сұрлану жайына қарай ойыса басталық. Әуелі Құнанбайдың сұрлануына қатысты тұстардың басынан ой суаралық.
Шәкірт Абайдың қаладағы оқудан ауылға алғаш келер сәті бар ғой, алып-ұшқан бала көңіл анасына қарай ұмтылғанда, «Әй, шырағым балам, әуелі аржағыңда әкең тұр... Сәлем бер!» деуші еді ғой. Бұл да бір бала тәрбиесіндегі даланың жазылмаған заңы іспетті мәні бөлек мезіреті. Оны жазушы «Абай жалт қарап барып жаңа көрді. Анадай жерде, қонақ үйдің сыртында, қасында екі-үш үлкен кісі бар – әкесі Құнанбай тұр екен. Ыңғайсыздықпен қысылып қалған бала, шешесінің сондайлық салқын сабырының мәнін ұқты да, әкесіне қарай тез бұрылды. Байтас пен жорға Жұмабай да анадайдан аттарынан түсіп жаяулап жетектеп, Құнанбайға қарай келеді екен. Бірақ өңі сұп-сұр, зор денелі, бурыл сақалды Құнанбайдың жалғыз көзі бұларда емес» деп береді. Әке баланы бауырына басты деп те жазбайды. Құнанбай – алып тау болса, бала Абай сол таудың етегіне келіп, ұшар шыңына көз салып, ұяла қарағандай. Әрі қарай, үй ішіне кірелік. Абайдан қаланың қызығын, оқудың жайын сұраған көп Абайдан өңге Құнанбай балаларын да айта бастайды. Міне, осы тұста ғана әкенің балаға деген сағынышы мен үмітінің зәредей ғана болмашы ұшқыны жылт етіп көрінеді. «Үндемей түйіліп, сұп-сұр боп отырған Құнанбай ол сөздерге көп шіміркенген жоқ. Қайта, теріс көргендей мойын бұрып, Абайға қарап: – Одан да, не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтсеңдерші! – деді». Жаман қарасын жиыла келген жақсыларға жанамалай танытқаны. Жорыта сөйлегені.
Екі жағдайда да, ұлын көргенде де, ұлы жайлы айтқанда да Құнанбай жүзі «сұп-сұр» еді деп суреттеледі. Бұл әке мен бала арасындағы қатынастың қазығы болар сезім, не сол сезім тудырған сұрлық емес, бұл – Құнанбайдың өз кейпі, өз қалпы. Оны Құнанбайдың Қодар мәселесінде Дәркембайға зілдене сөйлеген сөзінен де аңдауға болады: «– Не деп тантып отырсың, Дәркембай? Қодардың құнын сұра деп сенi маған жiберген қандай ғана Бөкеншi мен Борсақ? Аташы солардың аттарын! – деп кәрленгенде, Құнанбайдың бағана таңертеңнен бергi мүләйiм сопы, момын жүзi мүлде жоғалып кеттi. Бұрынғы жаулық, шабуылдар үстiнде көгерiп, түйiлетiн қатты ашуын қайта тапты. Бұл кезде ол, жыртқыш тағылардың тiстi, тырнақтылары болса, солардың гүрiлдеп шапқалы тұрған, iреп сойғалы тұрған қатал тағылық кескiнiне келдi».
Ал жалпы сезімнің екі басы, екі ұшында да Құнанбайдың қалпын өзгертпейтіні Бөжей жайынан анық аңғарылады. Мәселен, Бөжейді қонақ асыға шақыруға Құнанбайдың қырына ілігуден қаймығып отырған Алшынбайдың биік қырлы мұрнын көтере сөйлеген сәтіне назар салайық: « – Баймұрын өзі де тыржыңдап, өкпе сазын білдіргендей... – дегенде, Құнанбай басын тез көтеріп ап, Алшынбайға бұрылды. Алшынбай Құнанбайдың сұрланған жүзіне байыппен қарап: – «Бөжейді қонақ асыға шақырсам, Құнанбай жақтырмайды дейді. Енді менің қазанымды да Тобықтыға билеткені ме Алшынбайдың» деп, маған кінә тағады білем... – деді».
Бұл бұл болса, Құнанбайдың Бөжейдің өлімі жайлы қаралы суық хабарды есіткендегі күйі де осы: «Құнанбай қатты сұрланып алып, түрулі тұрған есіктен алыстағы көк адырға қадалып отырып, ернін жыбырлатты да, баяу ғана бата қылды». Ал «Зере жалын атып, зор күйінішпен күрсініп қойып, кесек-кесек жас ыршытты. Абайдың екі өкпесі аузына тығылғандай боп, тынысы бітіп, жүрегі қатты соғып кетті». Құнанбай өзгерген жоқ. Сол сұрланған қалпы. Құнанбай даланың өзіндей, дәуірлі үнсіз өткеріп, сұрланып жата береді. Қылтиған қылпықтың өзі қыбырламайтындай. Әкесінің сөзінің соңын тосқан Абайша, біз де құлақ тосалық: «– ...Қыбыр-жыбыр бар, білемін. Бірақ «онымыз жоқ» деседі екен ғой. Ал, сенейін. Сенемін деп, жаза шексем де сенемін! – деп, сұрлана түсіп, зілденіп, - құлақпен есіткеннің бәрін бекер дейін, көзбен көргенді ғана шын дейін. Көзім көргенше шыдайын. Мен деген дос! – деп, Құнанбай жалғыз көзімен қадала қарап, төрден босағаға шейін бір шолып шықты».
Ал Абайды не сұрландырады? Жанжалдан жанын аулақ салатын Ербол тартыншақ мінезіне басып, Абайдан көп жайды, Тәкежанның қатты сөзін, Жұмағұлдың қол ала жүгіруін жасырып отырса да, Абайдың сыралғы достың сырын ұғып қояр тұсында «Бірақ қазір оның ішіне іріккен үлкен ашуы Абайға ап-айқын боп білініп тұр. Жолдасына сырмінез болғандықтан Абай қазір айт деп қысқан жоқ. Тек жаңағының ар жағында жатқан басқа зіл бар екенін таныды да, аса қатты долданып кетті. Екі беті бір сұрланып, бір қарауытып, түнеріп алды. Азғантай уақыт шұғыл ойланып, Ерболға оқтай қадалып, кірпік қақпай түйіліп отырды да, бір сәтте атып тұрды» деген жолдарды оқимыз. «Екі беті бір сұрланып» «аса қатты долданып кетті» деп бейнелейді Әуезов.
Жалпы, эпопеяда Абайға қатысты сұрлану сөзін көп ұшырастыра қоймаймыз. Кезіккенінің кезеніп тұрған мінезден туғаны да осы ғана. Қалғаны шаршауды, жүдеуді, ойлануды білдіретін сұрлану. Мысалы, бір сағат қана көз шырымын алып, түн бойы тұтас дүние әдебиетінің гүл бағын шарлаған ақын «Парсы, түркi кiтаптары бұны бiресе Шираздың гүлзарына әкетедi. Самарқанның мазар ғимараттарына қадалтады. Мәру, Мешhедтiң миуалы, бұлбұлды бақтарына, салқын, самал хауыздарына үңiлтедi. Ұлы ақындар мекен еткен Ғырат, Ғазна, Бағдаттың сарайларына, медреселерiне, кiтапханаларына тартады. Осылардан бiр ауық орысша кiтапқа түскенде Орта-азия, Иран Араб жер-суы, шөл-құмы, қала-сауда тiрлiгiн айқын тани түскендей болады». Таң алагеуімінде «Сүртiнiп демiгiн жаңа ғана басқан Ұлжан Абай отырған биiк үстелге көз салып, баласының жайын түсiндi де: – Абайжан, осы сен түн бойы ұйықтамағанбысың? – деп баласының бетiне қарады. Абайдың өңi ақшыл тартып сұрланып, екi көзi қызарып тұр едi. – Жоқ, түн ортасында көз шырымын алдым ғой! – дедi».
Екі бетін кітап сорған көркем сәт. Ақ парақтай ақшыл боздық. Шам жарығы түбінен артпаса да, көз шарасына түгел тарайды, қызарта шаршатады. Бұл – жан сауығы, ой серуені, дүние рахаты. Осы сұрлану – сұлу сұрлану. Сұлулық, суық сұлулық кейде, рас, сұр болады.
Абайдың Дәркембай сөзін илана тыңдап, ұзақ толғайтыны бар ғой, «Дәркембай-ай! Жоқшылық пен жаманшылық ел iшiн кеулеген ғой. Сенiң көзiңдi, қыран көзiндей қырағы етiп, сол ашқан екен. Қазақтың сусылдаған дiлмары, су төгiлмес жорғасы, қызыл тiлден май тамызғаны неме керек! Шешендiк күшi шындық қой. Сенiң шоқтай күйдiрiп түсер жаңағы шыныңа қай Құнанбай, қай Сүйiндiк жауап айта алар едi. Жетесiнде азаматтық асылы бар жан болса, «бәрiн үйiп-төгiп, бiр Дәркембай жеңдi» демес пе едi!». Соның алдындағы Абайдың күйі «Абай Дәркембайдың сөзiнен аса қатты ойға қалып, бiресе қабақ шытып, сұрланып, бiресе күрсiнiп, тымағын қолына алады. Тынымсыз, қиналып отырған орнында қозғалақ қағады. Дәркембайға еңкейiңкiреп, тақай түстi» – осы күй. Мұндағы сұрлану да ойдың сұрлығы. Сұрқай ойдың емес, шымқай қызыл сезімнің емес, ақылдың, өзіне азап шектірер, шектірген ақылдың азабы.
Абайдың осы сұрлануынан Әуезов суреттейтін табиғаттың тосырқаулы бір көңіл күйін де көргендей боламыз. Психологиялық параллелизм әдісі дерміз. Абай есейген сайын оның қайғысы да, мұңы да есейе береді, ұлғая түседі. Абайды сәт сайын күңірентетін, алаңдататын, абыржытатын ой мен сезім аспан халінде, дала тынысында, уақыт демінде сезіледі. «Аспан күн сайын бір ауық кірбің тартып сұрланады. Кейде күнұзын, тіпті екі күн, екі түн ұдайынан сұр бұлт қаптайды. Тұман оралып, суық дүлей желге де айналады. Қалың бұлт көшкін салқын жауынға, ақ жауынға ауысқан күндер де болды».
Оспан мен Смағұлдың балалық базарында бақылдасып қалатын, шарт та шұрт болатын сәті аз емес еді. Қос інісін қосақтап сабайтын сәті бар Абайдың. Сондағы Смағұлдың бір жаман сөзі Абайдың жанына батушы еді. Анасын аяушы еді ғой. Міне, осы тұста ғана Әуезов «сұрлану» ұғымын Абайдың ашу-ызасының көрінісі мәнінде қолданады: «Жасақтасып, төбелескелі тұрған екі күндес ауылдай. – Ойпырм-ай, ана болғандағы ақылыңыз осы ма, кіші апа? – Жағаласпа, шығарма тіліңді! Бұлар бәйбіше, біз тоқал ғой... тепкі көрмекпіз ғой... Абай өз үйінде өз анасынан көрген мынадай әділетсіз зорлыққа жаман күйді. Сұп-сұр болып, булығып, дір-дір етті. Бірақ жылаған пішінін білдірген жоқ. – Түу, қойыңызшы, сіз қалай едіңіз? – деп қатты түңіліп терезе жаққа қарай бұрылып кетті. Сөз қатар мұршасы жоқ. Зере бұл жанжалдың бәрін естімесе де, Айғыздың шаптығып келген түріне қатты ашуланған екен. Абайдың күйген ажарын да танып еді». Сұп-сұр боп булыққан Абай, көз жасын ішке жұтып, қыстыққан Абайды көреміз. Ал сұрланған сәтте көздің жасы мөлтілдеп келген сәт те бар. Абай бұл жолы оны жасырмайды, көздің майын. Ол – Абайдың Мағаштың хатын оқыған сәті:
«...Ол ғазиз болып жатқан қайран ағам! – деген жерге жеткенде, Абай көзінен көзілдірігін жұлып алды. Өңі сұп-сұр боп кеткен. Екі көзі мөлтілдеген жасқа толы. Хат жолдары бұлдырап, көз алдында ерігендей, танылмай жоғала берді. Қос қолымен бетін басып, үнсіз отырып қалғанда, Дәрмен мен Кәкітай қатарынан жылап жіберісті».
Сұрланудың арғы жағында қандай ой, нендей сезім, нешік тағдыр тұрғанын анық сезіне алу үшін үзінділерді тұлдамай, тұтастай бергенді жөн көрдік. Алайда «Абай жолындағы» кісі кейпін мен сезімін әспеттейтін сұрлану ұғымын толық үзінділер мен мысалдар арқылы қамтып шығуды газет беті көтере қоймас. Сондықтан ұзына бойымен бірсыдырғы жүріп шықсақ.
«Оның ажарын сүймей, мойнын сырт қайырып, сұрланып отырған Дәркембай Бөжейдің күлкісін сезіп...», «Анда-санда Айғыз да кеп естуші еді. Ол Кәмшат кеткелі қатты жүдеу. Үлкен қара көздері аларыңқырап, барлық жүзі сұрланып ақшыл тартыпты. Шеке тамырлары көкшілденіп, әдемі жүзіне уайым көлеңкесі түскен тәрізді», «Бұл кезде Бөжейдің өз үйінің ішінде қара сұр бәйбіше шаршысын шорт байлаған. Қара шашын тарқатып, екі иініне жайып салған. Қан-сөлден айрылып, сұрланып талған жүзінде көк тамырлары білінеді. Екі бетінің ұштары жылап жыртқан тырнақтың табын сақтап, жарадар боп тұр», «Абай бұларға көз сала беріп, елең етіп, аласұрып қалды. Қамшысының бүлдіргесін саусағына ілген күйде, оң қолын шұғыл көтеріп қап: «Тоқтасаң нетті?» дегендей, өтініш айтқандай. Бірақ, үн қата алмады. Жүрегі лүпілдеп соғып, өңі сұрланып, әлсіз қолын шарасыз халде құла бестінің жалына сылқ түсірді», «Майбасар бұл үйге ашулы пішінмен кірді. Белін шешпей, көк елтірі тымақтың бір құлағын жымырайта киіп ап, қамшысын қос бүктеп, мықынына таянып отырып, Құлыншақтарға ызғарлана қарады. Түсі сұрланып, екі танауы желбірей түсіп, тентек көздері жиреніш отын шашып отыр», «Тоғжан алғашқы минуттерде қатты қысылып, өте ақырын амандасып, өзгеше қызарды. Бір кезде оның жүзі ағара бастап, сұрланып кетеді. Жүрек толқыны мен ұялу аралас. Барлығы да лүпіл қаққан шыншыл қанмен бетіне шығып, сыр айтып қайтады», «Оспан Шұбардың сөзiне бұрынғыдан да қытықтанып, ширай түскен екен. Үлкен, келбеттi жүзi сұрланып, шошақтау бiткен өткiр ала көздерi ызамен қанталай түсiп, Байкөкшеге суық қадалды», «Көкбай тамағын кенеп алған бойында, Абай мен Оязға кезек көз тастап тұр. Басында жүзi ұялғандай күреңiттi де, артынан жүдеңдеп, қуарыңқырап, ақсұрланып ап сөйлеп кеттi», «Тәкежан еңді қатты сұрланып, ызалана түсіп, Абайға анық зекіп отыр», «Сөзді доғар, босат жылқыны! – деп, шетінен сызданып, сұрланып ап тепсініп тұр», «Айша қайтадан қансырап, сұрланып есінен жаңылды», «Оразбай Уақтың аты аталғанда еліріп, сұрланып, қатты қозданып алды», «Мұрнының ұшына тері шып-шып шыққан екен. Бетінің азырақ шұбары қазір ала теңбілденіп, сұрланып алған бажыр сары Сәмен қатты ашудан қалшылдап кетті. Ендігі Абай сөзін тоспастан айнала жөнелді», «Бәрінің түстері сұрланған. Түтігіп, ыза кернеп, булығып келген кісілер», «Мағаш өзін бөтен көпшіліктің арасындамын деп андайтын. Сондықтан бүгін таңертеңнен бері ол оңашада жылайтын да, бөгде адамдар маңайласса, жасын тыйып, іштен тынатын. Үн жоқ, аппақ боп сұрланған жұқа жүзі де шөлмектей жүдеген. Өзі де ауруға бергісіз», «Әлденеден, белгісіз себептен Тоғжан пішіні қызара түсіп, қайта сұрланады», «Тап орталарында ерттеулі күйде бос жетектелген, кекілі күзелген, қара көк ат бар. Сол топтан әнтек кейін үлкен көштің алдын бастап келе жатқан сұп-сұр жүдеу бәйбіше екен. Басына жұқа қара желек жамылыпты», «Алғашқы бiр сұрауынан соң, Әйгерiмде үн жоқ едi. Күдiктi боп, шошына қобалжыған жүзiне бiр қызыл, бiр көкшiл қан ойнап шығып, бiресе талықсығандай, сұп-сұр болып кетедi».