Қоғам • 03 Тамыз, 2022

Синтетикалық есірткіге есіргендер азаяр емес

466 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Былтыр елімізде есірткі қылмыстары Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында, Алматы қаласында көп тіркелген. Жыл басынан бері тәртіп сақшыларының жедел әрекеттерінің нәтижесінде ашылған қылмыстар аз емес.

Синтетикалық есірткіге есіргендер азаяр емес

Алысқа бармай-ақ қояйық, 22 шілдеде ҰҚК Шекара қызме­ті Түркістан облысы «Жібек Жолы» өткізу пунктінде инс­пек­­циялық тексеру кешені және қызметтік итті қолдану арқы­лы көлік құралын тексеріп, 35 килоға тарта есірткі заттарын тәр­кіледі. Алдын ала болжам бо­йынша героин болуы мүм­кін. Атал­ған факт бойынша қыл­мыс­тық іс қозғалып, тергеу амал­да­ры жүріп жатыр.

ҰҚК Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті 26 шіл­де­де аса ірі көлемдегі психотропты заттарды сатуға қа­ты­сы бар күдікті А. есімді елор­далық тұрғынды ұстады. Про­цес­суалдық іс-шара барысында заңсыз айналымнан 1,5 кг «мефедрон», 1,4 кг «альфа-PVP» және 659 таблетка МДМА («экстази») тәркіленді. Күдікті әккі әрекетін жалдамалы пәтерде жүзеге асырып, интернет онлайн алаңы арқылы тұрақты түрде сатып келген. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша тер­геу жүргізілуде. Қылмысы дә­лел­денсе, 15 жылға дейінгі мер­зімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ал петропавлдық полицейлер есірткі зертханасы жұмы­сы­ның жолын кесті. Бүгінде синтетикалық есірткіні өндіру және өткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Күдікті – 20 жас­тағы қала тұрғыны. Оны ұстау кезінде өсімдік тектес зат са­лын­ған 8 полимер түйіншек тәркіленді. Тағы 52 түйіншек пен сұйықтық құйылған екі ыдыс Халтурин көшесі бойын­да­ғы тұрғылықты мекенжайынан табылды. Сараптама оның «спайс» деген атпен белгілі синтетикалық есірткі, сондай-ақ оны дайындауға арналған прекурсорлар екенін көрсетті. Күдіктінің айтуынша, есірткіні ол жеке пайдалану үшін сақ­та­ған. Тәркіленген есірткінің саны 200 реттік дозаға жуық, есірткі затының жалпы салмағы ша­мамен 8 грамм. Бұл аса ірі мөлшер санатына жатады. Оның үйінен респираторлар, грамдық таразылар, өлшеуіш колбалар мен синтетикалық есірткіні да­йын­дауға арналған басқа да құ­рылғылар тәркіленгенін атап өткен жөн.

Біздің мысал келтіргеніміз 2-3 оқиға ғана. Есірткі саудасына қатысты қылмыстар күн са­йын тіркелмесе де, күн сайын тәртіп сақшылары оның ізін кесу жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Байқасаңыздар, соңғы уақытта «ләззат шыңына» ұм­тылғандардың арасында син­те­­тикалық есірткілер сәнге ай­­налған. Былтырғы көр­сет­кіштерге көз жүгіртсек, синте­ти­калық есірткімен байланыс­ты құқық бұзушылықтар көп тіркелген өңірлер көшін Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Қарағанды облысы бастап тұр.

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев­­тың 2021 жылғы 1 қыр­күйектегі Қазақстан халқына Жолдауында есірткінің заңсыз айналымы бойынша бірқатар тапсырма берген болатын. Оған сәйкес, есірткі нарығындағы өзгерістерге жедел ден қою және заңнамалық деңгейде син­тетикалық есірткінің жаңа түр­лерін енгізу мақсатында бір­қатар заңнамалық бастамалар жүзеге асырылған. Атап айтсақ, аса қауіпті заттардың «қылмыстық» мөлшері 1 грамға дейін төмендетілді және оларды өткізу мақсаты болмаса да заңсыз сақтағаны үшін қыл­мыстық жауапкершілік кү­шей­тілді. Сондай-ақ прекурсорлар мен күшті әсер ететін зат­тардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті күшей­туді көздейтін заң жобасы әзір­ленген. 2022-2023 жылдарға ар­налған Жол картасының жо­басы қолға алынып, онда шетелде өндірілген есірткінің әкелінуіне, олардың ел ішінде таралуы мен өндірілуіне жол бермеу, есір­ткіге тәуелділерді емдеу және оңалту шаралары көз­дел­ген.

Сандарды сөйлетсек, былтыр ішкі істер органдары 2 384 есірткі қылмысын, оның ішінде 1 436 сату, 407 аса ірі көлемде есірткі сақтау фактісін анық­та­ған. 17 есірткі зертханасы жойылған. Заңсыз айналымнан 14 тоннаға жуық есірткі тәркіленді, оның ішінде 450 кило гашиш, 10 тонна марихуана, 5 кило героин және 142 килодан астам синтетикалық өнім бар. Биыл сәуір айына дейінгі деректерге көз жүгіртсек, 695 есірткі қыл­мысы анықталыпты. Оның ішінде 472 сату, 133 аса ірі кө­лем­де сақтау фактілері тір­кел­ген. 8 есірткі зертханасы жойылды. Заңсыз айналымнан 1 тоннаға жуық есірткі алынды. Атап айтқанда, 260 кило гашиш, 658 кило марихуана, және 42 килодан астам синтетикалық зат табылған.

Айта кету керек, Қазақстан БҰҰ-ның есірткіге қарсы бар­лық үш конвенциясының қаты­су­шысы бола отырып, осы сала­дағы өзінің халықаралық мін­деттемелерін практикалық және заңнамалық деңгейде жүзеге асырады. 2019 жылы жаңа психобелсенді заттарды бақылауға енгізу механизмін айтарлықтай жеңілдеткен нормалар енгізілді. Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасы бойынша есірткіні интернет арқылы тарат­қаны үшін қылмыстық жауап­кершілік күшейтілді. Есірткіні жарнамалау мен насихаттағаны үшін, оның ішінде графити-суреттер мен QR-кодтар арқылы жауапкершілік көзделетін қыл­мыстың жаңа құрамы ен­гі­зілді.